Ақерке Әбдікәрім. Өз мезгілін іздей берсін тіршілік…

6 ноября 2019

 

Нәзік жандылар поэзиясы керемет тылсымға толы. Жұмсақ иірім, ыстық сезім, тәтті мұң, мәңгілік сағыныш — бәрі де солардың жүрегінде.  Олардың таланты, білімі, дауысы іштегі бостандықпен үндескенде ғаламат өлеңдер қаңқ етіп шалқар дүниенің төсіне қонады. Ғашығын аңсаған Мәжнүндер, алыстағысына қол созған мұңлықтар — сол өлеңдерге бас ұрады. Себебі ол жырлар — шынайы.

Бүгін біз назарларыңызға талантты жас ақын Ақерке Әбдікәрімнің  өлеңдерін ұсынып отырмыз. Жырларының оқырмандары, бағалаушылары бар. Олар — лаулаған сезім мен сағыныштың ортасында өртеніп жүрген студенттер. Өзі де студент. Әдеби ортада да есімі әйгіленіп келеді. 

Өлеңдері хақында сөз қозғап көрейік.

Естілмеуі керек пе «Қыздар әні»?
Мұздағаны сол жүрек мұздағаны…
Есіміңді қашанғы көктем айтып,
Есігімді қашанғы күз қағады?

Жас ақын көктем — сағыныштың, күз — жалғыздықтың мезгілі екенін өзіндік шеберлікпен жеткізеді. Сағынышын, жалғыздығын екі керемет мезгілді кейіптеу арқылы жеткізіп тұр. Бұл тіркестерді өзімізше бір бағалап қояйық. 

Ал:

Мен біреумен бақытты бола салам,
Ал, саған бәрібір ме? 

Немесе,

Көктем мені тауып алар,
Өз мезгілін іздей берсін тіршілік.

Осы жолдарда нәзік жанды ақынның мінезі айқындалып тұр. 

Жайыма,күйіме кім алаңды еді?
Көктем де,жаныма күз де ала бөтен,
Өртеніп, өлердей бір адам мені
Қызғана ма екен?

Осы шумақтан Ақеркенің өлеңдегі шынайылығын аңғарамыз. Бір оқығаннан-ақ ыстық сезімдердің құшағына оранған бойжеткеннің демін сеземіз. Өлеңге әр беріп тұрар ырғақ та, философия да, асқан техника, көркемдік те жоқ. Бірақ, жүректің сөзін қатесіз қағазға  көшіргенге ұқсайды. 

Ақын шығармашылығы хақында аз-кем сөз болғаннан кейін оның көзге түскен әлсіз тұстарын да айта кету керек сияқты. Бұл — заңдылық. «Ақынды мақтау мен елемеу құртады» дейді. Жоғарыда еледік. Енді басынан аяғына дейін мақтап, ақын жүрегінің тазалығына лай жақпайық. 

Жас ақын көп жағдайда барлық түйінді 3-ші және 4-ші жолға әкеп тірейді. Ал басындағы 1-ші мен 2-ші тармақты ұйқас үшін құрастырғандай. Сөзімізді растау үшін мысал келтірейік. 

Тіреу болмай қабырғалар,
Үсігімен тоңдырса да күн суық.
Көктем мені тауып алар,
Өз мезгілін іздей берсін тіршілік.

Соңғы екі тармағында қуат пен асқақ сезім, мінез бар. Түйіні осы екені көрініп тұр. Ал алғашқы екі тармағы ше? «Тіреу» сөзінің орнына «Пана болмай» десе ше? Екінші жолдағы «Үсігімен» деген сөз тіпті артық. Басқа сөзді сұрап тұр.   

Аспандағы Айдан да күй ішемін,
Алдымдағы айнаға тиісемін.
Өзімді іздеп шарқ ұрып өзім жүрем
Мама, мен кім болуға тиіс едім?

Мына шумақтың екінші тармағына назар аударайық. «Алдымдағы айнаға тиісемін». «Тиісу» деген сөздің түп мағынасы басқа ғой. «Тиісу» деген сөзді ақтап алайық десек, «Алдындағы айнаны» кейіптеуге де келмейді. Қысқасы — логикаға мүлдем жанаспайды. 

Осымен сөзімізді доғарайық. Жас ақын өлеңдерінің  жақсы тұстарын да, кем тұстарын да біліміміз, өреміз жеткенше шамалап айттық. Кем тұстарын жігерін сындыру үшін жазып отырмағанымыз айдан анық. Керісінше — жігерін ұштау үшін. Ақеркеге шығармашылық табыс тілейміз.

Айтпақшы, басты жаңалықты айтайық: Ақерке Сіздерді өзінің «Аппақ әлеміне» шақырады. «Аппақ әлем» атты поэзия кеші 2019 жылдың 12 қарашасында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 8-ші ғимаратында өтеді. 

 

***

Естілмеуі керек пе «Қыздар әні»?
Мұздағаны сол жүрек мұздағаны…
Есіміңді қашанғы көктем айтып,
Есігімді қашанғы күз қағады?

Тым болмаса «Еркем» де, «Жарығым» де,
Бөтен күйін кешеміз әлі күнге.
Мен біреумен бақытты бола салам,
Ал, саған бәрібір ме?

***

Тіреу болмай қабырғалар,
Үсігімен тоңдырса да күн суық.
Көктем мені тауып алар,
Өз мезгілін іздей берсін тіршілік.

Қайғыңды да татып көрем,
Мұңды да ішіп өлмейтіндей шамам бар.
Мені Тәңірі бақытты етер,
Сендер күліп жүріңдерші, адамдар!
Менің жалғыз Құдайым бар…

***
Жайыма, күйіме кім алаңды еді?
Көктем де, жаныма күз де ала бөтен,
Өртеніп, өлердей бір адам мені
Қызғана ма екен?

Тұтатып сезімге кім алау жақты?
Ойласаң демің де тарылады екен,
Мені де құса боп бір адам қатты
Сағына ма екен?

***

Аспандағы Айдан да күй ішемін,
Алдымдағы айнаға тиісемін.
Өзімді іздеп шарқ ұрып өзім жүрем
Мама, мен кім болуға тиіс едім?

Періштелер бұл сенің өңің дейді,
Ал, көнбістер өмір ғой, өмір дейді.
Көз алдымда бар тылсым билейді кеп,
Басқаларға неге олар көрінбейді?

Осыншама зіл батпан неге менде ой,
Бұлттар, үзіп ап қалшы ере бермей.
Тірімін бе,
бармын ба, айтшы, мама,
«Сені өмірге әкелгем»- деген ең ғой…

Бар керегім тұрса да түгенделмей,
Тіршілікке келемін түр, өң бермей.
Мама, мені кешірші, Құдай өзі,
Мені өмірге өлең қып жіберген ғой.

Ерік НАРЫН

Qasym.kz


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика