Ақтөбелік келіншек баласын 60 мың теңгеге сатқан

6 апреля 2017

Туған перзентін 60 мың теңгеге сатып жіберген Жанна Ақаласованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбелік келіншек перзентханадан шыға сала сәбиін Дина Досақоваға ұстатып жіберіпті. Ол баланы көптен бері бала сүйе алмай жүрген ұлы мен келінінің қолына тапсырған. Бұл іс Ақтөбедегі Ювеналды сотта қаралуда.

Перзентін саудаға салған Жанна Ақаласова ҚР ҚК «Кәмелетке толмағандар саудасы» бабы бойынша айыпталуда. Іс материалдарында оның бұрын тұрмыс құрмағаны және екі баланың анасы екендігі көрсетілген. Тұңғыш баласын 2009 жылы дүниеге әкеліп, сәбилер үйіне тастап кетеді. Екінші перзентін 2017 жылдың қаңтар айында босанып, жат адамның қолына тапсырған. Алайда ол өз кінәсін мойындаудан бас тартып отыр. Айтуынша әу баста баланы сату туралы мүлдем ойламаған. Кездесіп жүрген жігіті алдап кеткен соң жалғыз өзі асырай алмаймын деп қорқыпты. Сәбилер үйіне тастап кеткісі келмей, танысы Данагүл Өтешова арқылы бала асырап алғысы келетін отбасыға бермек болады. Заңгер арқылы баладан бастарту қағазын да жазып береді. Ал олар болса Жанна Ақаласоваға көмек ретінде 60 мың теңге берген. Бұл қаражатты Жанна мен Данагүл өзара бөлісіп алыпты. Кейін бұл ісіне өкінген Жанна Ақаласова баласын кері қайтарып алғысы келіп полицияға арыз жазған. Артынша өзі істі болып отыр.
Айыптаушылардың айтуынша, әу баста Жанна мен Дина Досақованың арасында өзара келісім болған. Яғни бала саудасы туралы сөз қозғаған. Алайда баланы бауырына басқан азаматтар бұл айыптаумен келіспейді. Олар қазақтың баласы жетім қалмасын деген ниетпен осындай қадамға барғандарын айтуда. Ал ақшаны жаңа босанған анаға көмек болсын деген мақсатта ұсыныпты.
Қазір үш айлық сәби «Үміт» сәбилер үйіне тапсырылған. Егер айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика