Ақтөбе өңірінің хандық дәуірдегі әдебиеті

2 Тамыз 2018

545872364159785Қазіргі Ақтөбе өңірі ертеде тоғыз жолдың торабы болған, батысында Ресеймен, оңтүстігінде Орталық Азия елдерімен шектескен. Ілгеріде Ноғайлы Ордасымен, Астрахань хандығымен аралас-құралас жатқан. Негізінен Алшындар тұрған. Жыраулық поэзияның аса ірі өкілдері Шалкиіз бен Жиембеттің Алшындардан шыққанын ескерсек, бұл өлкенің әдебиетінің тарихы әріде және айбынды екенін бірден бағамдау қиын емес. Берідегі осы өңірде туған «Айман-Шолпан», «Бекет батыр» жырларының өзі-ақ рухани қазынасының қандай екеніне өлшем болғандай.
Хандық дәуірдегі әдебиетіміз «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосынан бастау алады. Ғалымдардың айтуынша, туынды ХV ғасырда шығып, ХVІ ғасырда қалыптасқан, әбден кемеліне келген. Академик В.М.Жирмунскийдің жазуынша, бұл эпосты Ақтөбенің даңқты эпик ақын-жыршылары Шапай Қалмағанбетов, Айса Байтабынов, Нұрпейіс Байғанин жырлаған. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында «Едігенің жалы» деген жер бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, атақты Едіге батыр мұнда кеңес құрған. Оған арнап салынған үйдің орны әлі күнге дейін сақталған. «Алып ана бейіті» деген бейіт бар, мұны Едігенің анасының бейіті екен дейді.
«Едіге» эпосын күллі түркі халқы төбесіне көтерді. Әйгілі жыр өзінен кейінгі түркілер поэзиясына зор ықпалын тигізді. Мұны нақты мысалдар арқылы көрсету қиын емес. Эпостың ұлттық версияларының бірі, татар нұсқасында:
И Идел-йорт, Идел-йорт,
Идел эче имин йорт,
Атам кияү булган йорт,
Иелеп тәзем кылган йорт,
Анам килен булган йорт,
Иелеп сәлам әйткән йорт,
Кендегемне кискән йорт,
Керем-коным юган йорт.
Қазтуған жырауда:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
…Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт.
Ұлттық версиялардағы Кеңжанбаймен жауаптасу кезіндегі Едігенің аузынан шыққан кестелі сөздер өте айшықты болып келеді. Мұндағы:
Қарағайдан берік біткен терекпін,
Басымнан дауыл ұрса теңселмен.
Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,
Балталасаң айрылман.
Еменге айыр біткен бұтақпын,
Еңкейіп келсем оңдырман, — деген бедерлі жолдар өзінен кейінгі жыраулар мен ақындарға үлгі-өнеге түрінде ықпал етті. Мәселен, қазақтың он жетінші ғасырда өмір кешкен ақыны Ақтанберді Сарыұлы:
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталасаң да айрылман, — дейді .
«Едігенің» ұлттық версияларының бірі, ноғай нұсқасында:
Кеселтек кара булытпан,
Уьстинъе бир явмайын ашылман.
Ак тенъиздинъ ашшысы ман,
Арбалап секер сепсенъ-шоршыман.
Боз агаштынъ бегимен,
Булытка етпей шорт сынман.
Куьлтиреп соккан ясынман,
Лавлап янган шыракпан,
Ашувлансам-шорт уьзилген болатпан — делінсе,
Махамбетте:
Қайнаған қара бұлттай
Қарсы біткен жүрегім….
Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан…
…Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,
Кәр қылар деп тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрман, — деген жолдар бар.
Эпостың туған уақыты мен Махамбеттің арасы төрт-бес ғасыр. Арадағы жыраулар поэзиясын қазбалай тексерсеңіз мұндай ұқсастық, дәстүр сабақтастығы іздері табыла береді.
Атақты Доспамбет жыраудың ұрпақтары қазіргі күні Ақтөбе жерінде өмір сүріп жатыр. Доспамбет жырларында үш жерде өз кіндігінен болған ұлдарының аты аталады:
Білмеймін мен жаман күн,
Болатсыз қылыш кесерін,
Айналасы алты жылдың ішінде
Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін (Бес ғасыр жырлайды, 32-б.).
Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның… (Сонда, 32-б.)
Есақай, Қосай екі ұл
Алдыңызға жыр құшақлай,
Жылап шықса не айтарсыз? (Сонда, 34-б.).
Ауызша айтылып, көп жылдардан кейін хатқа түскен жырда ауытқушылық болмай тұрмайды. Үнемі «екі ұл» дей келіп, бір жерде үш ұлдың, ал ұзын-ырғасы төрт ұлдың аты аталады: Есақай, Қосақай, Қосай, Досай. Доспамбеттің өзі «екі ұл» деп анық көрсеткен. Дұрысы сол болса керек: Есақай мен Қосақай.
Бұлай деп тұжырымдауымызға кейінгі кездің қосалқы деректері мұрындық болды.
Филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағанбетов Шалқар ауданының «Шалқар» газетінде 1996 жылғы 16-шы қазандағы санында жариялаған мақаласында Башқұрт ғалымы, «Шора» журналының редакторы Риззаддин Факреддиннің «Асар» қолжазбасында Қазақай туралы мына дерегін келтіреді: «Мұхаммед би Ғали Әл-Дағстани. Қази Ақай ахун. Қазақай ахун. Қазақстанда 1796 жылы опат болған. Дағстан ұлық ғалым болып, қазылық қызмет істеген. Дағыстаннан Россияға сүргінге жіберілген. Одан құтылғасын, Пугачев көтерілісі уақытында Қазақстанға қөшкен (Научный архив АН Республики Башкортстан. Фонд №7. №1 ед.хр. №19)».
Белгілі зерттеуші Һәм жазушы Ғ.Ахмедов өзінің «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Қосақай мен Исақай» атты мақаласында: «Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы елдің бір бөлігі Шекті ішінде Қабақ аталады. Сол елде өткен ғасырда жасаған бір белгілі адам 1862 жылы маусымның 10-да Орынбор қазақтарының басқармасына жазған хатында сол елдің ішінде Айшуақ хан болып тұрған кездерде келген «қашқын татар» – Қазақай, оның баласы Мұхамбетжанның жергілікті елмен құдандалы-жекжат болып араласып кеткенін, қазірде олардың ұрпағы 21 шаңырақ болғанын, осы күндері елді, олардың ішінде Есет пен Нияз биді де «орыстарға бағынбаңдар» деп және сол татарлардың біреуі сары тысты кітапты көрсетіп «орысқа қарсы болғандардың барлық күнәсі кешіріледі» деп азғырып жүргендерін жариялайды. Бұл жайды тексере келіп, Кіші жүздің Орта Ордасының сұлтан правителі Мұхамеджан Баймұхамедов 1863 жылы 25 мартта Қазақайдың баяғы Нұралы хан заманында Кавказ жақтан – Кубаннан әлденендей бір қылмысы үшін айдалып келгенін, Мұхамеджан соның баласы екенін, Қазақайдың ұрпағы бұл күнде қазақпыз деп жазылып, үй ақшаларын мезгілінде төлейтіндерін, орыстарға қарсы ешқандай үгіт жүргізбейтіндерін айтып жауап қайырыпты», – дейді.
Ғалым ақсақал ел арасындағы кәрі көз, көне құлақтардан сұрап білсе, олар бұл әулеттің шежіресін сайрап береді. Қазақай, Исақай деген екі ноғай қашып келіп, қазақ арасында молда боп, тұрып қалғанда, Исақай еліне кері қайтады. Екіншісі Шалқар өңірінде аты құрметке бөленіп, «Қазақай ахун» атанады. Ғалым ақсақал осы Исақай мен Қазақайды Доспамбет жыраудың ұлдары Есақай, Қосақай деп біледі. Көңілге қонымды уәжге ұйымасқа лаж жоқ.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Теке (Орал) қаласында Мырзалы дегеннің үйінде кердері Әбубәкір мен Нұрым ақын айтысады. Сөзді Нұрым бастайды:
Мен келдім Мырзалының ордасына,
Жолықтым қасындағы молдасына.
Әркімдер жүйрік жігіт дегеннен соң
Көңілім тоқтамады бармасыма.
Жолықпай бұл қазағым жүрген шығар
Кесетін қорғасынды алмасына.
Қазақай арғы атам ақын болып,
Ол дағы ерген екен хан қасына!..
1722 жылы Қазанда «Қазақтың той бастары» деген кітап басылып шығады. Сондағы Сабыр ақынның бір жол шумағында:
Қазақайдың тұқымы,
Ақын Нұрым баласы,
Сабыржан жырау аталған, —
делінеді.
Қосақай тұра-келе Қазақай атанған. «Қырымның қырық батырының» көптеген нұсқалары қазақ арасына осы Қазақай арқылы жеткен. Қазақай оларды әкесі Доспамбет жыраудан үйренген.
Қазақайдың ұрпақтары қазір Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Ақтөбе қаласында тұрады.
ХVІ ғасырда ғұмыр кешкен Едіге ұрпақтары Қарасай мен Қазиға байланысты «Қарасай-Қази» тарихи-қаһармандық эпосы бар екені барша қазаққа мағұлым. Себебі ол қазақтардың ең сүйікті жырларының бірі. Отызға тарта нұсқасы бар. Оның біреуі Н.Байғанин нұсқасы болса, екіншісі Нұртуған нұсқасы. Айса жырлаған нұсқа да бар-ды деседі. Ең қызығы, осы таңғажайып жырдың ең басты екі кейіпкерінің бірі Қарасайдың асыл сүйегі Ақтөбе қаласының іргесінде жатыр. Қарасай жырдағы:
Мен қас асылдан болармын,
Күркіресем күндей соғармын.
Мен буырлша аттан мықтымын,
Бұғалық салсаң үзермін.
Мен буыршыннан мықтымын,
Мұзға салсаң мұңайман.
Мен толарсақтан қисықпын,
Тезге салсаң түзелмен.
Мен ашылмас қара тұманмын,
Көлденең жатқан қара шұбар жыланмын, — деп шамырқанатын хас батыр.
Ақтөбе өңірі — артында өлмес сөзі қалған Асан қайғы, Қазтуған жыраулар шарлаған, қоныс еткен қасиетті топырақ. Ұзындығы 250 шақырым, ені кей тұста 15-20 шақырымға жететін Ұлықұмды жарып өткен «Ноғайлының жолы» дейтін жолдың сорабы әлі күнге дейін сақталған. Қазтуғанның өзіне қараған ұлысы, тағы қаншама ауыл-аймақ Асан тапқан Жерұйықты бетке алып төңкеріле көшкен екен дейді тарихи аңыз.
Тек аңыз емес, шындық сөздер де бар, соның бірі Ақтөбе топырағының атақты ақындарының бірі Ақпан Әйітпекұлынан (1837-1874) қалған.
Нешелер ноғай бүлген жоқ,
Көк Жайықтың өрінен;
Нешелер орда көшкен жоқ,
Еділдің иір төрінен…
…Атамыз ноғай тастаған,
Еділ мен Жайық, Сақмарын, — дейді.
Жалғыз Ақпан емес, Қазтуған өнегесі, өнері талайларға азық болған.
Жиембет жырау Бортоғашұлы XVI ғасырдың соңғы ширегі, ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүреді. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұқымынан шыққан Жиембет Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін атқарады. Есімнің көрші хандықтармен арадағы соғыстарына қатысады, ерлігімен, іскерлігімен танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылы ойраттармен арада шыққан соғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы Қазақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз алдына тәуелсіз хандық құрғысы келген Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дербес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Бір деректерге қарағанда, Жиембет қазіргі Ойыл ауданы территориясында өз ордасын тіккен.
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім, — деген.
Немесе:
Менің ерлігімді сұрасаң
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай, — деген сөздері Жиембеттің еңіреген ер екенін ғана емес, нағыз сөз шебері екендігін де толық аңдатса керек.
Ақтөбелік Мөңке (1675-4756) өз заманында би, ірі қоғам қайраткері, жырау, Асан қайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған адам. Мөңкенің есімін балқы Базар жырау, Нұрпейіс Байғанин, Сарышолақ ақын жырға қосқан. Ғалымдар арасында Мөңкеге алғаш назар аударған Ахмет Байтұрсынұлы еді, ғұлама 1926 жылы өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» дейтін кітабында Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына куәлік береді.
Мөңке — жырау. Төмендегі «Шекті Мөңке би Шеркеш Түрке би, Тана Нүрке билермен кеңесіп отырып айтты» деген философиялық толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі айқындап бергендей. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен ұштастыра, дәл баламалар тауып суреттеуі жыраулық өнердің үздік үлгісін аңдатады.
Мөңкенің бұл толғауында:
…Қырға боран бораса,
Нуға боран борар ма?
Ел шетіне жау келсе,
Халық үстіне дау келсе,
Жамандайын жалтаңдап,
Ер жігіт қарап тұрар ма?
Арғымақтың алдына,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарар ма?
Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса,
Кілегей мұздан таяр ма?
Жақсы алдына сөз айтсаң
Жабығып сөзге тояр ма?
Күндердің күні болғанда;
Басыңа қиын іс болса,
Жалғасып өскен жақыннан,
Жақсылар басын аяр ма? — деген жолдар бар.
Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге етене таныс: «Орай да борай қар жауса, Қалыңға қар борар ма?» деп басталатын толғауын еске салады. Сондай-ақ «Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқанында»:
Арғымақ дейтін жығылар,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Арғымаққа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма? — деген жолдар бар екені қазақ тілінде сауат ашқандарға тегіс мәлім. Махамбеттің жыраулар поэзиясын тегіс меңгеріп, дәстүр сабақтастығын берік сақтағаны мәлім. Мөңкені де білген.
Хандық дәуірдегі әдеби үлгі Ақтөбе өңірінде кейін де өз жалғастығын тапты, оны ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ақпан Әйітпекұлы, Сарышолақ Боранбайұлы сияқты жауынгер ақындар жалғастырды.

Жұбаназар АСАНОВ,
филология ғылымдарының докторы.
Ақтөбе қаласы.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика