Ақпарат соғысына қатыса алдық па?

30 марта 2019

Ақпараттық соғысАқпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді. Бүгінде алпауыт елдер өз билігін жүргізу үшін Үшінші дүние жүзілік соғысты бастап кеткен. Бұл соғыс қару мен әскердің қатысуынсыз,  журналистер мен ғаламтордың көмегі арқылы жүругізілуде. Яғни  ақпараттық соғыс.

Өкінішке қарай, қазақ журналистері әлемдік көшке ілесе алмай келеді. Рас, қазір қазақ тілінде ақпарат тарататын сайт-порталдар көптеп саналады. Әйтсе де олардың жарыққа шығарып отырған материалдарын көрсеңіз қарныңыз ашады. Қазақ тілді сайттардың көпшілігі,  ешкімге пайдасы жоқ, журналистің функцияларына (тәрбиелік, идеологиялық)  мүлдем сай келмейтін дүниелерді жарыса жазып, сол арқылы оқырман жинауды әдетке айналдырған. Одан қалса бір-бірінің жазған дүниелерін көшіріп басып, аты басқа заты бір сайтқа айналуды. Осыдан соң оларды оқитын тұрақты оқырман қайдан болсын? Ана тілінде дені дұрыс мәлімет таба алмаған оқырман еріксіз шетелдік сайттарға ауысады. Сол жақтан ақпарат алып, сәйкесінше өзгенің сойлын соғуға әуестенеді. Бұл ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде.

 Кейбір мамандардың пікірінше қазақ журналистері ақпарат соғысында жеңіліс тауып, отандық БАҚ көрші елдердің саясатына қызмет етіп кеткен. Расымен де біз жеңіліс таптық па? Жоқ. Біз бұл соғыста жеңілген жоқпыз. Себебі оған қатыса алмай келеміз. Жеңу немесе жеңілу үшін әуелі қатысу керек қой. 

Қазақ тілді ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуының басты себебі олардың білім деңгейінің төмендігінде жатыр. Қарап отырсаңыз танымал сайт-порталдың иелері кәсіби журналистер емес, ойдан-қырдан жиналған басқа саланың мамандары. Ал олар кәсіби журналистің міндетін білмейтін болғандықтан, журналист болу өсек тарату деп түсенеді. Соған сай жұмыс істейді.

 Ал дәстүрлі БАҚ өкілдері әлі күнге дейін интернет журналистиканы өз қолына ала алмай келеді. Өйткені бұл салада білетіні аз, сайтпен жұмыс дегенді естігені болмаса көрмеген. Себебі журналистикалық білім беретін оқу орындарында интернет журналистика жеткілікті деңгейде оқытылмайды. Әрі журналистер де білсек, үйренсек деп құлшынбайды. Құлшынса да оларға үйрете қоятын адам жоқтың  қасы. 

Журналистерге арналған тегін семинар-тренингБір жақсысы қазір бұл мәселеге үкімет пен үкіметтік емес ұйымдар баса назар аударып отыр. Әрине кешігіп қалдық, бірақ, «Ештен кеш жақсы» демей ме? Жұмыла кірісіп, қолға алсақ бұл мәселе де өз шешімін табары анық. Ұлттық қауіпсіздік жолында қаражат пен күш жігерді аяп қалмауымыз керек.  Американың экс-президенті Ричард Никсон: «Ақпарат пен үгіт-насихатқа жұмсалған 1 доллар қару жүйесін құруға жұмсалған 10 доллардан әлдеқайда табысты, қаруға кеткен шығын сол мерзімде іске жаратылып үлгеретін болса, шығын кетірген ақпарат сәт сайын,  сағат сайын жұмыс істей береді» деген екен. Демек бір мемлекеттің әлеуетінің артып, жан-жақты қауіпсіздігі берік болуы үшін, оның ақпарат алаңында өзіндік орны болуы керек деген сөз. Әйтпесе Украина, Сирия тәрізді көрінгеннің қолжаулығына айналып, елдің шырқы бұзылуы мүмкін.

Қазақ журналистерінің арасындағы кең тараған кемшілікті жою мақсатында  «Түркітілдес журналистер қоры»  «Шеврон» компаниясының демеушілігімен  қазақ тілді журналистерге арналған тегін семинар-тренинг ұйымдастырды. Алматы, Астана және Ақтау қалаларында өткізілген бұл семинарға еліміздің әр облысынан келген журналистер қатысқан. Интернет тілін еркін меңгерген мамандар бірнеше күн бойына журналистерге сайтпен жұмыс, әлеуметтік желіде жұмыс істеу, ақпарат таратудың оңтайлы тәсілі және фото, видео өңдеудің жеңіл әрі ыңғайлы тәсілдерін үйретті. Бұл «Түркі тілдес журналистер қорының» қазақ журналистикасын дамытуға қосып отырған үлесі. Аз да болса ауыз толтырып айтуға тұрарлық еңбек.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика