Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. ТЕК ПЕН ЖАД

28 октября 2017

Герольд БЕЛЬГЕРБіз, қазақ тек туралы бұрын жиі айтушы едік. Тектілік дәстүрлі қазақ қоғамы мен дүниетанымы үшін ең маңызды тетік болып табылды. Нағыз қазақ тектілікті барша дүние құндылығының басы санайтын. Қазір тектілік туралы танымға қарынбайлық дүниеқорлық жегі түсті, кілең дәулеттіні текті санайтын адасу шаң беріп қалады.
Меніңше, тектілік нышан адамшы­лық­тың негізі – адалдық пен иман. Құдайдың бір аты – Адалдық, бір аты – Иман. Адалсыз иман жоқ, имансыз адалдық жоқ. Егер бір адамның бойынан осы екі асыл қасиет табылса, оның генетикалық кодында, көгінде аса бір кінәрат, тексіздік синдромы жоқ деп айтса қате болмас.
Герольд Карлович Бельгер. Герағаңды халық шынайы құрметтейді, қадір тұтады.Оның қазақ әдебиеті мен руханиятына көп қазақтан артық еңбек сіңіргенін, ұлтқа адал­дығын бек біледі. Қайраткер жазу­шы­ның кісілік тұлғасы айнымай қалыптасуы – ата-ана қасиеті, қанмен беріліп, сүтпен сің­ген шынайы тазалық несібесі.
Неміс ұлтына тән ірі өлшемдерді әсте ұмы­туға болмас. Құдай әр ұлтты тегіннен-тегін әртүрлі қылып жаратпағаны айдан анық. Неміс халқының ерек мықтылығы ке­сектік, философиялық түпкі таным, өнер мен руханияттағы биік жетістіктерімен, эко­номикадағы патшадай орнымен өлше­не­ді.
Сансыз соғыстар қинап, әлсіреген, бы­тыраңқы Европаны 1648 жылы Вестфаль бей­бітшілігіне негізделген, прогрессивті идея­ны қолдау арқылы Европалық қауіп­сіздік жүйесін жасаған реформа. Ол Бірік­кен Европаны дүниеге келтіріп, Батыс әле­мінің тұтас аман қалуына жол ашты. Вестфалия, солтүстік Германия, Рейн, Мюнс­­тер готикалық шіркеуі. Діндер мүддесі мем­лекеттер мүддесіне жол берді. «Дер­бес­тік» және «ұлттық мүдде» деген жаңа ұғымдарға негізделген Вестфаль келісімі. Бұл құнды дерек Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» атты кітабында бар.
XX ғасырдағы фашизм идеясын, қыр­ғын соғыс құрбандарын мемлекетті тиран билегенмен тұтас бір халыққа таңа алмайсыз.
Неміс прозасы іргесін қалаған Мартин Лю­тер, 14 ғ. 1521-1534 жылдары, 13 жыл бойы оның әдеби қызметі «Новый Завет», «Ін­жілді» неміс тіліне аударды деп жазды Ф.Энгельс. Гете ұлы ақын, ойшыл, жара­тылыс­танушы философ пұтқа табыну ке­зеңі­нің көркем құпиясын құлай сүйген, хрис­тиандық ілім туралы айта бермейді.
Неміс поэзиясы бастауында халық ән­дері, жыр. Ганс Сакс, Гете, Шиллер, Гельдер­лин, Гофман, ағайынды Гримм, Гейне, Гаупман, Гессе, неміс классиктері есімін «Г» әр­пі еншілейді.
Неміс қазақ дүниетанымына жақын ке­лер рухани ерекшелігі, еуропалық ха­лық­­тар арасынан қара үзіп шыққан ірі эпо­сы, дүние шырайын эпикалық көруі деу­ге әбден болады. «Нибелунгтар туралы жыр», И.В.Гете өлеңі, поэмасындағы эпи­ка­лық аңыздық негіз, Гете-Лермонтов-Абай үндестігі бұған айғақ. Неміс елімен қа­зақтың рухани байланысы ешқашан үзіл­мейді. Бұған мысалдар мол.
Герольд Бельгер әке бейнесін өлмейтін жанр – прозаға аманаттады. «Әкем туралы әң­гімелер» атты кітабы (2009) қазақы ұғым­да жалғыз ұл –құдайдан тілеген перзент, оның асыл әкеге сүйіспеншілік құр­ме­ті­нің беллетристикалық үлгісі.
Карл Фридрих Бельгер (1909-2002) Еділ бойы немісі, ол туған Мангейм селосы, не­міс автономиясы қазір жер бетінде жоқ. То­талитарлық сталиндік тәртіп Совет Ода­ғындағы көп халықты езіп-жаншыды, не­міс, қазақ, орыс, Кавказ жұрты тұтылды. Әбі­лет басқан 1937 жылы «Халық жауы» деп қара таңба басқан тұқымның бір жал­ғасы менмін. Туған атам Кемелбай Насырханов құдайсыз дәуірдің миллиондаған саяси құрбанының бірі.
Жазушының әкесіне арнаған «Дом ски­тальца» аталған романында (2003) Еділ-Вол­гадағы Энгельс қаласы маңындағы Ман­гейм туралы дерек ностальгия, этнос­тық құса, трагедиялық сарын арқылы бе­ріл­ген. Жазушы әкесін Давид Эрлих есі­мі­мен бейнелейді. Ауыл дәрігері, фельдшер. Орыс­қа пейіл берген ағасы Давидпен са­лыс­тырғанда немістік қалыбын сақтаушы, тегін қорушы туған інісі Христьян көзі жасаурап: «Жоғалған отанның картасы…», – дейді тығулы картаны көргенде.
Романда неміс тілінде: «Менің үйім жоқ, мен­ де енді Отан жоқ. Мен еліме орала алмаймын, мен де енді атамекен қайда?» де­лінген өлеңде роман лейтмотиві, кө­тер­ген жүгі, жүзжылдықтар ауысқан сайын та­мыр жайған мекеннен аласталу идеясына, баянсыздық зауалға қыстығу сезімі тұр. Атамекенді сағыну, оның ұшығын жер бетінен таппай қалу, шаруашылыққа аса мығым, іскер халық диуана тәрізді күн кешуге мәжбүр болса, бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін?! Христьянның аузымен айтылар ақиқат бар, оның ерен патриот, ұлтшыл болуы есімінің этимологиясымен тығыз байланысты, әсте діни сипатсыз емес.
«Сірә, тарихи қалыптасу бұл. Немістерге өз­дерінің ергежейлі княздықтары тар­шы­лық етті. Ұдайы жойқын соғыстар, кедей­ші­лік, жұқпалы дерт оба мен тырысқақ, жаңа қоныс іздеуге ділгірлік, бейбіт тір­ші­лік кешуге құлшыныс… өзен маңы күтімі ке­ліскен бақ, жасыл табиғат аясы, тоған су. Неміс рухының асыл мұраты осындай», – бұны айтқан Христьян.
«Олар жаңа жерлерді ерен көркейтіп, адал еңбегімен гүлдендірді. Неміс пана­ла­ған мемлекет басына іс түссе-ақ келімсек­тер деп айыптап, барша кінәні соларға жауып шыға келеді. Әміршілердің күнәсі үшін халық ауыр құн төлеуге ылғи мәжбүр болады. Еділ бойы немістерінің дәулеті мен берекесі жоғарғы биліктің жек көрушілігі мен күншілдігін оятқаны қашан».
Асан Қайғы сияқты ұлт несібесін ойлап күйзелген Христьянның түйдек-түйдек шұ­быртпалы толғаумен айтатын жан ашуы, жүрегін кемірген зіл қайғысы бұл.
«Біздің үйіміз – үйсіздік болғаны ғой. Бә­ріміз бұрынғыша үйді армандаймыз, ошақ басы, туған түтінге тартыламыз. Бі­рақ біз жадты жоғалтқан сәттен бастап ша­ңырақсыз боламыз. Қаңғыбастың үйі – жад. Ес-жадың өшпесе сен тірісің. Қайда мекен етсең де. Қай жерге үй тұрғызсаң да. Жад – біздің үмітіміз. Оны бізден әр­қа­шан тартып алуға, құртып-жойып жіберуге тырысып келді. Біздің ата-бабаларымыз орыс кеңістігіне аяқ басқан сәттен-ақ солай етті. Ал біз қарсы тұрамыз және жадымызды күзетіп, мықтап сақтаймыз. Бізді құтқаратын тек жадымыз…».
Бұл ретте немере ағасы Христьян мен Ге­рольд Бельгердің рухани туыстығы, ойлауы бірдейлігі айдай анық. Расында жазушы сол жадты өлтірмеу үшін туды.
«Тұйық су» сарыны осы жоқтау: Отаным қайда? «Ресейде туған, Қазақстанда тұр­ған, Германия азаматы – Эдмунд Ворм, оның Отаны қайда?». Тарихи атамекені, гер­ман жер-суы Эдмунд Вормға Отан болып кеткен жоқ, тұрғылықты жері болмаса. Өз қолымен салған патша сарайындай қос қа­батты үйін бірге өскен қарындасы сияқ­ты Әсимаға тастап кетті. Анасы Паулина алыста қара жұмыста жүргенде, қазақ әйелі Хадиша пана болып, неміс баласын асырап, сақтаған. Германиядан ол ауылына он жылдан кейін оралып, үш күн аунап-қунаған.
Жер атауы «Тұйық су» болғаны, жігіт аға­сы Эдмунд санасы тұйыққа тіреліп, жа­ны мынау өзгерістен өлердей құлазуын автор сөйтіп тұспалдайды. Тұйық атау – қи­сық тағдыр. Риторикалық сауал, басы ашық, жауап таппаған жан күйігі, тамырын тереңге жібере алмай өксік шалған өгей­лік, Совет өкіметі геноцидке ұшыратқан күйік жазушының бірер кітабының эпилогын құрайды.
Неміс елі, бабалар жері Эдмунд Ворм­ның немерелеріне нағыз Отан болары даусыз. Таураттағы тәмсіл, адасқан ұлдың оралуы сарыны ескірмейді, дәуірлер озған сайын ол жаңа мазмұнмен ылғи қайталана бермек. Адамзат жаппай тұтылар адасу. Қазір қазақ жеріне небір шетелдіктер, аф­рикалық нәсіл тұрақтап қалуға келе бастады. Кейбір қазақ Американы, Европаны сағалап, елден безіп, көшіп кетті. Ассимиляция, жатты малдану соңы.
Адам баласы ұя басқан мекенінен мер­зімі келіп, кенеттен кетуге, өзге елге қаң­бақ­ша көшуге мәжбүр болса, әзиз жаны қи­налмай тұрмайды. Герағаңның үш бірдей ро­манында бұл елдік құса тұнып тұруы тегін емес. Қаны мен рухы неміс, бойына қонған мәдениеті тевтон-славян-түркі, тілі не­міс-қазақ-орыс. Мұның қаншалық ар­тық­шылығы мен астары, қуаныш пен шері барын бір білсе, тек Ғерағаң білер.
«Қаңғыбастың үйі» атты романда автор немістердің Ресейге алғаш қоныс тепкен уа­қытын дәл атайды: 14 шілде 1764 жыл. Пат­ша қатын Ұлы Екатерина қалауымен, кай­зерин манифесті бойынша Еділ бойына Ев­ропадан қалың ел келді. Топырағына тар­тып, жазира даласындай кең қазақ «Ел­ге ел қосылса құт»,– дейді. Берекелі, өнер­тапқыш, еңбекқор, мұқият, тазалыққа жа­ны құштар неміс халқынан, жасыратын түгі жоқ, ормандай орыс, бертінде қазақ­тың үйренгені, алған қазынасы көп болды.
Тевтон нәсілі Европадан Еділге ауып келгеніне нақ 250 жыл болған екен. Ғұн, сақ тайпалары мен тевтон, кельт тайпалары. Есте жоқ ескі замандарда өзара қа­рым-қатынасы болғанын кельт, неміс фо­льклоры, халық балладалары айқын­дай­тын сияқты. Жер бетін мекендейтін барлық халықтарға тән теңіз тасуындай буырқану, алыс-беріс, келіс-кетіс, өзара шапқын­шы­лық, Абыл мен Қабыл тарихы – соғыс пен бейбітшілік бұларды айналып өткен жоқ.
Бұл романда Еділ бойы қазақ қазақ шық­пай тұрғанда арғы тегінің атамекені бол­ғаны туралы деректер бар. Жер атаулары тұнған түркі тарихы.
«Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге Менен қалған мынау Еділ жұрт!.. » – деп XV ғасырда жырлаған Қазтуған жыраудың алаң жұрты бұл Еділ.
Жазушының «Тұйық су», «Қаңғыбастың үйі», «Разлад» атты үш романында далалық неміс бауыр басқан, кіндік қаны тамған туған жері мен тарихи Отаны арасындағы екіге айрылған санасы суреттеледі. Қазақ халқына ерекше тән дүние жалған, дүние шолақ, бес күндік тіршілікке адам қонақ дейтін философия содан шығады.
Соғыс басталған 1941 жылы күзде бұл от­басы солтүстік Қазақстанға, Есіл жа­ғасындағы Қабай-Тұяқ аталған ауылға жер аударылды. 1941 жылғы шілде айы ортасы, Совет үкіметі Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы, Калинин қол қойған. Немістер депор­та­цияға ұшырап, Еділ өзені бойынан кетірілді, жаңа жерлерге мәжбүрлеп көшірілді. Бұл азалы жоғалтулар, бір тектен тараған тұқым тарыдай шашыла бастады. Жаз­мыштың осы бір қатерлі межесін орыс немістері еш­қашан ұмыта алмайды.
Қазақ жерінде Карл Бельгер тұрақтап, 30 жыл өмір сүрді, қазақ тілін білді, зейнетке шықса да, күн-түн демей, шақы­ылған жерден табылып, зәру елді емдеді. «Ха­лық­пен тірлік кешсең, қайғы жоқ. Халық – күш. Халық – теңіз», – деп ол ұлына 28.01.1999 ж. жазған хатындағы ойынан айнымай өтті. Еңбекқорлық пен елгезектік адамның негізгі ұлы қасиеті болса, ол бақытты жан. Жалқаулық пен кесірлік бақсыз сорлыға бітеді.
Автор тек әкесін суреттеп жазбайды, ба­ла кезі, бала Гера бар, автопортреттік шт­рихтармен қоса, туған халқының басына түскен ауыр қасіретті адам тағдыры арқылы; «алтын иек, сары-ала қыз» (Абай)қиял-қоспасыз, табиғи бейнелейді.
Карл Федорович әкесінің Фридрих есімін военкомат орыс тіліне икемдесе де тұла бойы тегіс неміс ұлтына тән ізгі қасие­ті бар жан. Сүйген жары Анна Давыдовнамен екеуі жарты ғасырдан аса тату-тәтті өмір кешіп, ұрпақ өсірді; жер бетінде 95 жыл мәнді өмір кешті, құдайдың ақ өлі­мімен фәниден бақиға көшті. Адалдықтың арқаны ұзын деп астарлай айтқанда, қа­зекең адал адамның жер бетіндегі несі­бесін айтқан. Өз төсегінде, ақ өліммен ат­тану – адалдықтың бір сыйы. Мен мұны ерекше адалдық дарыған, ғұмыры біреудің ала жібін аттамай, кісіге кесірі тимей, тынымсыз еңбекпен өткен нағашы атам Оразхан 82 жасында өмірден озғанда айқын ұққанмын. Бұл адал өту, діни ұғымда ерен маңызды ұғым, екі дүниеге лайық болу.
Соғыстың басы. Қорғаныс қорына кө­мек жинауды Карл Федоровичке компартия тапсыратын тұсы бар. Ұран: «Бәрі де май­дан үшін!». Жер аударылған неміс, мы­на маған қалай сеніп тапсырады?! – деп ол әйеліне сыр шертеді. Қайыршылық ке­шіп, жүдеп-жадап отырған айнала елден салық алу. Әкесі жалақысының жартысын берсе, анасы жүннен қолғап, нәски тоқиды, ал кішкентай Гера жәрдем беруден құр қал­ғысы келмей, асық қапшығын бергісі ке­летін тұсы бар.
Қазақ болмысы мен мәдениетін жанымен сүйіп, қабылдап алған азамат, шығар­машылық жолда қазақ қоғамының қай­раткер тұлғасына айналып, шындық пен ізгілік мерейі үстем болсын деп күн кешкен Герольд Карлович: күллі саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің мәртебесін асыруға арнаған, аса қиын, инемен құдық қазатын ау­дарма жанр жүгін мифтік дәудей арқа­сына салып алған бейнетқор Ғерағаң бұл шағын кітабында көкейінен кетпес жан жарасы, туған ел-жұрты, Еділ бойы неміс басына түскен сұрапыл қасіретті баланың көзімен суреттейді.
Ағайын-туыс уақытты тұтқан құса-шер­ге тегіс тұтылды, қанды зұлмат, қара жұ­мыс, айдаудан ерлер қайтпады, ауру-сыр­қау, қорлықтан өлді. Бұл қаралы кезең еу­разиялық халықтардың баршасын қи­наған нәубет тұс болғандықтан, қанды со­ғыс түтінін өшіріп, тұқымын құртқан, асыраушы ер азаматсыз сорлап қалған же­тім-жесір тағдырлар миллиондап саналды. Фашизм мен коммунизм бұл ретте жендеттікте бір-бірінен еш қалыспағаны ақиқат. Биік идеялар мен асқақ ұрандар жамылып, ажал үстемдік құрды. Көсемдер мен құрбандықтар. Концлагерьлер мен еңбек лагерьлері. Атауы бөлек болғанмен, заты бір тажал болды. Аждаһа аранындай жазығы жоқ бейбіт адамдарды жаппай жұтты. Тарих ақтаңдақтары әлі түгел ашылмай жатыр. Жер мен су ақпарат сақтайды, планета дерексіз болмайды, адамзат өза­ра араздықтан арылмайды, биік Ар соты қиямет-қайым алда.
«Әкем туралы әңгімелер» атты повестің лейтмотиві: адам басына не күн түссе де, құдайдан үмітін үзбей, ар сақтау, адал ең­бекпен жан сақтау, артқыға жақсы іс, асыл бейне қалдыруға мүдделі болуы керек.
Автор балалық шағын суреттегенде қа­заққа тән дүниетаным жиі көрініс табады. Боран бақсыдай сарнауы, әкесінің сергектігін суреттеуі, «Қазақтар мұны «Құс ұйқы» дейді». Ауылда желаяқ атанған ұл, жаман дерт жабысып, жүгірмектермен қоса шауып кететін жаста аяғы гипсте жа­тыр. Мүгедек болып қалу қаупі сейілмей, төсекке таңулы ұлына әкесі көп оқылғанын мұқабасы танытқан бір кітапты әкеп бе­реді. «Суға кеткен тал қармайды», күйкі өмір тәлкегінен, түңілу, жалығудан тек кі­тап құтқарарын сол бала әулиедей ұқты. Пушкин ертегілері. Жан сарайы арайлы ұлы ақынның інжу-маржан ертегі кітабы, болашақ жазушының өмірлік жолын шам­шырақ тәрізді айқындап бергендей әсері бар. «Мені адам қылған ата-анам, ауыл мен кітап. Міне, менің қайнарларым, рухани тіршілігімнің құрамдас үш бөлігі осылар», – дейтін болады ол өскен соң.
«Әкем «Тафай!» дейді, мен «Дәбай!» дей­мін». Әкем неміс екені аузын ашса бі­лінеді, кейпі екі бастан. Менің қазақшама қарап, татар баласы деп қалуға болатын шығар». Балалық естелік әншейін жаңылтпаш емес, тұтас бір дәуір суретін құрайды, қа­зір­гі заман тілінде мұндай құбылысты геосаясат деп атайды.
Бала әкесін үнемі еңбек үстінде көріп өсті. Аулада үстіне ескі-құсқыны киіп алып, жұмыс жасауды ұнататын кейпін суреттеген тұсы Плюшкинді еске салды. Сараңдық, қарынбайлық қарғыс таңбасы түскеннен аулақ, әншейін, құнтты, қолы шебер адам­ның бір қызық мінезі, былайша хоббиі.
Әкесі Есілден ауланған шортанды жа­ғада ат қылып мінетін тұсы кино эпизодтай көрнекті. «Шортан емес, бұл аң!» деп дауыс­­тайды әкесі. Ұзындығы метрден асатын, салмағы он келі шортанды қармаққа іліндір­ген баланы әке сүйсіне мақтайды: «Сенің табысың!».
Осы жұмбақ сәт, Герольд Карловичке тән іріден қарпу, алып іске тәуекел қып, бел буу кейінірек әдебиет атты майданға ау­ған болар. Көз майын, алтын уақытын тәр­жіманың құз-шатқалды қия-қия асуына салғыштауға екінің бірі көніп, бара бер­мей­ді. Әсіресе, тілі тәтті, діні қатты кей адам­­­дар басқаны рухани немесе материальды байытқанды еш қажет етпесі анық. Олар тек қара басын күйіттеуге әккі, біреу­ден алуға, борсықша қор жинауға мейлінше үйренген. Абай жирене жырлаған, «Кісім­сінген жеп кетер білімсіз көп» қуларға Ғе­­р­ағаңның қанша мәрте есесі кетті екен?! Өз басым жақында сондай кепті не­­шінші рет бастан кештім. Ауыр жұмысын қоярда қоймай істетіп алып, ақысын төле­мей, алдап кетеді. Іс бітті, қу кетті! Интеллектуальды құлдық таз кепеші басқа бір­неше мәрте түскен соң, айтпаса сөздің атасы өледі деп қасақана айтып отырмын. Өйткені, әдебиет, драматургия, аудармада әлгіндей құлдану бар. Бұған тек күшті заң, айыптыны сотқа тарту тыйым салуы тиіс. Қайран есіл уақыт, ауызбен орақ орған жал­ған сөзге балаша сенетін аңғалдық, сені қайтейін!
Шөп шапса құмырысқа илеуі мен құс ұясын бұзып алмай, сақ қарайтын Карл Федорович көлге балық өсіретін жері керемет! Бір ірі шаруашылықтың аудан бас­шысы болуға туған тұлға! Бүгінгі нарық заңы мұ­ны ерен іскерлік деп таныр еді-ау. Есіл өзені тасып, айнала су жайылады. Ұзамай томарлы ойпатта қалған уылды­рықтан өс­кен, күн қыздырған шұңқыр сулар толы құ­жынаған ұсақ балық екенін балалар көріп, шабақтарды алақан­дарымен, бас киім, тақиямен аулап мәз болды.
Фельдшер, қазақтар Першыл дейтін Карл Федорович ат жеккен арбаға кеспек пен екі ыдыс байлап, балалармен бірге аулап, шабақ тұқымын тасып әкеледі де, колхоз маңындағы көлге жібереді. Бірер жылда балықты көлге айналған соң ел оны мұның атымен атайды. Ақыры 1950-ші жыл басында балықты көл түбіне тың игеру­ші жұрт жетті, балығын динамитпен аулаған соң қайдан оңсын! Құрғап кеткен қа­заншұңқыр, солған қайыңды шоқ то­ғай.
Бұл мезет те құпиялы адам өмірінің құ­нары қайтқан кезіне ұқсамай ма!
Жазушының әкесі құдық аршиды. Ауыл әйелдері шелек құлатып ала беретін тылсым құдық. Жұрт жын-шайтан бар дейтіні содан. Құдық суы лайланып, дәмі ащы, жа­ғымсыз иісі білінгенде Карл Федорович құ­дықты тазалау керек деп шешеді. Ол әуелі жеті қауғаны ілмекпен іліп шығарды. Құрал-саймандарын асынып, қараңғы құдық түбіне арқанмен түсіп, екі жүз шелек жабысқақ лай топырақты салып тұрады, төрт бірдей жасөспірім балалар сыртқа шығарады. Бітелген су көзі ашылып, құ­дыққа жан кірді. Айнала қаумаласқан жұрт мәз: «Апырай, это наш Белгір или водяной?». Бұл құдықты да жұрт артынан Белгір құ­дығы деп атады.
Құдық аршу, бұл метафора. Бұлақ көр­сең көзін аш. Өмірінде айнала шуақ шашып жүретін, адамдарға тек жақсылық әкелетін адамдар болады.
Герольд Бельгер асқар таудай әкесін қа­рапайым қалпында, ешбір әсіре бояусыз бейнелейді. Коммунист, атеист («Діннен бас тартқанда, пастер Граф шіркеуде жек­сенбілік дұғада көпшілікке бұл күпірлікті жария қылды, сол үшін анасы туған үйінен қуып жібергісі келген), емші, шаруақор, бейнетқор, белсенді, намысқой. Өзін фриц деп басынғысы келген бір зек бандит орыс­ты қалай тәубесіне түсірді.
Әке образын баласы ностальгия, қи­мас сарын, сағыныш меңдеп жазды. «Бәрін сүйіспеншілікпен, жаны қалап, құлшына, мейірбан жүрекпен істейтін. Жаратылысынан жаңаға бейім еді. Игі қасиеттері үшін, жан жомарттығы үшін адамдар оны қастерледі, сүйді, оған тартылып тұратын. Оның қызығушылығын оятатын тек өмірлік анық, шын, сенімді ақиқат нәрселер болды».
Мұндай адамдар өмірде бар, бірақ си­ректеу, ел сондықтан оларды әділдігі үшін әрдайым әпенді санауға бейім тұрады. Тұла бойы тұрған қалпы, бір түйір арам­дығы жоқ, аузын ашса, жүрегі көрінеді, жаны та­за дейді қазақ.
«Қарапайым, түсінікті және шындық нәр­селерге сүйінетін. Симфониялық музыка, опера, балет, абстрактылы бейнелеу өне­рін («шимай!») қабылдамады», тіл безеу, қым­бат киім, байлыққа табынуға баспады». Балетті жақтыртпайтын демекші, телевизор «Аққу көлін» көрсеткенде, нағашы атам: «Қарағым-ау, құйрықтарын түріп ал­ғаны несі?!» деп ерсі көріп, таң қалғанда ұзақ күлгенім есімде.
Сол кездің адамдары ұлтына қарамай жа­сандылық, артистік, жанын мәпелей күтуді, екіжүзділік пен айла жасауды біл­ген жоқ. Ең қиын қара жұмыстарға өз ер­кімен жегілді, маңдай терімен тапқан ыр­зықпен қоректенді, ұрпағын адал өсірді. Ру­хани құндылықтан айнымады.
Немерелерін сүйетін балажан ата, от­ба­сында мейірім кеніндей кең болған адам­ның жарқын бейнесі – бұл «Менің әкем туралы әңгімелер» атты повестің ал­тын кілті. Тағдыр айдап қазақ жеріне қоныс тепкен Карл Бельгер образы ер азаматтың эталоны десе артық емес.
Тіршілігінде еңбек пен адалдықты пір тұтатын жандар азайған сайын ақырзаман зауалы төне түседі екен. Діни сенімде ақыр­заман жер бетінде ең ақырғы адал адам өлген соң болады. Оның қисынмен ақ­талуы зұлымдыққа лайық жаза идеясымен тең. Бағзыда топан су неліктен жер бетін қаптады? Мифтік деректе құрбан­дық­қа адамдар жиі шалынатын болған соң құдайдың қаһары түскен, тажалдыққа ұрынған жер үстін сөйтіп тазалаған делін­ген. Құрбан айт сол сұрапыл кесірді алас­тау символы, ортодокс діндердің гума­нис­тік сипатына белгі.

Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика