Ахмет Байтұрсыновтың соңғы хаты ( аудио)

12 Тамыз 2016

Ахмет Байтұрсыновтың соңғы хатыСталиндік репрессия талай арыстарымызды алып кетті. Жалған жаламен айыпталған жандардың дені ұлтымыз үшін шыбын жаны шырқырап, аянбай еңбек еткен ерлер еді. Олардан айырылу халыққа оңай тиген жоқ. Орындары бертінге дейін ойсырап қалды. Атақты «Елу сегізінші» баппен ұсталып кеткен жандар түрмеде небір азап пен қорлықты бастан өткерді. Қорлықтың ең үлкені өз ұлтынан шыққан азаматтардың тергеуге алып, «туған халқыңа жаусың» деп масқаралауы еді. Сондай азап пен мазақты бастан өткергендердің бірі ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынов болды. 

Отыз жетінші жылы төртінші әрі соңғы рет ұсталған Ахаңды өзінің жерлесі, қызметке енді кірген жас жігіт Нұржанов деген қазақ тергейді. Ол беріректе сол кезеңде еске түсіріп, былай деген екен: «Ахмет Байтұрсыновтың барлық шығармаларын тергеуден бұрын түгел оқып алдым. Сонсоң тергеу үстінде оның алашордашыл екенін бұлтартпадым. Сонда А.Байтұрсынов маған: «Бәрібір менің айтқаныма иланбайды екен сіздер, олай болса өздеріңізге керектілеріңізді жаза беріңіздер, мен қол қойып бере берейін, оқымай-ақ қоямын қолымды» деді».
Түрмеде небір азап пен қорлықты көріп, көкірегін мұң басқан ақын өзінің көптен бергі қадірлес жолдасы, әрі сырлас інісі болып кеткен Файзолла Сатыпалдыұлына хат жолдайды. Бұл Ахмет Байтұрсыновтың соңғы хаты болса керек. Хатта ол өз басына түскен ауыр қасіретті, қысастық пен зорлықты айтып шағынады. Әйтсе өзінің әу бастан тура жолда болғанын және ешуақытта қате қадамға бармағанына еш күмән келтірмей, түбі ақталып шығарына сенім білдіреді. Солай болды да. 1988 жылы ақын ақталды. Оның өлмес мұрасы ұрпақпен қайта қауышты. Осы тұста Хамитбек Мұсабаев ақынның сонау 1937 жылы жазған соңғы хатын негізге ала отырып «Қан шеңгел» деген толғау жазды. Абақтыдағы ақынның мұң-зары баян етілген бұл толғауға Нағашыбай Алпысов ән шығарған екен. Сіздердің назарларыңызға сол толғаудың толық мәтіні мен аудио нұсқаны ұсынуды жөн көрдік.

«Қасым» порталы

«Қан шеңгел»

Авторы: Хамитбек Мұсабаев
Әннің авторы: Нағашыбай Алпысов

Орындаған: Амангелді Сейітхан

Файзолла досым, аса қымбатты,
Мұң менен азап жаныма батты.
Өтпелі дәуір — өкініш уы…
Асау өзендей толқыны қатты…
Өзіңе аян өмірім, ісім ,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам,
Өзегім күйіп, өртенеді ішім .
Ойсоқты болып қатты ғой басым,
Көзімнен көл боп ақты ғой жасым,
Сергелдең кешіп, сарғайып санам,
Төбемнен тура түсті ғой жасын.
Көбейген шақта сақалдың ағы,
Кетті ғой тайып ағаңның бағы.
Темір құрсаулы түрмеге мынау
Төртінші рет мен қамалдым тағы.
Ана сүтімен ақындық дарып,
Жыр жазып едім, отырмын налып.
«Халық жауы» боп қасірет шеккен.
Бүгінде енді менде бір ғаріп .
Езіліп жүрек, егіліп жүйе…
Өзіне-өзі бола алмай ие.
Енесі өлген ботадай боздап
Өкінесің көп өзегің күйе.
Дамылдап бір сәт табалмай тағат,
Кеттім деп япыр-ау, қай жерден ағат.
Түсесің ойға иір де шиыр…
Елестеп көзге мақсат пен мұрат.
Жегенім — желім, ішкенім — ірің,
Түсінер түбі халқым бір—пірім,
Басты кінә боп тағылды-ау маған,
Сүйгенім туған ұлтымның тілін.
Болама сұмдық дәл мұнан өткен,
Сталин заңы шықты ғой шектен.
Жауапты орында безбүйрек жандар,
Аяуды білмес мейрімсіз неткен.
Тегінде бәрін алған ғой таңдап,
Қол қойдырады азаптап, зорлап,
Сенбейді айтқан сөзіңе адал,
Мазақ қылады табалап, қорлап.
Ильич кетті ерте сөніп,
Жаңа заманды орнатып беріп,
Бүгінгі мынау ойранды ой-хой,
Оралып қайта көрсе ғой келіп.
Көрсе ғой шіркін,Ильичтің өзі,
Тартылар еді-ау әрістің төзі.
Тұнжырап тұрған «мұртты көсем»,
Қылды ғой әбден халықты мезі.
Серпіліп сонда ашылар тұман,
Тыйылар жөнсіз күдік пен күмән.
Кесапат күндер келмеске кетіп,
Туады анық нұрлы бір заман.
Қашанда болсын әділдік қымбат,
Партияға менде болғанмын солдат.
Қатемді түзеп, анықтап жолды,
Ильичтен тұңғыш алғанмын мандат…
Жасымда мынау алпыстан асқан,
Нұртайып беттен ажарым қашқан.
Отырмын мең-зең айып қабатып,
Туған халқыма атаныпдұшпан.
Сырқырап жан-тән,сыздайды жүрек,
Еленбей әсте елге еткен еңбек.
Еңсеңді басып, есіңді алған,
Ашылар қашан бұл қара түнек.
Соңымнан ерген қуатты бір лек,
Үркердей шоғыр келеатқан түйдек.
Міржақып, Сәкен, Мағжан мен Мұхтар,
Болса екен аман,—деп тілек тілеп.
Атырам таңды, батырдым күнді,
Бар шығар жандар менен де мұңды.
Қаншама азар берсе де даттап,
Мойындамадым тағылған мінді.
Сезеді жүрек… ажалым жақын,
Өлмейді босқа азамат ақын.
Өзіңе досым аманат жырым,
Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.
Отанға сенем, халқыма сенем,
Айтыңдар менен ұрпаққа сәлем.
Жеткізер түбі еліме байтақ,
Атымды менің ақсұңқар өлең.
Ауысар ұрпақ ,алмасар жылдар,
Уақыт пен біздің жалғасар жырлар.
Жойылмас елге еткен еңбек,
Егерде ұрпақ табылса сынар.
Келеді алысып ақ пенен қара,
Қайғымен қуаныш, бақ пенен нала.
Ежелден бері етуде осылай.
Жаға жыртысып, шындық пен жала.
Жеңеді түбі әділет бірақ .
Болады анық жауап пен сұрақ .
Ашылса көзі басынан тұнып,
Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.
Танбаған бір сәт сүюден халқын,
Садуақасов Смағұл марқұм.
Голощекин мен Сталин бізді.
Түйыққа тіреп,—деп өтті әр күн.
Ұғар ма айтшы ғалымды надан,
Қажытты бізді қан шеңгел заман.
Жатырмын тілеп, Бейімбет, Сәкен,
Мағжан мен Мұхтар болса деп аман.
Шәкәрім — ағам, Жүсіпбек — інім,
Біреуі — айым, біреуі — күнім…
Секілді еді-ау. Опат боп кетті,
Сүюден танбай халқы мен елін.
Ұстаймын менде солардың жолын,
Ажал мен апат—оңым мен солым.
Болса егер қатем, кеше гөр елім,
Күткенім енді менің де өлім.
Сағынтты мені сүйікті мекен,
Түсіме кірді апам мен көкем ,
18 жылға сотталған еді-ау,
Патшаға қарсы күрескен әкем.
Мерзімін өтеп, қайтқанда елге,
Қарсы алдық шығып, жазира белге.
«Ақкелім саған жеттім бе шын»—деп,
Топырақты сүйді жата қап жерге.
Меніде шырмап сағыныш сондай,
«Ақ көлді » ойлап құмарым қанбай,
Отырмын достым,ертеңім маған,
Сыйлайды екен тағдырды қандай.
«Ақ көлде »шіркін көзімді жұмсам,
Бір төмпешік болып сол жерде қалсам,
Арманым жоқ қой қабірімді сонда,
Құшақтап тұрса май қара жусан.
Қазақ емес, біз ежелден қырғыз,
Аталып солай, жазылған елміз.
Сен келіп оны қазақ деп жаздың,
Дейсің оқуды қазақша жүргіз.
Халықпыз күншіл, бірлігі осал,
Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар.
Ру-ру боп шуылдап жүрміз,
Ұлт болмасақ, береке нашар.
Ойладың жаулық Советке әр күн,
Мысалдар жазып, дүркін де дүркін.
Әліппе жасап, «Тіл құрал» қылдың,
Зорлап кіргізіп араптың ғарпін .
Бітеді ертең дәмі мен тұзың,
Бүгіннен бастап тірліктен безін.
Орысқа үйлендің, себебін айтсақ,
Жеккөресің сен қазақтың қызын.
Өтірік пе айтшы осының бәрі,
Болмайды енді қулығың дәрі.
«Халық жауысың» бетін бояған,
Өмір сүрмейсің сен мұнан әрі».
Осылай деп бір қанқұйлы қазақ ,
Басыма менің төндірді тозақ.
Дедім мен оған білгеніңді істе,
Сендерге енді бола алман мазақ.
Сүрдік қой өмір қолайсыз шақта,
Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа
Бір кезде саған аманат қылған,
Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.
Елу жыл өтер, немесе ғасыр,
Айығар сонда бүгінгі тасыр.
Тексеру болар тарихқа түгел,
Талқыға түсер жасық пен асыл.
Сенемін досым, өлген мен өзім,
Ұрпаққа жетіп, өлмейді сөзім.
Ақиқат таңы атады анық,
Осыған менің жетеді көзім .

Хамитбек МҰСАБАЕВ.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика