Айгүл Жұбаныш. Ақымақ

28 июня 2019

АқымақСаябақта отырған екеу. Қызды қапсыра құшақтаған жігіт:
— Өмір ойынынан өзіңдей аруды ұтып алғаныма қуаныштымын жаным, — деп шашынан иіскеді.
Сұлу сөз құлағына жаққан Жангүл әсем жымиды да:
— Сіз ойнаған ойынға неше ару қатысты екен? – деді назданып.
Жігіт қыз бетінен иіскеп:
— Менің пешенеме жазылғаны сен екенсің. Басқасын қарамаппын, — деді.
Қыз: «Сенбеймін саған», — деді бұртиып.
Үнсіздік орнады. Баяу тербелген жел қыз шашын тарамдай бастады. Арудың жүзін жапқан шашын түзей бастаған жігіт ақша бетінен өпті де:
— Нәзігім менің, сені бір сәт көрмесем сағынамын. Сенесің бе, сені бәрінен қызғанамын. Мынау көктен де, шөптен де, гүлден де, теректен де, қыратты белден де өзіңді қызғанамын. Міне, қарашы, қасыңда отырғанның өзінде жел тұрып, шашыңнан иіскеп, ай дидарыңды аймалай бастады. Көрсетемін мен саған!
Қыз сықылықтай күлді.
— Ақымағым-ау сол (жігіттің мұрнынан қысып), түнгі дауыс қатты шығатынын білесің бе? Елден ұят болады.
— Сені ұнататынымды ел естісін, Жангүл…
Қыз ойланып, біраз отырды да:
— Білесің бе, мен сені, ым-м-м, ым-м-м, тек қыздардан қызғанамын.
— Менің қызым сен ғана…
— Анау жұмысыңдағы қыздар саған қоңырау шала береді ғой. Күн демейді, түн демейді…
— Менің жұмысымды білесің ғой…
— Сен үнемі қызметіңді сылтау етесің…
— Өмірімнің қырық пайызын қызметіме, елу пайызын бауырларыма арнаған адаммын мен, білесің ғой…
Қыз ойлады: «Мына жігіт қандай ақылды. Бауырларының жағдайын ойлайды. Демек бауырмал. Ертең отбасының тірегі бола алатын азамат!..»
Сәлден соң қыз:
— Сонда маған жүрегіңнен тиер үлес он пайыз ғана ма? – деді қабағын түйіп.
— Нәзігім сол, қызғаншағым сол, мен өмірімнің кешегі күндерін ғана айтып отырмын. Қазір жүрегімнің төрінде өзің тұрсың Жангүлім?
— Үнемі алдай саласың осылай…
— Имандай шыным. Қызды алдау әдетімде жоқ. Менің де қарындастарым бар…
— Мен сені жақсы көремін.
— Жарқыным менің, алтыным менің, сені ешқашан жылатпаймын…
Жігіт ойлады: «Қармаққа оңай іліне салатын балық тәрізді неткен аңқау қыз ең? Ауқатты отбасының қызын келін ету – бақыт баспалдағының алғашқы сатысына қадам басқанмен тең!»
— Жанымның гүлі, екеуміз шаңырақ көтеріп…
Жігіттің сөзін жел ұшырып әкетті. Долы жел сұлудың мөлдір сезімін лайлауға келген жігіт пиғылын кәдеге асырмауға тырысты. Ашуға мінген дауыл алдымен талтеректің жапырақтарына тиісіп, жерге ұшырды. Жазықсыз жапырақтар дір-дір етеді… Жігіт қайта сөйлемек болып еді, жел енді оған тікелей шабуылға көшіп, шашына «тиісті». Жігіт ашуланып шашын түзеп еді, жел тыңдамады. Тағы да шашын жөндеді, бірақ, бәрібір тыңдамады, «мазақтай берді, мазақтай берді». Желдің адалдық үшін күшке мінгенін көрген аспан қаһарлана бастады. Жауынды сылтау еткен жігіт қызды тастап, алдыға қарай оза түсті. Артына бұрылып қарамады да. Қыз саябақтан жалғыз қайтты. Ол бүгінгі әдемі кештің шырқының бұзылуын ауа райының қолайсыздығынан көрді.
Ақымақ!..

***

Жігіт хабарсыз кетті. Сағыныш сезімі Жангүлдің жүрегін ауық-ауық жұлқылап, көз жасын көл етті. Қыз жаны гүлдей сола бастады. Бірде құрбылары оның басқа аруды құшағына қысып, бірнеше рет мейрамханада думандатып жүргенін айтты. «… Қызды алдау әдетімде жоқ. Менің де қарындастарым бар». Сиқыр сөзге алданғанын сұлу түсіне бастады. Жан-дүниесі көңілсіз әлемге бойлап, күрсінісі көбейді. «Уақыт – емші», — деді өз-өзін жұбатып.
Жігіт аңдамай жүріп екі оттың ортасында қалды. Мейрамханада кездесіп жүрген бейтаныс қыздың аяғы ауыр. Бірақ, ол қыз құрсағындағы шаранаға әке болуды қаламайды. Өзін өзгеден биік санайды, Ақымақ!..
Оның бар сенері Жангүл ғана. Қызмет шырмауынан шыға алмай жүргенін айтып оған қоңырау шалды. Еркелетті, еркеледі. Жангүл селт етпеді. «Қаражат жағынан қиналып тұрмын, нәзігім. Көмектесесің ғой». Жангүл жігіттің өзін емес, ақшасын жақсы көретінін түсінді. Бірақ, бәрібір аяушылық сезіміне басты. «Ер жігіттің басынан нелер келіп, нелер кетпейді. Қиналғанда көмектескен сауап!..»
Олар тағы да саябақта кездесті. Жігіт жақында мерекені бірге қарсы алатынын айтып, қызды сүймек боп оқталып еді, дала дауыл боп кетті. Жел жігітті мазақтағандай, шашына «тиісті». Ол ашуланып, шашын түзеп еді, жел тыңдамады, «мазақтай берді»…
… Қолына түскен ақшаны жігіт әлсін-әлсін санайды. Жангүлге бұл жолы дән риза. «Егер ол ақша бермегенде…»

***

Жана жыл. Жұрт жақындарына ақ жарма тілектерін жолдап жатыр. Бейтаныс қыздың әлегінен құтылған жігіт кеше Жангүлге «Жылды бірге қарсы аламыз», — деп хабарласқан болатын. Қыз терезе жақтауына сүйеніп, елеңдей қарап тұр. Пәтерде бірге тұратын құрбылары әлдеқашан сүйгендерімен қыдыруға кетіп қалды. Үйде өзі ғана. Одан әлі хабар жоқ. Сағат тілі 00.00-ге таяп қалды. Қыз жылады. «Сені ешқашан жылатпаймын!..» Телефоны шыр етті. «Бәсе, ол сөзінде тұратын жігіт қой…» Қоңырау шалған ол емес, ақын досы екен. «Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын», — деді. Қыз күрсінді.

***

— Мен Жаңа жыл күні көп ішіп қойыппын. Ренжімеші…
— ?
— Сол күні үйге достарым жиналған еді. Бәріміз бас қосқан соң, білесің ғой, тойлаттық. Таң ата есімді жидым…
— ?
— Үндемей жазаламашы! Білем, мен ақымақпын. Бақытымды бағалай алмадым.
— Кеш, бәрі. Біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз…
— Маған бір рет мүмкіндік бер, өтінем.

***

Түсік жасатқан қыз Жангүлді іздеп келді. Енді ол құрсағына бала бітпейтінін, бесік тербете алмайтынын, келешектен үміті жоқ екенін айтып егіледі. Жангүл қызға қосыла жылады. Ол өзінің ақымақтығына, қайта оралмас уақытының кей бөлігін ақымақ жігітпен өткізгеніне налыды. Мына қыздың кейпін кешпегеніне іштей шүкіршілік етті. Жігітке қоңырау шалып, қызды жылатпауын өтінді.
— Сен – ақымақсың, — деді Жангүл жігітке.
— Білемін.
— «Бір оқпен екі қоян атудың» тактикасын доғар! Қызды жылатпа. Ол сенің тумай жатып, тұншықтырып тастаған перзентіңнің анасы.
— Ол қыз өмірден өзіне тиесілі сыбағасын алды.
— Сен неткен қатігез едің?! Осы уақытқа дейін кіммен араласқанмын!
— Сен – ақымақсың, Жангүл!
— Білемін.
— Сен маған үнемі көмектесесің. Өйткені мені жақсы көресің! Мен сенің осы аңғалдығыңды пайдаландым! Қасыңда отырған қыздың көз жасына сенің де қатысың бар, өйткені, түсікке ақшаны сенен…
Жангүл ашуға булығып, телефон тұтқасын қоя салды. «Намыссыз», — деді жылап. Қос қыз бірін-бірі жұбата алмады.
Жігіт бұл күні тым көңілді еді. Өйткені ол мейрамханада жас сұлумен табысты…

***

Жігіт ғаламтордағы жеке парақшасының біріне: «Өмір ойынынан бір қыз ұтып алсам», — деп жазыпты.
Ақымақ!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика