Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш керек

30 Қыркүйек 2017

Аңыз даланың Ақселеуі тірі болса бүгінде жетпіс бес жасқа толған мерейтойын атап өтер еді. Сұм ажалға да адамның жақсысы керек. Алаш баласының Ақселеуден айырылып қалғанына да сегіз жылдың жүзі болыпты. Әйтсе де қазақ «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демеуші ме еді. Ақселеудің аты ел жадында мәңгі сақталып қалмақ. Ол соңынан өлмес мұрасын қалдырып кетті. Ендігі міндет, сол мұраны кең көлемде насихаттап, жастардың бойына сіңіру.

 

Ақселеу Сейдімбек мұрасын насихаттау бағытында обылысымызда қыруар шаралар атқарылуда. Солардың бірі де бірегейі Қарағанды облыстық тілдер басқармасы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырған жас ақын-жазушылар мен көсемсөз шеберлерінің обылыстық байқауы. Бұл байқау биылғы жылы да дәстүрлі жолынан жаңылмай,«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында   Ахаңның туған жері Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүбірлеп өтті. Шараның мақсаты – Ақселеу Сейдімбектің өлмес мұрасын жас ұрпаққа дәріптеп, оқырмандардың қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыласын арттыру. Сонымен қатар,  өзіндік жазу өрнегі бар жас ақындар мен жазушыларды, көсемсөз шеберлерін анықтау, шығармашылығымен танылып жүрген жастарға қолдау көрсету.

Ақселеу Сейбімбектің замандастары өз естеліктерінде Ахаңның жас қаламгерлерге жанашырлық танытып, қолынан келгенінше қолдау көрстуге тырысатындығын айтқан болатын. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Тілдер басқармасы ұйымдастырып отырған байқау Ақселеу салып кеткен сара жолдың жалғасы тәрізді.

Биылғы жылы облыстық байқауға облысымыздың әр аудандарынан және  Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ және «Болашақ» академиясы тәрізді іргелі оқу орындарынан келген жас таланттар бақ сынап, өздерін шығармашылық қабілеттерін таныстырды.  Байқауға  16 мен 35 жас аралығындағы  56 үміткер ұлы дала тарихы мен мәдениеті, ұлттық салт- дәстүр, ұлттық болмыс мәселелеріне арналған поэзия, проза, көсемсөз жанрларында шығармаларын тапсырған. Әділ қазылар алқасы әр қатысушының шығармаларын оқып, саралап, үздік шыққандарына салтанатты түрде марапаттап өтті.

Бас жүлде – Аманжол Дулат Жалғаспайұлы – Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің инспекторына бұйырды.  Поэзия жанры бойынша Бірінші орынды Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Рахымжанова Айзада Бүркітқызы алған болса,  екінші орынды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 4-курс студенті Нарынов Ерік Сейсенұлы ие болып, үшінші орынды «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің тілшісі Строкова Анна Валерьевна өз қаңжығасына байлады.  Проза жанры бойынша бірінші  орынды Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық қызмет көрсету инспекторы  Ермағамбетов Ерзат Молдабекұлы ие болып, екінші  орынды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 4-курс студенті Қарабаева Әйгерім Сембайқызы қаңжығасына байлап, үшінші  орынды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің 4-курс студенті Ерғали Гүлден Батырланқызына табыстады. Көсемсөз (публицистика) жанры бойынша бірінші  орынды «Орталық Қазақстан» облыстық газетінің тілшісі Кәрімов Нұрдос Маратұлы алған болса, екінші  орын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Монайұлы Құлынтайға бұйырып, үшінші орынды Жаңаарқа ауданы Бидайық жалпы орта білім беру мектебінің тәлімгері Ақаева Нәзира Төлеуханқызы иелік етті. Бұдан бөлек «Qasym.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Қалқаман Нұрлыхан Қалқаманұлы Ақселеу Сейдімбековтің туыстары тағайындаған арнайы жүлдеге, ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, филология факультетінің 4-курс студенті Әйткен Жоламан Төлеутайұлы Қазақстан Жазушылар одағының арнайы дипломына ие болды.

Ақселеу Сейдімбектің 75 жылдық мерейтойына ғалымның замандастары, шәкіртері мен туыстары жиналды. Арқа төсінде өткен ауқымды мәдени-көпшілік іс-шараға белгілі жазушы Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қойшығара Салғараұлы секілді бірқатар елге танымал тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.

 Жерлестерінің алдына шығып, құттықтау сөз сөйлеген белгілі ақын Ғалым Жайлыбай көптің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Ол – Арқаның абызы атанған Ақселеу Сейдімбекұлына ескерткіш қою.

Расымен де, қазақ ұлтының өткен тарихын саралап, мәдениетін дамыту жолында өлшеусіз еңбек сіңірген Ақселеу Сейдімбекке туған жері Жаңаарқа ауданында және Қарағанды облысының орталығында іргелі ескерткіш орнатылса құба-құп болар еді. Ғалым Жайлыбайдың ұсынысы ел тізгінін ұстап отырған шенділер мен ұлтжанды кәсіпкерлердің назарына ілінер және жуықта іргелі ескерткіштің салтанатты ашылу салтанатына қатысармыз деп үміттенейік. 

Бек Ноғайбайұлы

Жаңаарқа ауданы.

 

 

 

.

 

.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика