Ақша тарихы

10 февраля 2019

Ақша тарихыОсы заманғы адамның өмір сүруі мен әрекет етуінің ажырамас құралдарының бірі – ақша. Ауа мен су қаншалықты қажет болса, ақша да адамға соншалықты қажет. Алдыңғылардың бәрі – Құдайдың берген несібесі болса, ақшаны адам қолдан жасайды, бірақ маңызы олардан бір де кем емес. Өйткені, ақша – тамақ, ақша – киім, ақша – денсаулық, ақша – білім… Бәр-бәрі ақша. КСРО-ның идеологиясы ақшадан тежелуге, құмар болмауға, елікпеуге үндесе, қазіргі өмірде ақшаны мол тап, барынша көп ал дейтін идеологияға жерік болдық. Бұл да дұрыс шығар, тек әйтеуір ақшаға құл болмасақ болды. «Бәрін ақша шешеді», деп айғайлайтын да замандастарымыз бар, алайда бұл философияның ұшқарылығын дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Өйткені, ақша адамзат үшін материалдық демеу болғанымен, ешқашан рухани құндылық болмайды. Сондықтан, оның қарымы шолақ…

Ақшаның алғашқы адымдары

Біз бүгін осы ақшаның КСРО-ның кезінде және одан бұрын өмірімізге қалай енгені, қандай күйлерге ұшырап, қанша рет ауысқаны туралы әңгімелемекпіз. Өйткені, оның құдіретін ғана емес, шығу тарихын, өткен жолдарын да біле жүрген абзал.
«Аузы жоқ, мұрны жоқ, Аяғы жоқ, қолы жоқ Ақша деген зат шықты», деп шүу дегеннен алдындағы ақтылы қойы мен алалы жылқысын мыңғыртып айдап кетуге шамасы келетін ақшаны қазақ байлары жек көрген. Алғаш рет орыс ақшасы қазақ даласына ХІХ ғасырдың басынан келе бастаған. Ал орыс жеріне ақша Алтын Орданың қоластында болғанда келген. Күмістен, мыстан құйылған құйма тиындарды «пұл» деп атаған, бұл ақшалар Алтын Орданың барлық аумағына тараған. (Қазақ кейде оны «бұл» деп атайды, қымбат дегенді «бұлды» деп атайтыны содан). Оның бетіне номиналды көрсеткіші мен сол кездегі ханның аты және оған мадақ жазылған. Мысалы: «Әз Жәнібек әділ хан». Осындай ақшалар қазба жұмыстары кезінде Ресей аумағынан көп табылған. Тіпті, бір-біріне ол кезде бағынбайтын княздіктердің басшылығында болған орыс қалалары да өз ақшаларын алдымен осылай құйып, «пұл» (пул) деп атаған. Ал кейін оның атауын «деньги» (бұрын «деньга») деп өзгерткен. Бұл сөздің төркіні де түркілік «теңге» екені мәлім. Қазақ даласы күні бүгінге дейін ақшаны ішінара «пұл» дейтінін білеміз. Оның мағынасы сол, Алтын Орда болып тұрған кезімізден қалған сияқты.
Қағаз ақша шықпай тұрғанға дейінгі тиын­дардың атауы: «пулушка» (осы «кішкене пұл» деген сөзден шыққан болуы керек), «копейка» (қазақша тиын дейтініміз осы), «грош», «алтын», «пятак», «гривенник», «полтинок», «рубль». «Рубль» деген сөздің этимологиясы орыстың «рубить», яғни «шауып бер», «үзіп бер» дегенінен алынған. Ақшаны тұтас бермей сығымдап жұмса дегеннің мағынасы сияқты. Ал «грош» деген екі тиын, «алтын» үш тиын. Орыстың «не было ни гроша, да вдруг алтын» деген мақалы осыдан қалған. «Копейка» деген сөздің өзі алғашқы тиындарда найза ұстаған батыр бейнеленгендіктен қалған. Орысша найзаны «копье» дейді ғой, ал оның суреті бар тиынды «копейка» деген.
1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған соң әлі де екі жыл бойы Қазақстан КСРО-ның ақшасын қолданғанын білеміз. 1993 жылдың шілдесінде Ресей Федерациясы көршілеріне ескертпей өзінің жаңа ақшасын шығарып, ескі ақшаның тек қазан айы­на дейін айырбасталатынын жария­лады. Қараша айында Қазақстан да өз ақшасын айналысқа енгізіп, рубль аймағынан шықты. Осы екі ортада Қазақстандағы гиперинфляцияның шегі 4 мың пайызға дейін көтерілгені есте. Өйткені, Ресейде жарамсыз болып қалған 1961 жылғы үлгідегі Кеңес ақшасы елімізге ағылған еді. Әйтеуір төл теңгеміз енгізіліп, экономика тұрақтануға бет алды.
Осындай сұмдықты өкімет басына келген большевиктер де басынан кешкен. Ақша-несиелік жүйенің құлдырауы патшаның Бірінші дүниежүзілік соғыста ауыр шығындарға ұшырап, экономикасы күйрете соққылар алуымен бас­талған. Мемлекеттің шығындары шамадан тыс артқанда амалсыздан көп шығарылған ақша құнсыздана түседі. Ақырында қобыраған қағазға айналып қалғанын орыс ақшасы бастан кешкен.

Уақытша өкіметтің уатулары

1917 жылғы буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің нәтижесінде мемлекет басына келген Уақытша өкімет патшаның ақшасын бұрынғыдан да көп шығарып, ақшаның құнын түсіріп, ұсақтата берді. Осы өкіметтің лидері А.Керенскийдің атымен халық арасында «керенка» аталып кеткен өз ақшасын да енгізеді. «Мемлекеттік несиелік билеттер» деп аталған 250 және 1000 рубльдік бұл қағаз ақшалардың бір жағында «алтынмен қамтамасыз етіледі» деп жазылған, сонымен бірге кейін фашистік деп танылып кеткен шеттері қайырылған крестер (свас­тика) салынған. Екінші жағына Мемлекеттік думаның отырыстары өтетін Таврия сарайының суреті бейнеленген.
Жалпы, билік басында болған 8 айда Уақытша өкімет Николай ІІ-нің 32 ай бойы соғыс жүргізгенде шығарған ақшасынан да көп ақша шығарыпты. Әрине, бұл инфляцияны еселеп арттырып, ақшаны барынша құнсыздандырған. Артынан 250 және 1000 теңгелік табақтай ақшаларды халық қай жер болса сол жерге жапсырып, үйлерін, қораларын, дәретханаларын әшекейлеуге пайдаланған… Күннен-күнге көп талап етілген оны шығаруға Уақытша өкіметтің техникалық мүмкіндігі де жетпеген. Сондықтан, Англия, Франция, АҚШ секілді мемлекеттерден өзінің ақшасын жасап беруді өтінген. Артынан АҚШ-та жасалған сол ақшалардың бір парасы тек 1919 жылы ғана жетіп, оны сол кезде өкімет басында отырған большевиктер пайдаланған.
1917 жылдың аяғында орталық билікті большевиктер басып алған болса, Сібірде, Оралда, Ресейдің оңтүстігінде бірнеше өкімет болды. Солардың бәрі өз ақшаларын шығаруға тырысқан. Мәселен, Уфа директориясы, одан кейінгі Колчак өкіметі өз ақшаларын шығарған. Халық арасында «сибирки» деп аталған бұл ақшалардың құны әлсіз, оны тек қолма-қол дүниелер алуға ғана жұмсап, қордалауға болмайтынын жұрттың бәрі білген. Колчак заманын көзімен көріп, көңіліне көп нәрсені түйген жазушы Сәбит Мұқанов. Қаламгер өзінің «Өмір мектебі» атты ғұмырнамалық трилогиясының екінші кітабында сол заманның озық ойлы адамы, дүниенің ебін, сауданың тегін ұққан ағайыны Абылай туралы оның атқосшысымен мынадай әңгіме-сұхбат құрғанын жазған: «Қазіргі шаруасы қалай? – деп сұраймын мен.
– Жаман емес, былтырдан бері сауда-саттыққа айналысып, бұрын әлсіздеу шаруасын нығайтып алды.
– Сауда ақшасы қанша?
– Ол жасырын сөз ғой, – дейді Ғабдолла күліп, – бірақ ақшада құн болмай кетті ғой. Бұ кісі қазір ақшаны емес, бұлдығын жоймайтын бұйымды көбірек жинайды…» («Өмір мектебі, екінші кітап, Алматы, «Жазушы», 1970 ж., 125-б.)
1920 жылдың қаңтарында Колчак Сібір өкіметінің басынан кетіп, орнын атаман Семеновке бергені мәлім. Сол жылдың тамыз айына дейін билік құрған ол да өзінің ақшаларын шығарып үлгереді. Оның ақшаларын халық салынған суретіне қарап «шымшықтар» мен «кептерлер» деп атаған. Деникин мен Юденич те өздері билік жүргізген аймақтарда есептесу құралдарын шығарған. Орталық Азиядағы республикалардың да өз ақшасы болған.
Большевиктер өкіметті қолына алып, бұрынғы империяның барлық жеріне әмірін жүргізген 1922 жылы ақшаның 2000-ға жуық түрі болған екен. Мұның ішінде әртүрлілігі ғана емес, номиналдардың өзгешелігі де бар. Жалпы айтқанда, Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азамат соғысының лаңынан ақша 10 мың есе құнсызданған. Бұл 1993 жылғы Қазақстанның жағдайынан да жаман болғанын көрсетіп тұр. Бағаның күнбе-күнгі өсімі 2 пайызды құрап тұрған. Мемлекеттік банктің өзі 1921 жылдың аяғында ғана құрылып, оған ақша эмиссиясын жасау құқы 1922 жылдың 11 қазанында ғана беріледі.

Кеңестік алғашқы ақшалар

Большевиктер басып алған жерлердің бәрін Кеңес өкіметі орнаған жерлер деп танысақ, оның ең алғашқы ақшасы 1919 жылы шыққан. Оған дейін большевиктер де Уақытша өкіметтің шетелде басылған ақшасын қолданған. Халық оны Уақытша өкіметтің соңғы билеушісі Керенскийдің атымен ұштастырып «керенка» деп атағанын жоғарыда жаздық.
«Совзнак» («советский знак» дегеннің қыс­қарған атауы) деп аталған Кеңестің ең алғаш­қы төл ақшасын ақтар өздері басып тұрған аймақтарда мойындамаған. Сондықтан ол қазіргі Ресей Федерациясының орталық аймақтарында, Беларуссия мен Украинаның біраз жерлерінде, сосын Түркістанда ғана айналыс құралы болған. Кеңестік саясат оны шу дегеннен «ақша» деп атауға рұқсат бермеген. Өйткені, «біз коммунистік қоғам құрамыз, ал ондай қоғамда ақша болмайды» деп жариялаған. Тек коммунистік қоғам құрудың ауылы алыстап кеткеніне көздері жеткен соң, 1922 жылдан бастап қана купюраларға «ақша белгісі» («денежный знак») деген сөзді жаза бастаған.
«Совзнактар» алдымен 1, 2, 3, 15, 30, 60, 100, 250, 500, 1000, 5000, 10000 номиналдарымен шығып тұрған. Шығарушы типографиялар әртүрлі болып, олар ұсақ номиналдардың бояуларын, суға шайылмайтын белгілерін біртекті емес, қолдарынан келуіне қарай әр түрлі қыла берген. Тіпті, купюралардың көлемдері де әртүрлі болған. 1921 жылы 1,2 номиналдар айналымнан алынып, тек 3-тен бастап қана шығарылған. Бұл инфляцияның ақшаны құнсыздандырып жатқанының көрінісі екені белгілі. Бізде де алдымен 100 теңгеге дейінгі номиналдар қолданылып, артынан олар айырым монеталарының рөлін атқарып қалды емес пе? Сол сияқты алдымен ең үлкен банкнот 100 теңге болса, артынан 200, 500, 1000, 5000, 10 000 теңгелер шықты ғой. Кеңес елінде де 1921 жылға дейін ең үлкен банкнот 10 000 теңге болса осы, 1922 жылы 25 000, 50 000, 100 000 сомдар шыға бастапты.
1922 жылы Кеңес басшылары ең алғашқы деноминацияны жүргізген. Бұл валютаны тұрақтандыру және есеп айырысу әрекеттерін оңайлату үшін жасалатын экономикалық шара. Оны басымыздан өткен біз жақсы білеміз. Алғашқы деноминация ақша номиналын 10 есе азайтты. Сөйтіп, ең үлкен купюра қайтадан 10 000 сом болды. Сонымен қатар, 1, 3, 5, 10, 25, 50 номиналындағы купюралар бұрынғыдан әлдеқайда кішірейтіліп шығарылды.
Осы 1922 жылдан бастап КСРО-да тағы бір ақша бірлігі айналысқа енгізілді. «Червонец» деп аталған мұның 25 пайызы алтынмен қамтамасыз етілген еді. «Червонный» деген сөздің өзін орыс­тар ерте күннен поляктың «қызыл алтын» дегенін білдірген «червон» сөзінен алған.
1924 жылдың басында «червонецтер» ел­дегі қаражат айналымының 80 пайызын қамтыған негізгі ақша болды. Сонымен қатар, ол экономиканың тұрақтануына да игі әсерін тигізді. Егер көз көргеннің айтқанына тоқталатын болсақ, тағы да Сәбит Мұқановтың дерегіне жүгініп көрейік. Жазушы 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны 1926 жылы бітіріп шығады. Бұл – білімге ұмтылған Кеңес жастарына арналған орта дәрежелі арнаулы оқу орны болатын. Сәбең осында оқып жүрген жылдарында өзінің әдеби және қоғамдық белсенділігінің арқасында «КирЦИК» мүшесі болып сайланады. Еске сала кететін болсақ, 1925 жылға дейін барлық ресми орындар қазақтарды қырғыздар деп атаған. Орталық атқару комитетінің (ЦИК) «КазЦИК» болмай, «КирЦИК» болып тұрғаны сол. Енді Сәбеңе сөз берейік: «КирЦИК-ке мүше болған маған «Совет үйі» деп аталатын мейманханадан ақысыз, сәулетті, салтанатты бөлме тиіп, Ғабит (Ғ.Мүсірепов – Ж.С.) екеуіміз сонда көшіп алдық. Ол кезде мүшелік ақыға 75 сом беріледі. Бұл советтік ақшаның алтынға бағаланып, қымбаттап алған кезі. Мысалы: жүн матадан тігілген ең жақсы костюм 15-20 сом, хром етік 10-12 сом, базардың қойы 3-5 сом, тағы тағылар. Менің бір айда алған ақшама: мен, менің інім Шәкен, Ғабит, оның інісі Баязит – төртеуміз костюм, шинель сатып алып, жұнттай киінгеніміз бар. Көшпелі ауылдың мақтанышты бір ісі – қой сою. Ғабит екеуміз де сөйтіп жұмасына бір қой соямыз…» («Өмір мектебі», екінші кітап, Алматы, «Жазушы» 1970 жыл., 512-б.).
1922 жылдың аяғында өкімет жаңа сомды енгізіп, 1 сомды бұрынғы 10 000 «совзнакқа» теңестіреді. Ал 1923 жылы шығарылған сомды тіпті «күшейтіп», 1922 жылғымен айырбастағанда оның 1 сомы 100 сомға, ал оның алдыңғы жылдары шығарылған ақшалармен айырбастағанда 1 сомын 1 000 000 «совзнакқа» келтірді. Айта кететін жайт, бұл ақшаны да сом демей, ресми түрде «сов­знак» деп атайды.
Кеңестің алғашқы тұрақты валютасы «червонец» осы күнгі доллар секілді құнды болыпты. Аз шығарылғандықтан оған қол жеткізу де қиын, бірақ жұрттың бәрі күші жоқ «совзнакқа» қарағанда күшін жоғалтпайтындықтан оны қор­далап, пайдаланғысы келеді. Сондықтан ол үнемі сұранысқа ие болған. Осы кезде ақша айырбас­тайтын алыпсатарлар шығып, оны «совзнакқа» базар бағасымен сатып, ал оған ресми курс бойын­ша қайтадан «червонец» сатып алып, әйтеуір баюдың оңай жолын тапқан. «Червонецтің» қара нарығында жалғыз ол емес алтын да, шетелдік валюталар да апыр-топыр айырбасталып жатады. Бізде 2000-шы жылдарға дейін жол бермей «доллар-доллар», «российский-российский» деп тұратын «менялалар» сол кезде де болған екен. Өкімет бұл мәселеге қатты мән беріп, екі түрлі валюта жүргізу деген тәжірибені доғаруды қолға алады. Сондықтан, 1924 жылғы декретімен «сов­знактарды» шығаруды мүлде тоқтатып, күші «червонецке» теңгерілген «алтын сом» шығаруды қолға алады. Мұның мәнісі – ол алтынға саналып, керек болса, барлық банктерде қолма-қол алтынға айырбасталатындығында еді. Іс жүзінде олай болмаса да сомның сыртына солай деп жазылды. Сөйтіп, «алтын» 1 сом 1922 жылғы «совзнактың» 5 миллионына, 1923 жылғының 50 мыңына айырбасталды. Ал бұлардан бұрынғының 50 миллиардына сатылған…

Ақша соғыс жылдарында

Тоқпақтың күштілігінен болуы керек, соғыстың алдыңғы жылдарында Кеңес Одағының экономи­касы қалыпты жағдайға еніп, тұрақты дами бас­та­ған. Ал соғыстың басталуымен мемлекеттік бюджеттің шығысы күрт артып, ал кіріс азайып­ кетті. Кеңестік деректерге сенетін болсақ, 1940 жылы бюджеттің кірісі 180,2 млрд. сом, ал шығы­сы 174,4 млрд. сом болған. Келесі 1941 жыл­ғы кі­ріс 177,0 млрд., ал шығыс 191,4 млрд-қа көтері­ліп­ кеткен. Сөйтіп, соғыс шығындарының артуы се­бепті бюджет тапшылығы орын алған. Со­ғыс жылдарында осы жағдай 1944 жылға дейін сақталған. Нақты айтатын болсақ, 1942 жылғы кіріс – 165,0, шығыс – 182,8, 1943 жылғы кіріс – 204,4, шығыс – 210,0, 1944 жылғы кіріс – 268,7, шы­ғыс – 264,0, 1945 жылғы кіріс – 302,0, шығыс – 298,6 млрд. сом болған. Әрине, кеңестік ашық де­рек­терге сене беруге де болмайды, ол кезде «жауыр­ды жаба тоқып», халықтың көзін бояп, ал­дас­тырудың амалын өкімет жақсы білген. Де­ген­мен, басқа деректер болмаған соң осыларға тоқтаймыз.
1944 жылдан бастап мемлекеттік кірістің артқанын көргенде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» деген өлеңі есімізге түсті.
«Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..», деп басталатын өлеңнің тұжырымдамасында: «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп», аяқталатын еді ғой. Сол айтқандай 1944 жылдың «еңбек жетістігінде» қаншама адамның қаны мен тері, көзінің жасы бар екен деп ойға қалады екенсің… Ешқандай жоғары технология енгізілмей, тек құқы мен бостандығы шектелген халықты, соның ішінде ГУЛАГ тұрғындарының терісін теспей қанағандықтың арқасында қол жеткізген нәтиже еді бұл.
Жоғарыда айттық, мемлекеттік шығыс кіріс­тен артқан сайын оны жабу үшін мемлекет қо­сым­ша ақша шығару (эмиссия) амалына барады. Оның үстіне соғыс шығындары ғана бюджет шығыстарының жартысын алып отырған. Нақтылай кететін болсақ, 1940 жылы ол барлық шығыстың 32,6 пайызы болса 1941 жылы – 43,4, 1942 жылы – 59,3, 1943 жылы – 59,5, 1944 жылы – 52,2, 1945 жылы 42,9 пайызын алған. Бюджет тапшылығы мен халық шаруашылығына қажетті шығыстарды жабу үшін кірістен артық шығарылған ақша массасы оның шексіз құнсыздануына соқтырған.
Осы арада да көз көргеннің дерегіне тоқтала кетейік. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы көркем дүние болса да автордың бастан кешкендерін шынайы көр­се­те­тін шығарма екендігі мойындалған. Міне, осы кітапта соғыс жылдары мұғалім болып жүрген бас кейіпкер Еркіннің карта ойнағаны туралы мы­на­дай эпизод бар: «Кәдімгі жиырма бірдің өзін ой­най­мыз. Бұл күнде ақшадан күш кеткен заман. Соғыс оны жай қағазға айналдырып жіберген. Уыс-уыс­ көкала қағаз кімнің де қалтасынан табылады. Базары жоқ ауылда ол бәтшағар қарта ойна­ғаннан өзге түкке де жарамайды». («Өлгендер қай­тып келмейді»., Алматы, «Жазушы»., 1974 ж., 163-б.).
Шынында бұл кезде ақша түкке де жарамайтын қағазға айналып қалған еді. Соғыс жылдарында ол 4 есе көп шығарылған, ал құндылығы 100 есеге жуық төмендеген… Сондықтан да шығар халық оны соғыс қорына миллиондап өткізген. КСРО-ның барлық шетінде миллиардтап жинауды тоқпақтап ұйымдастырған бұл шара ақшаның айналыстағы үлесін азайтып, күшін біршама арттыруға мүмкіндік берген.
Бюджеттен, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерден еңбекақы алатын адамдардың бәріне тамақ паекпен ғана берілген. Зауыт-фаб­рика жұмысшылары 1941 жылдың 26 мау­сымындағы Жарлыққа сәйкес демалыссыз күніне 11 сағаттан жұмыс істеген. Нан жан басына белгіленген норма бойынша карточкамен ғана босатылған. Басқа тұтыну тауарлары өте сирек жағдайларда ғана, онда да идеологиялық тұрғыдан қамшылау мақсатында «Ұлы Октябрь социалистік революциясының» 25 немесе 26 жылдығына орай деген ұрандармен ғана беріліп отырған. Сонымен қатар, «арнаулы талондар» деген болған, тұтыну тауарлары сонымен босатылған. Оның ордерінде не жазылса сол тауар ғана берілген және оған ақша төленген. Ал ақшаға емін-еркін сатып алатын дүние мүлде жоғалып, тауарлық-ақша қатынасы барынша шектелген. Қара базардағы айырбас құндылығын жоғалтпайтын алтын-күміс заттарымен ғана іске асырылған. Ал ақшаға сатылса жүздеген есе қымбат тұратын болған.
Ұжымшар мүшелерінде ешқандай құқы болмаған, олар тіпті ауылдан ешқайда шығуға да қақылы емес еді, 60-жылдарға дейін оларға паспорт та берілмегенін айта кету керек. Істеген жұмысы үшін тек «еңбеккүн» жазылған. Оның нормасын ұжымшар өзі анықтаған. Ал ақша осы еңбеккүннің шегінде төленген. Негізінен бір еңбеккүнге 3 сомнан келеді. Қаладағы жұ­мыс­шыларға қарағанда ауыл тұрғындарының тұрмысы әлдеқайда төмен болған. Жинап алынған егіннің орнында қалған масақты теріп қана жан сақтаған жандар болғанын білеміз. Сондықтан, ұжымшарлықтар басыбайлық-құлдық қоғамдық қатынаста болған десек, артық емес.
Соғыста басып алған аудандар арқылы неміс командованиесі кеңестік экономиканың ақша-қа­ражат жүйесін бұзу үшін жасанды ақша эмиссия­сын шығарған. Бұл онсыз да құнын жоғалтқан ке­ңес ақшасын тіпті тұралатқан. Сонымен қатар, фа­шистер өздеріне қызмет еткен халық үшін ба­сып алған аудандарда оккупациялық маркалар шығарған. Халықтың еңбегіне осы ақшалар төленіп отырған. Оның кеңес ақшаларымен салыс­тырғандағы құндылығы әлдеқайда жоғары болған.

Кейінгі реформалар

Ақша айналысындағы соғыс зардабын жойып, оны қалыпқа енгізу үшін өкімет соғыстан кейін-ақ ақша реформасын жасауды қолға алады. Алайда 1946 жылы астық шықпай қалуына байланысты болған аштық оған мұрсат бермей, ақша ауыс­тыру тек 1947 жылы жүргізілген. Бұл халықтың көңіл күйін көтеріп, карточкалық режімді жойып, КСРО басып алған мемлекеттер, соның ішінде әсіресе Германиядан жеткізілген тауар массасын еркін сату үшін қолда жүрген ақшаны азайтып, оның құндылығын көтеру мақсатымен жасалған шара болды. Айта кететін жайт, Гер­мания және КСРО-ның бақылау аймағына өткен оның одақтас елдерінен жеткізілген тауарлар арнаулы вагондармен ғана емес, миллиондаған пошта жәшіктерімен де, ірі офицерлер мен генералдардың қызмет мәшинелерінің колоннасымен де, солдаттардың ауыр-ауыр қапшықтарымен де келген еді. Оның үстіне қатаң тәртіптің арқа­сында КСРО экономикасы да бірқалыпты арнаға түсе бастаған. Экономиканың негізгі мақсаты тағы да милитаристік бағытта болғанымен, ха­лық тұтынатын тауарлар да мүмкіндігінше көп­теп шығарылды. Міне, осылардың бәрі еркін айналысқа шығарып, еркін сауда саласын дамыту үшін тұрақты ақша массасын қалыпқа келтіру керек болды.
Қазақта «бүлінген елден бүлдіргі алма» деген мақал бар. Сондықтан да шығар қазақ әдебиетінде, жазба еңбектерде, мақалаларда трофейлік (бұдан әрі «әскери олжа» деп алайық) дүниелер туралы бұрын-соңды жазылғанын көрген емеспіз. Ал іс жүзінде әскери олжа жинайтын бригадалар Кеңес армиясында 1943 жылдан, Қызыл армия КСРО шекарасынан өткен сәттен бастап құрылған. Олар жау әскерлері шегінген шетелдік аймақтардан барлық дүниелерді, мүліктерді, іліп алар тауарларды, астық, тамақ запастарын, тіпті шашылған металға дейін жинап, бермегенін күшпен тартып алып, тылға жіберіп отырған. Олжа жинайтын бригадалар әрбір дивизиядан бастап барлық жоғары құрамдарда болған. Оларда зауыт-фабрикалардың станоктары мен құралдарын бөлшектеп, арнайы демонтаж жасай алатын взводтарға дейін бар еді. Елге жіберілуге тиісті мүліктер үшін арнайы пойыз­дар да бөлінген. 1945 жылы әскери олжаның көп келгені сондай, оларды бөлу үшін өкімет арнаулы басқарма құрған. Сол жылдары Германияға барып, немістердің зымырандық техникаларын зерттеу және әскери олжа жөніндегі комиссияның бастығы болған академик Б.Черток өзінің есте­лігінде былай деп жазады: «Демонтировалось и увозилось все подряд, начиная от целых заводов, запасов продуктов питания, кончая нижним бельём. Было вывезено 21 834 вагона вещевого и обозно-хозяйственного имущества; 73 493 вагона строи­тельных материалов и «квартирного имущества», в том числе: 60 149 роялей, пианино и фисгармоний, 458 612 радиоприемников, 188 071 ковёр, 941 605 предметов мебели, 264 441 штука настенных и настольных часов; 6370 вагонов бумаги и 588 вагонов разной посуды, в основном фарфоровой; 3 338 348 пар различной гражданской обуви, 1 203 169 женских и мужских пальто, 2 546 919 платьев, 4 618 631 предмет белья, 1 052 503 головных убора; 154 вагона мехов, тканей и шерсти; 18 217 вагонов с сельскохозяйственным оборудованием в количестве 260 068 единиц; 24 вагона музейных ценностей; золота, серебра, платины – 174 151 килограмм; зернопродуктов – 2 259 000 тонн; мясопродуктов – 430 000 тонн; рыбо­про­дуктов – 10 000 тонн; жиров – 30 000 тонн; масло­семян – 35 000 тонн; сахара – 390 000 тонн; табака – 16 000 тонн; картофеля и овощей – 988 000 тонн; 20 миллионов литров спирта; 186 вагонов вина и другое».
Жаңа ақша ескіден 10 есе құнды болып, біреуіне оны айырбасталды. Сақтық кассаларындағы пұлдың 3000 сомы баспа-бас айырбасталды да, 3 мыңнан 10 мың сомға дейінгі ақша 1/3-ге, 10 мыңнан жоғары сома 2/3-ге азайтылып берілді. Облигациялар сомасы 1:3 қатынасымен бағаланды. Доллардың бағамы азайтылып, біреуі бес сом болды.
Ақша ауыстыруға бар-жоғы бір-ақ апта уақыт бөлінеді. Халық таң қараңғысынан тұрып, қолдағы ақшасын сақтық кассаларына өткізу үшін кезекке тұрған. Ал кассада бұрыннан сақталып келе жатқан 40-50 мыңдық үлкен сомаларын қолға алып, басқа жинақ кассаларына бөліп салуға тырысқан немесе дүкеннен бұзылмайтын заттарды жаппай сатып алған. Мұндайларға қолы жетпегендер маңдай термен тапқан ақшасын қайтсе де қолданып қалуға тырысып, тым болмаса араққа бір сылқия тоюды ойлағандықтан, мейрамханалар мен дәмханалардың алдын бермей, сұлап жатқандар да көп болыпты…
Кейбір экономистердің сарабына қарағанда ақша ауыстырудың арқасында қолданыстағы ақ­ша массасы үш есе азайған. 4 млрд. сомдай­ ақшаны халық ешқайда жарата алмай, өлі дүние­ге айналдырған. Соның нәтижесінде инфляция­ төмендеп, экономиканың дамуына жағдай жасалған.
Осыдан кейінгі ақша ауыстыру КСРО-да 1961 жылы жүргізілген. Көптеген сарапшылардың айтуына қарағанда мұның ешқандай экономикалық тиімділігі де, қажеттілігі де болмаған. Бұл Хрущев «волюнтаризмінің» кезекті эпизоды ғана екен. Сол жолы барлық ақша 1:10 қатынасымен ауыстырылды. Дегенмен бұл реформа ақша айналымын жеңілдетіп, есеп жүргізу жүйесін оңайлатқанын айта кету керек.
Міне, біздің қолымызда болған ақша атты құнды қағаздың өткен тарихы қысқаша айтқанда осындай.

Жақсыбай Самрат,
«Егемен Қазақстан».


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика