Ақерке Әбдікәрімнің «Аппақ әлемі»

13 ноября 2019

 

Қараша айы келгелі Қарағанды поэзия құшағында.

Осы құтты қаланың әдеби ортасы бас қосып, оқырман қауымның өлеңге сусындаған күндеріне куә болдық. 10 қараша күні Жоламан Әйткеннің «Ғасырауған» кітабының тұсауы кесілді. Сол күннен тарқамаған базар 12 қарашаға ұласты.

12 қарашада Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 8-ші ғимаратында жас ақын Ақерке Әбдікәрім «Аппақ әлем» атты поэзия кешін өткізді. Сонау Тараздан Арқаға білім іздеп, арман қуып келген ару ақын қазіргі таңда филология факультетінің 4-ші курсында оқиды. Университет қабырғасында жүріп жоғары деңгейдегі кеш өткізу – зор жетістік екені даусыз. Ақеркенің «Аппақ әлеміне» келген оқырмандардың, алдыңғы буын ағалардың қатары көп болды. Залда бос орын болған жоқ. Бұны – ақынның өлеңдеріне деген үлкен құрметтің белгісі деп түсіндік.

Өлең мерекесінде Ақеркенің жырларын қатарластары жатқа оқыды. Сонымен қатар, оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріне әуесқой сазгерлердің жазған әндері де орындалды.

«Аппақ әлемнің» ең құрметті қонағы – Ақеркенің анасы болды. Поэзияны серік еткен бойжеткен анасына арналған өлеңін оқып, бір құшақ гүл сыйлады.

Кеште оқылған жырлар сағынышқа толы болды. Олардан бөтен қалада жалғызсыраған бойжеткеннің мұңы аңқып тұрды.

Поэзия шынайы болған жағдайда ғана жүрекке жетеді. Бүгінде өлеңге бар білімін саламын деп оны түсініксіз етіп жазатындар қарасы көп. Біреуге о баста еліктеп, өз жолынан адасатындары да қаншама. Оларға деген өтірік қошеметтің бары өтірік емес. Поэзия қошеметпен өлшенбейді. Білімсіз, мінезсіз, дарынсыз ақынның қаламынан тек халтура жазылады. Өзіне ойдан тағдыр ойлап тауып, соны өлең ететіндері де қошеметке бөленіп жүр.

Ақерке осынының бәрінен сақтанады деп үміттенеміз. «Аппақ әлемі» лайланбасын!

  Ерік НАРЫН

Qasym.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика