Айзада Сәдуақас: «Өлеңдерімде ұйқасқа бола құрылған өтірік жоқ»

16 июня 2017

— Айзада, бүгінгі сұхбатты жалпы сіздің болмысыңызды ашу мақсатында, ішкі әлем мен өмір сүру салтыңызбен етене таныс болу үшін арнап отырмыз. Қазіргі таңда, өз оқыту орталығыңызды ашуды көздеп отырсыз, шығармашылықпен де айналысасыз, ақпараттарға сүйенсек, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру агенттігінің бастамасын да қолға алғансыз. Ендігі жоспар не?

— Ендігі жоспар қолға алған ісімді ары қарай дамыту, жетілдіру. Мүмкіндігінше, ойдағыдай жүзеге асыру. Ал идея, мақсат деген ол жүре жаңарып, пайда болып отыратын дүние. Сондықтан, алда не болары белгісіз. Бір айтарым, уақытты пайдалы іске жұмсауға ниеттімін.

— Байқауымша, өзіңізді үнемі бақылауда ұстауға тырысасыз?

— Мен мектеп бітіріп, оқуға кетерде жалғыз қызын алғаш рет жат қалаға жіберерде анам қатты уайымдады. Сонда өзіме анамның көзімен қарап, өзімді өзім қадағалап жүруге уәде бергенмін. Қалай болғанда да адамның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы үнемі ел назарында болады. Әсіресе, қыз баланы сынап қарайтындар көп. Осы уақытқа дейін ата-анамның сеніміне селкеу түсірмедім деп ойлаймын.

— Өзіңізге деген сеніміңіз берік пе?

— Өзіме сенімдімін. Басқаша болуға болмайды.

— Қаншалықты батылсыз?

— Қаншалықты жалғыз болсам, соншалықты батылмын.

— Жалғыздық туралы әңгіме жасы жиырмадан енді асып келе жатқан жас буынға жараса ма?

— Ақиқатында адамның бәрі де жалғыз. Бірі ерте, бірі кеш түсінеді. Біреулері мүлде түсінбейді.

— Әр адам – өзіне-өзі іштей сыншы. Бұл тұрғыда не айтасыз?

— Айнаға көп қарайтын, ақиқаты мен ақылының арасында адасып жүретін адаммын. Өмір дегеннің өзі – адасу үшін берілген лабиринт. Өз дінімді тапқан күні адасу сағаттары да тоқтайды.

— Өлең сіз үшін не?

— Дұрысы, мен өлең үшін кіммін?

— Ақын болу арманыңыз ба еді?

— Бұған дейін де, қазір де ақын болуды армандаған емеспін. Өлең келді мен жаздым. Өлең кетті, мен іздемедім.
Бұл менің қауқарымда емес. Көңілім қаласа, көп болса сол өлеңдерді жарияламауға ғана шамам жетуі мүмкін. Бірақ, өзіңді өзіңнен жасыра алмайсың. Жалпы, әлденеге жан қалауыңнан тыс шектеу қоюдың өзі соған деген тәуелділіктің дәлелі емес пе? Бұл тұрғыда еркінмін.

— Осыдан бірнеше уақыт бұрын мүлдем өлең жазбаймын дедіңіз? Мұны қалай түсінуге болады?

— Ол рас. Адамдар әр уақытта шыншыл. Тек олардың шындықтары өзгеріп отырады. Өткен уақыт менің де көзқарасыма әсерін тигізбей қоймады.

— Өлеңдеріңіз қаншалықты мықты? Өз замандастарыңыздың алдында көш ілгері бастап жүре ала ма?

— Салыстыру арқылы біз көп нәрсенің өзіне тән болмысын байқаудан қаламыз. Салыстырудан аулақпын. Менің өлеңдерім менің тағдырым. Басқаның өлеңі басқаның тағдыры. Мен басқаның тағдырын қалай жырлаймын? Шынымен жазылуға тиісті дүние бұйырған күні жазылады. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Фанатизмнен аулақпын. Сондықтан, өлеңдерімде де ұйқасқа бола құрылған өтірік жоқ.

— Көбінде адамдар сыртқы болмысымызға қарап, ой қорытып жатады. Байқауымша, әдемілікке көп мән бересіз. Жалпы, көптің назарында болғанды қаншалықты жақсы көресіз?

— Әдемілікті қанша жақсы көрсем, еркіндікті де соншалықты жақсы көремін. Егер әлдекімдер маңайымнан қаумалаған назарды ұнатады десе, ол мүлде олай емес. Шындығында тым қарапайыммын. Тек оқшаулығым басым. Оңашалықты жақсы көремін. Кітаптың мұқабасы оның ішкі мазмұнына кепіл бере алмайды ғой. Адамның сырт келбеті де солай.

— Демек, өзіңіздің ішкі әлеміңізді де мінсіз санайсыз ғой?

— Мінсіз емеспін, Құдайға шүкір. Мінсіз болсам, жер басып жүрмес едім. Ниетім-түзу, көңілім-таза. Бұл факт. Бар болғаны сол. Менің жан дүнием-менің бағым. Ал мен оның бағбанымын. Өз-өзін сыйлайтын кез келген адам өз бойын қоқыс қылықтарға толтырмай, таза ұстауға тырысады.

— Сөзіңізге қарасам, өмірі қателеспеген адам деп ойлайтыным анық. Десе де, бұл қаншалықты шынайы? Өмір жолыңызда қателік көп болды ма?

— Жаңбыр жаумай, жер көгермейді. Адамның өзі бір табиғат. Әрине, аузымнан шыққан әр сөздің, ойымдағы әр қорытындының кешегі қателіктерге тікелей қатысы бар. Болмаса, мен мұның бәрін қалай түсіндім?

— Достық туралы не айтасыз?

— Олар – менің екінші отбасым!

— Досыңыз көп пе?

— Тілектестерім көп. Басқасынан бейхабармын.

— Достықты байланыстырушы негізгі күш?

— Кез-келген қарым қатынасты байланыстырушы негізгі күш-сенім.

— Жауым бар деп санайсыз ба?

— Мен ешкімге жау емеспін. Жүйкемді жұқартқым келмейді. Қысқа ғана ғұмырдың әр күнін қызықтағым келеді. Мені дұрыс түсінбей, өздерін маған жау санайтындар бар болар. Ақталу білмеймін.

— Ол адамдар сізді жақсы танымай ма? Әлде, керісінше, тым жақсы тани ма?

— Мүлде танымайды. Кім мені білсе де, мен қалаған шекараға дейін біледі. Қалғанының бәрі жорамал. Кім кімнің жорамалына жауап бере алады? Адамның өзі де өз жорамалына жауап бере алмайды.

— Адам бойындағы қандай кемшілікті көтере алмайсыз?

— Көреалмаушылық, іштарлық, ниеттің тарлығы. Адамның көңілін, ниетін айна қатесіз бірден танып, сезіп тұрамын. Көп күліп, іштегісін бүгіп қалатындарды да, түс жылытпаса да, іші жылып тұратындарды да… Араласып тұрған адамның бойынан жасандылық, жалғандық байқасам, ол адамнан мейлінше алыстап кетемін. Іштерінде кейіннен келіп, «жоғалып кеттің ғой…» — деп, жаттанды сөзбен, жайыңды сұрап жататындары болады.

— Ондайда не деп жауап бересіз?

— Ештеңе демеймін. Мен адамдарды түзетуге тырыспаймын. Ақталғандарын да қаламаймын. Сондықтан, іштей бір шешімге келсем, оның себебін біржола айтпай кетуім мүмкін. Мен де пендемін ғой. Мен де кінә, қатесіз емеспін. Бірақ, еш уақытта, ешкімге көреалмаушылық танытып, іштарлық көрсеткен емеспін. Мұндай пасық қылықтар адамның ақыры.

— Келер күннен не күтесіз?

— Ештеңені күтпейтін Айзаданы.

— Сіздіңше махаббат бар ма? Өміріңізде басыңыздан өткен ғашықтық туралы не айтасыз?

— Бар. Бірақ оның біржақты сезімге еш қатысы жоқ. Махаббат – екі адамның бір-біріне деген өршімесе, өшпейтін сезімі. Азды-көпті ұнату басымнан өткені рас. Оған өлеңдерім куә. Алайда, мұны ауыз толтырып айтатындай махаббат демес едім. Біздің қоғамдағы махаббат деп жүргеніміздің басым көпшілігі «себепті ұнатудан», бойындағы қандай да бір қасиеттерін жақсы көруден, не болмаса аңсаудан туындаған. Яғни, адамның жай ғана бар болғаны үшін, оның тәнін емес, жанын сүю-бәлкім сізге де, бәлкім маған да бұйырмайтын ерлік. Махаббат біздің тағдырға бет бұруы үшін біз тым пендеуиміз. Шынайы сезім-кие. Ол екінің біріне қона береді дегенге сенбеймін. Қол ұстасқан жандардың бәрі шынайы ғашықтар деп айта алмас едім. Мұны қажеттіліктен туындаған сезім деген абзалырақ болар.

— Сағыныш ең көркем сезім дейді…

— Сағыныш менің қаныма сіңіп кеткен. Сағынышпен таң атырып, сағынышпен кеш батырамын. Сағынатын туған өлкем бар… Сағынатын кезеңдерім бар… Асылдарым бар. Жанның шипасы-сағынышыңның себебімен жолығу.

— Жаныңыз жайсызданған көңілсіз шақтарда не істейсіз?

— Жанымды жайына қалдырамын. Сол күйімді артық сұрақсыз, сабырмен өткеруге тырысамын. Жүрек тыншымаса, демек оның да бізге беймәлім бір себебі бар. Себептің анықталғанын, болмаса, немесе күмәннің сейілгенін күтемін.

— Жаныңызды не жадыратады?

— Отбасымның қуанышы. Бар болғандары. Амандықтары. Жолымда кездескен «жанды» адамдар.

— Жалпы жадырап жүру, орынымен күлу арқылы көп келеңсіздіктердің алдын алуға болады. Ол да кейде өзінше бетперде. Күнделікті өмірде өз ортамда күліп жүруге тырысамын. Айналаңдағы адамдарға сенің көңіл күйің тікелей әсер ететіндіктен, қоғам пікірімен де санасу керек.
Армандарыңызбен бөлісе отырсаңыз?

— Арманым көп. Өмір сүруге құлшыныс беретін стимул да сол арманның бар болуында. Қандай армандарым бар екендігін, бұйырса, орындалған күні білесіздер.

— Бүгінгі таңда қандай армандарыңызға қол жеткіздің?

— Бастысы, ата-ананың амандығы. Бауырдың бүтіндігі. Жақындарыңның жарқын жүздері. Мені талпындырушы күш-менің отбасым. Бүгінде армандарымның алғашқы баспалдағында тұрмын десем де болады. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді демекші, жан-жаққа шашырау жоқ. Бұйырса, өз кезегімен барлық армандарыма қол жеткізетініме сенімдімін. Бәрі де уақыт еншісінде.

— Мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рақмет! Көңіліңізге жаз сыйлар жақсылықтар көп болсын! Бастамаңызға сәттілік тілеймін! Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!

— Әумин! Сізге де үлкен рақмет!

Сұлтан Жомартұлы

«Қасым-ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика