Адамзат мәдениетіне жасалған қастандық

17 мая 2016

Бір елде әлдеқандай соғыс қимылдары шыға қалса, ондағы мәдени құндылықтарды қорғап қалу әлемде заң жүзінде бекітілген.

Мәдени мұраларды сақтау1899 жылы және 1907 мен 1954 жылғы Гаага, сондай-ақ Женева конвенцияларында нормалары бекітілген осы заң бойынша әр мемлекет өз аумағындағы архитектуралық, тарихи құнды ескерткіштерді көзінің қарашығындай сақтауға міндетті және өзге елдің меншігіндегі мәдени құндылықтарды басқа елге тасып әкетуге қатаң тыйым салынған. Мәдени нысандарды бомбалауға болмайтыны анық көрсетілген. 
Бір қызығы, алпауыт АҚШ мемлекеті жоғарыдағы ха­лықара­лық уағдаластықтарға қо­сылмапты. Жалпы, осы заң­ның бірде бір пунктінің орын­далмағанын бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар барынша айғақтап берді. Қазір де орын­далып отырған жоқ. Мәселен, АҚШ-тың бір ғана Иракқа жасаған басқыншылық соғысын алайық. Сол кезде Ирак музей­лерінен 170 мың өнер туындысы жойылған немесе ұрлап әкетіл­ген. Бұл дерек әлемдік оқымыс­тылардың төбе шашын тік тұр­ғызды. «Ауқымы жағынан бұл апат Қытайдағы мәдени рево­люция мен большевиктер салған зобалаңның өзін жолда қалды­рады» деп шешті Парижде өткен ЮНЕСКО конференциясына қатысқандар. Сол кезде көне ескерткіштерінің көптігі жөні­нен әлемдегі маңызды бес орта­лықтың бірі болған Бағдат ұлттық музейінен жоғалған ең құнды жәдігерлердің ішінде әлемдегі ең көне музыкалық аспап: Дәуіт пайғамбардың төрт мың жылдық тарихы бар арфасы да болған. Ежелгі тарихымен ерекшеленетін Бабыл мен Сумен мекендері соғыс базасы ретінде пайдаланылған. Осылайша әлем­дегі жеті ғажайыптың біріне кіретін Бабыл шаһарының орны жермен-жексен болған. Соғыс біткен соң тек Америка Құрама Штаттарының өзінен Иракқа тиесілі мыңнан аса құнды жә­дігер табылыпты. 
Тарихи жағынан аса бағалы бұйымдардың талан-таражға түсуі осы ғасырда мұнымен шек­телмейді. АҚШ-тың Ауғанстанға жасаған қанды жорығы кезінде бұл елден жеті мыңнан аса құнды көне жәдігердің шетелдерге заңсыз тасып әкетілгені бертінде белгілі болды. Әлгі заттардың төрт мыңнан астамы Данияда, мың шақтысы – Швейцарияда, ал 68 буддалық қолжазба Нор­вегиядан табылған. Тәліптерді тақтан тайдыру кезінде Кабулдегі ұлттық музейдің 70 пайыздан астам экспонаттары тоналған. Аман қалған отыз пайызы бү­лініп, жарамсыз күйге түскен. ЮНЕСКО-ның араласуымен Батыс елдеріне тасып әкетілген құнды заттардың біразы Ауған­стан­ға қайтарылған. Ал қайта­рыл­мағаны қаншама?! Зұлым­дық тек зұлымдықты тудырады. Батыс басқыншыларының көз алдарында істеп жатқан жа­байылықтары ауған бұзықтарын ашындырып, олар да Бамиан тауларында тасқа қашалған әлем­дегі ең ірі будда мүсінін ди­намитпен жарып жіберді. Бұдан басқа да адам мен жан-жануарлар бейнеленген қаншама құнды ескерткіштерді тәлібтердің өздері құртып тынды. 
Батыс өзінің ескі әдісіне ба­сып, Ливияның түгін қалдырмай тонады. Адам бостандығы деген­ді желеу еткен агрессиялық қимылдың нәтижесінде ашық аспан астындағы алып музей іспеттес үш мың жылдық тарихы бар көне шаһарлар қиратылды. Әлемдік маңызы бар ескерткіш­тер: көне римдік және көне грек­тік колонналар мен мозаикалар бомба мен снарядтан жойылды. «Ливиядағы көне артефактардың тоналуы Батыстың коллек­цио­нерлерінің тапсырмасы бойын­ша жасалды. Контрабандистер ұр­лаған бұл заттардың көбісі Ба­тыстың қара базарларына шы­ғып кеткен. Каддафидің ке­зінде Ливияның барлық көне құндылықтары мұқият қайта қалпына келтіріліп, қатаң күзе­тіліп келсе, Каддафи зорлықпен өлтірілген соң ол құндылық­тар­дың бәрі толық жойылып кетті деуге болады. 
Мысырдағы толқулар кезінде әсіре діншілдер халықтың ғасыр­лар бойы сары майдай сақтап келе жатқан мұраларына шабуыл жасап, кейбірін жойды, кейбірін бүлдірді. Мысырдағы зиярат орын­дарын қорғау үшін ха­лықтық комитеттер құрыл­ма­ғанда, көне ескерткіштерге мүл­дем жойылып кету қаупі төніп тұр еді. Жалпы, Батыстың ислам мәдениетіне ауыз салуы өз алдына үлкен әңгіме. 
Мәдениеті құрыған ел мәң­гүртке айналады. Ондай елді бас­қарып, билеп-төстеу оңай. Бас­қыншылардың түпкі көзде­гені де сол емес пе. Жалпы, бү­гін­­гі жаһандану дәуірінде әр ұлттың тарихи-мәдени мұра­сының орны ерекше. Ұлттың ұлылығы да сонымен өлшенеді. Ұлт ре­тін­де жойылмау ұлттық тарихи-мә­дени құндылықтарды қанша­лық­ты сақтай білгендігіне тіке­лей байланысты. 
Бүгінде Лондон, Нью-Йорк мұражайлары Шығыстан ұр­ланған жәдігерлермен әлем жұрт­шылығының ерекше қы­зығушылығын туғызуда. Санкт-Петербордағы Эрмитаждың өзі қазақтың қаншама бұйымдарына толып тұр. Сақтап келдік және әлемге таныстырып отырмыз де­ген желеумен оларды өзімізге қай­тармайды. 
Мұның бәрін өткеннің ісі дейік. Ал дәл қазір Сириядағы жағдай ше?! 
Ежелгі антикалық дәуірден бүгінге қалдықтары аман-есен жеткен, ЮНЕСКО мойындаған бүкіләлемдік мұраларға жататын көнеримдік архитектуралық ескерткіштерге өте бай Паль­мира қаласы не болды?! Тапа тал түсте, адамзаттың көз алдында қиратылды, тоналды. Сириядағы осы Пальмира шаһары жайында біздің дәуірімізге дейінгі XIX ғасырдан бастап тарихи деректер мағлұмат береді. Ол кезде ірі мә­дениет және сауда орталығы болған қала Тадмор деп аталған. Ежелгі қаланың жанындағы бір елді мекен қазір де Тадмор деп аталады. 721 жылы рим импера­торы Аврелиан Пальмираны ба­ғындырады. Рим легионерлері­нің қысымына шыдамай қала жат жерліктерге амалсыз бері­леді. Сирия жазығындағы Да­маск пен Евфраттың арасында орналас­қан, әу баста Сүлеймен пайғам­бар салдырған делінетін осы Пальмира қаласының I ға­сырға, II ғасырға жататын храм­дарын, театрын, керуен сарайла­рын былтыр ИГИЛ жендеттері тып-тиыл тонап, жермен-жек­сен етіп тастады. 2015 жылы 5-қазан күні бүлікшілер Ежелгі Рим дәуірінің символы Триум­фальды арканы жарып жіберген. Ғарыштан спутник арқылы түсі­рілген фо­толар бұл фактілерді растады. ЮНЕСКО шегіне жет­кен тағы­лықты барынша айып­тады.Тер­роршылар «қара» ар­хеологтарға қара базарда сау­далау үшін көне артефактілерді іздеуге рұқсат беріпті. Болары болып, бояуы сіңген соң, сирия­лықтар енді екі храмды, Триум­фалды арканы, мұнара-кесенені қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізбек. 
Сирияда төрт жылдық со­ғыста жүздеген мәдени ескерт­кіштер қирап, тоналған, жоғал­ған. Ақша үшін шетелге заңсыз әкетілген. ИГИЛ жендеттері еже­лгі артефакттерді сату ар­қылы түсімдерін молайтып отыр­ған. Қара базарға шы­ғарылған өнер туындыларынан түскен ондаған миллиондаған доллар мұнайдан түсетін түсім­нен кейінгі орында екен. 
Халықаралық ашу-ыза ту­дырған ИГИЛ жендеттерінің вандализмі Ирактағы Мосул Му­зейіне басып кіруден бастал­ған-ды. Интернеттегі видеодан экстремистердің ассириялық мүсіндерді қалай қиратып жат­қанын көрген әлем жұрты қатты шошынған. 
Қара базар музейлерге ша­буыл жасаумен ғана толығып жатқан жоқ. Ирак пен Сирияда жауланған жерлердегі археоло­гиялық қазбалар да қолды бо­луда. Содырлардың қол астында әлі де осы елдердегі әлемдік маңызы бар, оның ішінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасына кіргізілген нысандар бар. 
Таяуда ИГИЛ содырларынан азат етілген Пальмирада 5 мамыр күні өткен Ресей Симфониялық оркестрінің концертін бүкіл әлем тамашалады. Маринск театрының концертіне қаты­су­шылар мен тамашалау­шыларды Ресей президенті В.Путин құт­тықтап, АҚШ мемле­кеттік де­пар­т­аменті қуаттады. 
Бұл Пальмирада өткен кон­церт халықаралық терроризмге қарсылық ретінде Сириядағы ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстағы елеулі оқиға ретінде бағаланды және барлық жазықсыз құрбан болғандар мен шейіт кеткен­дердің рухына арналды. Әлемді бейбітшілік пен келісімге ша­қырған бұл концерт жамандықты жақсылықтың біржола жеңуі іспетті болды. Мыңдаған жылдан бері тұрған ежелгі қала толық бү­лінуден құтқарылды, енді қайта қалпына келтіру жұмыстары күтілуде. 
Жылнамашылар адамзат баласының қолынан шыққан әлемдік мәдени мұраға жасалған 60 аса ірі тағылықты тасқа жазып қалдырыпты. Онда біздің дәуіріміздің 455 жылы «мәңгілік қала» атанған Римді германдық тайпалардың қалай талқан­дағаны мен 1204 жылы сол кезде бір миллионнан аса халқы бол­ған Константинополь шаһарын француз, неміс, ағылшындардан құралған крестшілердің қалайша тып-типыл тонағанынан бастап, әлемдегі ең үлкен Александрийск кітапханасының күлі қалмай өртелгеніне дейін тізбектелген. Адамзат тарихындағы қаралы күндер бұнымен шектелмегенін, тағылықтың әлі күнге дейін жал­ғасып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Сонда да адамзаттың бір күні ақылы кіріп, өз тарихына құрметпен қарайтын күні туатынына сенгіміз келеді.

Төреғали ТӘШЕНОВ
Дереккөз: «Айқын.kz»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика