Айтылмайтын әңгіме

23 Мамыр 2018

Дені сау сұрақтың дұрыс, дұрыс емес және шын жауабы болатындай, әңгіменің яки сөздің айтылатыны не айтылмайтыны болады. Айтылмайтын әңгіме жайына ығысайық…

Қазақта, қазақ әдебиетінде дейікші, «Біржан – Сара» айтысы деген әдемі айтыстың жазбаша нұсқасы бар. Айтыстың мазмұнында Біржан Сара отырған отаудың жанына келіп айтысты бастап кетеді. Ал, шынында бұл болмаған айтыс. Әріп Тәңірбергенов фантазиясының талантымен ұштасқанының арқасында дүниеге келген Қазақ Айтысының әдемі үлгісі. Бұны білеміз, бірақ, айтпаймыз.

Қыз Жібек жырын білесіздер. Сүйгені Төлеген, тигені Сансызбай. Жә, айтпағым бұл емес. Сансызбайға тұрмысқа шыққан себебі, Төлегеннің өлімі ғой. «Қыз Жібек» жырының желісі бойынша Төлегенді Бекежанға атқызып өлтірдік. Атқызғанда да, артынан атқызып қойдық. Анығында ше?
Бекежан – батыр. Батыр болғанда да «понятиесі» бар батыр. Оған өзінен жарым жас кіші адамды өлтіріп, атын былғап керегі не?. Сонда Төлегенді кім өлтірді?
Төлеген бір шаруаларымен салт атты кетіп бара жатады ғой. Бір сайдан асып бара жатқанында, жол торып, ұрлық-қорлықпен күн көріп жүрген КескенТерек дейтұғын ұры Төлегеннің астындағы Ақбозатқа қызығып өзінің қырық жігітімен қоршай алып, тонап, өлтіріп кетеді. Ол оның Төлеген екенін білмеген, Төлегеніңнің кім екенімен де шаруасы болмаған.
Күйе неге Бекежанға жабылды?
Бекежан – Беріш. Беріш – Ақсүйек тұқымы. Бітті, болды.

Тарихтың айтатынының бәрі шындық емес. Тарих өзіне ыңғайлы қылып кесіп-пішіп ала салады. Бұның рас, өтірігін біле тұра ешкім ештеңе демейді. Себебі бұл бірнеше ұрпаққа рухани азық бола білген туындыға өзгерту еңгізуді талап етеді. Ал, өзгертіле берген дүние қадірін жоғалтады, құтын қашырады, күмән тудырады. Сондықтан шындықты біледі екенмін деп, шапылдай беру – жөн іс емес. Өтірік те пара секілді қоғамға керек. Керек емес дүниені қоғам қолданыстан шығарып тастайды. Ақылға қонымды, жап-жақсы болып тұрса несі бар?
Айтар сөздің орнын білмек керек.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика