Ақерке Әбдікәрім: «Күн шыққан шақта келем…»

30 ноября 2018

Әбдікәрімова Ақерке Қаламбайқызы 1998 жылы 23 желтоқсан күні Өзбекстан республикасы, Науаи облысы, Кенимех ауданында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің 3-курс студенті. Республикалық «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр мүшайрасының жүлдегері, дәстүрлі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты VIII республикалық мүшайра жеңімпазы. Өлеңдері мерзімдік баспасөздерде және республикалық «Қасым» журналында жарияланған.

 

 

 

Күндерім жоғалды алаңсыз,
Деуші едім өзімді еркінмін.
Сіз маған бейтаныс адамсыз,
Мен кіммін?

Жөні жоқ сәлемді алудың,
Адамдық болған ба тым құнсыз?
Мен сізге бейтаныс арумын,
Сіз кімсіз?

Қай мезгіл кетті екен таныс қып,
Қыс па, жаз, көктем бе, мүмкін, күз?
Бейнеміз суықтау һәм ыстық,
Біз кімбіз?

Сіз

Ең соңғы рет сізді көрсем деп едім,
Мүмкін, енді тоғыспас та жолымыз.
Мен өзіме тауып алам керегін,
Сіз бақытты болыңыз…

Өткен күндер оралмайды қайтадан,
Мені ойлаумен өтпесінші түніңіз.
Мұңаймаймын деп өзімді айта алам,
Сіз күлімдеп жүріңіз…

Кетсемдағы көзден,
Қалам көңілде,
Батар кезім жетті-ау болсам «Күніңіз»,
Мен өтсем де күліп өтем өмірден,
Ұзақ өмір сүріңіз…
Сіз…

Қарағандыға кеш барам
І
Еңсемді бұлай түсірмегем-ді,
Дауа жоқ шығар еш маған,
Сағындырғаны үшін мен енді,
Қарағандыға кеш барам.

Кеш барам енді, күліп нетесің?
Қайран жоқ келер от күзден,
Бүгін кешкісін жүріп кететін,
Билетімді де өткізгем.

Ешкім: «Келдің бе,Күнім?- демейді,
Жаныма бара салмайды.
Ешбір жан қарап күлімдемейді,
Ешкім де күтіп алмайды.

Түнгі келбетін танып даланың,
Атып жатқанда таң күліп,
Күзді өзіммен алып барамын,
Артыма жазды қалдырып.

ІІ
Мен күзді алып келдім,
Арманға жол алдым да,
Көзімді танып дер кім?:
«Ерке қыз,оралдың ба?».

Сағыныш толған кеуде,
Жақсы әнмен бір ме еді ішкі үн?
Жаңбыр боп жауған Жерге,
Тамшымен бірге түстім.

Жан-жаққа алаңдап ем,
Жаутаңдап көздерге көп.
Кел, күтіп алам деген,
Әпкем де, жездем де жоқ.

Беретін күнде кеңес
Жақындар жат па менен?
Мен енді түнде емес,
Күн шыққан шақта келем…

Менің «Сіз»-ім сіздік «Мен»-нен жоғары,
Екеуміздің көреріміз көп әлі.
Пешенеге тағдырымыз жазылған:
Кім бақытсыз, кім бақытты болары.

Сіз де, мен де өзгелерден ұшқыр ек,
Мендік «Қиял» сіздің «Ойдан» күштірек.
Көгершінге мен ғашықпын деген ем,
Алдыңыздан талай мәрте ұшты кеп.

Тағдыр заңы — ғашықтарды тең етпеу,
Сөзіңізден ішкі ойым бөлектеу.
Маған қиын шын сүйемін деп айту,
Сізге оңай тек сен ғана керек деу.

P.S
Кешір деумен үзіп кепсіз тағы гүл,
Жек көру мен сүю — өмір заңы бұл.
Ұнатып ем, ұмытамын сізді енді,
Аяғыма жығылыңыз, БӘРІБІР!

Тереземнен қарайыншы жолға мың,
Көңіліме көктен түскен жырлар тән.
Сәтсіздігім сәттіліктен болғанын
Өлең айтып тұр, қалқам!

Түсім шындық сәл өтірік өңімнен,
Өліарада туған жырды жаттап қал.
Өлең жазып алғанымша,
төгілген
ерімеші, аппақ қар…

Көздерімнен құлап түсіп тамшылар,
Ақ қыс аппақ маңдайымнан өпсін кеп.
Мүмкін мені түсінетін қар шығар,
Кінә артпаймын көпсің деп.

Тылсымыңа, табиғат, не тең келер…
Аппақ әлем, ақ қағазда ғажап мөр.
Қыс қадірін түсінбейтін пенделер,
Тереземнен қарап көр!


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика