Ақын Алмас Темірбай поэзиясындағы балладалар

7 февраля 2019

Алмас ТемірбайҚазіргі кезде қазақ өлең өнерінің саласы мен сарыны жан-жақты толысып, жанры мен тақырыбы, түрі мен тегі, ырғағы мен интонациясы жетілген. Баллада жанрының табиғаты ақыннан үлкен шығармашылықты талап етеді. Шап-шағын көлемнің ішіне сюжет енгізу, оны драмалау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан да болар, көп ақын балладамен «басын ауыртқысы» келмейді. Себебі баллада – поэзияның биік мәдениетін, озық құрылымдық түзілімін айқын айғақтайтын жанр.
Алмас Темірбайдың ақындық қыры баллада жанрында ерекше көрініп жүр. Оның шығармашылығында осы жанрда жазылған «Ең әдемі фотосурет», «Ажырасу туралы баллада», «Адам», «Құдайберген туралы хикая», «Кешірім» т.б. өлеңдері көптеп кездеседі.
Мәселен, махаббат тақырыбына жазылған «Кешірім» өлеңінде екі жастың өзара түсініспеушілігі сөз болады. Үйіне бірнеше сағат кешігіп келген жігітті қалыңдығы: «Маған деген махаббат сенде өмірі болмаған, Кет, көрінбе көзіме, өтірікші оңбаған!..», – деп қарсы алады.
«Кері итерме қолымды адалдықпен ұсынған,
Араздығын үш күннен асырмайды мұсылман.
Қызы едің ғой сен де бір ұлағатты атаның,
Білесің бе, қазақтың мынадай бір мақалын:
«Атаңның да құнын кеш, келсе алдыңа айыпты», – дей келе, кешігіп келген себебін түсіндіреді.
Негізі, қазақ халқының ұғымында әрбір сөз тиісті мағына білдіреді. Кейіпкердің имани, ары таза адам екенін іс-әрекеті мен «мұсылман қауымның пайғамбары», «Ғалейһиссалам Мұхаммед хазірет», «сабыр», «хадис»,«кешірім», «жұмақ» сөздерінен-ақ байқаймыз.
Кейіпкердің ақындық жаны өмірдегі түрлі құбылысты ақынша қабылдауы екінші орынға қалып, азаматтық болмысы алдыңғы орынға шығады.
Баллада жанрына тән белгілердің бірі – балладашы-ақындардың өз туындыларын аңызға негіздеп жазуы. Аталмыш шығармасында А.Темірбай Ғалейһиссалам Мұхаммед хазіреттің Хасан, Хұсейін ұрпағының басынан кешкен аңызға барлау жасау арқылы адам бойындағы асыл сезімдерді шебер көрсете білген.
«…Сәуле болса санаңда сөз төркінін ұғарсың,
Мүмкін, менен кешірім сен сұрайтын шығарсың???», –
деп шығарманы тосыннан аяқтайды.
Өлеңнің өн бойын өзектеп, қатерлі қалпымен аяғына дейін шиеленістіре түсетін драматизм де күшті. Негізінде, баллада жанрының табиғаты – жалпыхалықтық мәселелерді емес, адамның жеке басының, отбасы төңірегіндегі тақырыптарды қамту, оның ішінде психологиялық коллизиялар мен жеке адамның жан дүниесіндегі астасып өрбіп жатқан терең тебіреністерді суреттеу. Осы жағынан келгенде, А.Темірбайдың «Кешірім» өлеңі баллада жанрының талаптарына толық сай демекпіз.
«Ең әдемі фотосурет» атты балладасы да махаббат тақырыбына арналған. Бір тақырыпты қайталай жырлағанымен, ақын оған әр қырынан келіп, сырын өзгеше аша біледі. Өлең ырғақтарын да құбылтып, жандандырып жіберетін сияқты.
«… Қайшы. Желім. Қағаз. Сурет. Ескі альбом.
Ескі альбомда – өткен ғасыр… жас дәурен».
Баяндау тәсілі кейіпкер өмірінің сезім қозғалысының интонациясын, динамикасын танытарлық жалқы есімге айналған сөздер арқылы беріледі. Кейіпкер оқиғасы өткен күндерді қозғаудан басталады:
«Мынау – сені күткен кезім сарылып,
Мынау – сені жүрген кезім сағынып.
Сағыныштан сарғаяды-ау сурет те,
Сосын, ол да қараяды-ау қамығып…».
Ал бүгін:
«Көргенімде кейде сені сыртыңнан,
Көз дірілдеп, қарашыққа мұң тұнған.
Екеуіміз – екі бөлек суретпіз,
Абайсызда ортасынан жыртылған… ».
Екі әлем, екі сана, екі дүние қайшылығы қатар дамиды.
Өмірдің тылсым суреттерін, тұңғиық иірімдерін жан-жүрегімен сезіне отырып, жаны нәзік ақын эвфония (дыбыс, сөз қайталау) тәсілін қолдану арқылы жеткізеді:
«Сенің бейнең – жанарымда сақталған,
Сенің бейнең – жан-дүниемді ақтарған.
Сенің бейнең – өң мен түстей бір әлем,
Ащы естелік, қышқыл сезім, тәтті арман…».
Жалпы, теңеу, эпитет, қайталаулар балладаның ерекшелігін арттыра түседі.
Ақын «тағдыр», «сүйіктім», «жарты бақыт», «жарты бақ», «қолым қалтырап…» сөздері арқылы жылдар бойы жанын қозғап, жүрегінен орын тепкен асыл сезімін, іштей түлеп жатқан сағынышын, өлеңмен өрнектеп сыртқа шығарады. Шағын ғана өлең бойына кейіпкердің бар ғұмыры сыйып кеткендей.
«… Бізді бірге түсірмеді-ау суретке
Өмір дейтін фотограф, пәтшағар… ».
Ақын өмiрдегi жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, үміт пен күдік, махаббат пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік сияқты кереғар ұғымдарды көркем тiлiмен айшықтап, суреттеп бередi.
Ақын А.Темірбайдың «Ажырасу туралы балладасын» үздік туындылар қатарына жатқызар едік. Тақырыбы – отбасы, ошақ қасындағы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы. Ықылым заманнан етегін кеңінен жайған бұл мәселе – осы күнге дейін шығармалардың басты тақырыптарының бірі болып келеді.
Қазақ поэзиясында ұлттық суреттіліктің үздік үлгілері әйел образына байланысты да туып отырған.
«Жасқа толып жүрегі, жаны жасып,
Безді ме екен басынан бағы қашып?!
Бауырына басатын жан қалмапты,
Ауылына келгенде ажырасып…», –
деп басталатын балладасы әйел тағдырына арналған. Хадистегі: «Әйел бойынан өрескел мінез танысаң, оған ері кінәлі», – деген қағиданы ұстанған болар, күйеуімен ажырасып туған үйіне келеді.
«Осы қызды мақтайтын ел әуелі,
Ар-намысы бәрінен жоғары еді.
Болғаны ма ең сорлы бейшарасы,
Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?!» –
дей келе, ауылдастардың күлкісіне қалған келіншектің аянышты бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Тіршіліктегі құбылыстарды терең, жан-жақты түсінген ақын әрбір қазақ қызына құлаққағыс етіп, анасының монологі арқылы көркемдік түйін жасайды:
«Ұрысса да, ұрса да күйеу бала…
Болу керек күйеуің – біреу ғана!».
Автордың бұл қозғаған тақырыбында үлкен пәлсәпа, өмірдің мәні жатыр. Ғасырлар бойы адамзатты сан түрлі ой мазалайды. Кейіпкердің жан күйзелісі, ішкі психологиялық коллизия, бақытсыз күйі, аянышты халі оқырманды тебірентпей қоймайды. Мұнда ақын адамның тіршілік негізін, өмір құбылысының ішкі сырын ашуға талпынған.
Туынды баллада жанрына тән 11 буынды өлең а – а – б – а ұйқасымен жазылған:
«Жұрттың сөзі жүйкесін қажалады,
Жек көргендей о, неге жазалады?!
Ішіп алған жездесі жұбатқан боп,
Жамбасынан сипалап, мазалады…».
Өлең құрамындағы «Өз қызына жамандық тілей ме ана?!», «Қызы еді ғой ауылдың ең әдемі?!», «Осы ма енді көретін күні мәңгі?!», «Қатты болып кеткен бе апам дағы?!» сияқты риторикалық сұрақтар – балладада сирек қолданатын тәсіл. Оны да ақын ұтымды пайдаланған.
Шығарманың ең қызығы оның аяқталуында берілген:
«Сандырақтап атырды-ау таңды мына,
Тәубе деді ол сосын тағдырына.
… Ояна сап күйеуін сүйіп алды,
Түсі екен ғой осының барлығы да… », –
деп тосын бұрылыс жасап, оқиға күрт үзіліп, оқырман кейіпкерімен бірге «Уффф… », – деп терең күрсінеді. Тосын сюжеттік драматизм таңдай қақтырмай қоймайды
Егер де балладаның жанрлық сипатынан туындайтын талаптарды еске алсақ, шапшаң қозғалысты баяндай отырып, сол арқылы ақын өз ойын айтады. Баллада оқиғасы – бір ғана сюжетке құрылып, көркемділігі жағынан драмаланған оқиға болуы шарт.
Шынымен-ақ, балладашы-ақындардың алдындағы міндеті – көлемі жағынан неғұрлым шағын шығармада іс-әрекетті әсерлі баяндау арқылы оқырманын рухани кемелдендіру, оларды өмір сүруге, өзін-өзі тануына, болмысты парықтауына жәрдем ету.
Осы сипатта ақын Алмас Темірбайдың балладалық туындылары ұтымды шыққан.

Рамазанова Жанар
Е.А.Бөкетов Қарағанды мемлекеттік университет


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика