Әдепсіз асабаларды «қара тізімге» енгізіп, айыппұл тағайындау керек

31 Тамыз 2018

«Әй дейтін әжа, қой дейтін қожа» болмаған соң, асабалар тойды қыздырамын деп ойына келгенін істеп, әбден есіріп барады. Ене мен келін арасындағы биязы сыйластықты сайқымазаққа айналдырған мына асабаға не дерсің?


Дүйім елдің алдында масаң жігітке асылып билейтін бишілерді есіртіп жүрген де, жұмсақ ойыншыққа отырып алып, етегінің қайда қалғанын білмей, күллі қайынағаларының алдында әуретті жері жылт етсе де, ақылынан адасып, желігін баса алмаған қатындарға есірік ойынды ойнатып жүрген де осы асабалар. Бір қызығы, тойдағы дүйім елдің бірде-бірі: не той иесі, не қарт-қария, не өзін зиялымын деп есептейтін ел ағалары әпербақан асабаға «әй, мұның не?» деп басу айтпайтыны таң қалдырады. Керісінше, ұятты әрекеттеріне мәз болып, қол шапалақтап, қосыла қолдау білдіретіні ойлантады. Масаң адамның әлсіз сәтін әжуаға айналдыра қояр мұндай асабаларға басу айтар, әдеп этикасын еске салар жергілікті жердегі арнайы қаулы-қарар керек сияқты.
Той үстінде тәрбиеге жат ойын ойнатып, еркінсіген асабаға айыппұл салынып, айыппұлдан түскен қаржыға сол тойханаға келген меймандарға этикалық ой салар қанатты сөздерді кіре беріске баннер түрінде жазып, іліп қою керек. Әдепсіз асабабаларды «қара тізімге» тізбелеп, той ұйымдастыратын продюсер орталықтарына беріп қойған да артықтық етпейді. Әлгі асаба оспадарсыз қылығын екінші рет қайталаса, айыппұл көлемін ұлғайта беру керек. Сонда ғана тойдан айырылғысы келмеген асаба лажсыздан кітапханаға барып ізденіп, көпті көрген ақылман қариялардан ақыл-кеңес сұрай бастайтын болады.

Дереккөз: qamshy.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика