«АДАМ ЖЕГІШТЕР» ЗАМАНЫ

10 Наурыз 2017

1931 жылы қазақ даласында көлемі 17 мың гектар жерді алатын «Гигант» совхозы құрылды. Осындай атаумен 1931 жылдан 1959 жылға дейінгі аралықта 6 миллион саяси тұтқынның, жер аударылғандар мен әскери тұтқындардың тағдырын тәлкекке салған мекеме пайда болды. Бұл қанқұйлы тажал – «НКВД Карлагы» деп аталатын.

Қарағандыдан 25 шақырым жерде саяси тұтқындар мен жер аударылғандар, ал 1941 жылдан бастап соғыс тұтқындары адам төзгісіз жағдайда азап тартқан №99 лагерьдегі Спасск мемориалдық қорымында қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіру үшін орнатылған крест. Тек ресми деректер бойынша олардың бес мыңнан астамы осы жерде бауырластар зиратында мәңгілік қонысын тапты

Мұнда өткенді ұмытуға болмайды және жалғандыққа орын жоқ. Құлазыған өлі тыныштық орнаған бұл жерде бойды еріксіз үрей билейді

Қазақтар, немістер, орыстар, румындар, венгрлер, поляктар, белорустер, еврейлер, шешендер, ингуштар, француздар, грузиндер, итальяндықтар, қырғыздар, украиндар, жапондар, финндер, литвандар, латыштар, эстондар – НКВД-ның қанды шеңгелі осында түскендердің барлығын – олардың ұлтына қарамай – паршалады

Тұла бойды мұздататын түнерген үнсіздікті құрбандарды еске түсіруге арналған кешендегі қоңырау үні ғана анда-санда бөледі

Карлаг жүйесіне айрықша мақсаттағы көптеген лагерьлер мен аймақтар енген. Солардың ішінде ең ірілері – Спасслаг (соғыс тұтқындары), Алжир («Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері»), Степлаг (украиндар, балтық елдерінің тұрғындары, власовшылар) еді. Қарағандыдан 50 шақырым жердегі Долинка кентінде Карлагтың әкімшілік орталығы орналасты

Карлагтың жалпы жер аумағы Францияның көлемімен бірдей болатын

Спасслаг жабылғаннан кейін ғимараттардың түгелге дерлігін қиратып тастады. Ал лагерь басқармасы болған жерге әскери бөлімді орналастырды

Әскери бөлім сарбазына тұрғызылған ескерткіш

Тұтқындардың негізгі міндеті – жол құрылысы үшін тас қазып алу еді. Барлық жұмыстар қол күшімен атқарылды. Адамдар суықтан, аштық пен ауыр жұмыстан әбден титықтап қырылды. Ең әлсіздерін күзетшілер жоқ қылды

Тастан тұрғызылған қабырғалар мәңгілік етіп қаланған. Тастарды бір-біріне арасынан күн сәулесі өте алмайтындай етім жымдастырып, балшықсыз қалап шыққан. Құрылыс кезінде адам қаза болған жағдайда, оның денесін іргетастың астына көме салып, жұмысты ары қарай жалғастыра беретін

Лагерьлер құрылған кезде НКВД арнайы бөлімшелерінің уәкілдері мұндағы жергілікті тұрғындардың барлығын басқа жаққа мәжбүрлеп көшірді. Көп жағдайда, көшкен елдің малын тартып алып қалатын. Барлық тіршілігі малмен байланысты қазақтар үшін бұл өлімге тең еді

Долинка тұтастай темір тікенекпен қоршалған еді. 80-ші жылдардың басына дейін бұл жерге тек арнайы рұқсат қағазы бойынша кіргізетін. Кенттің төңірегінде әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған колониялар орналасқан

Лагерьді жойған соң далада бума-бума болып оралған тікенек сымдар ғана қалды. Тіпті металл сынықтарын жинаушылардың өздері де бұл «кірпі» сымдарды айналып өткенді жөн санайды

Суретте бейнеленген Долинка кентіндегі «сталиндік ампир» үлгісіндегі бұл ғимарат жер бетіндегі тозақ ошағы іспеттес. Онда Карлаг-тың басқармасы болған

Бүгінде мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай орналасқан

Әйнек астына шынайы құжаттар қойылған. Бұл құжаттар – өз халқын еркінен айрылған құлға айналдыруды мақсат еткен адамдық қасиеттен жұрдай жүйенің істегендерін әшкерелейтін айғақ-деректер

Сәкен Сейфуллинге шығарылған айыптау үкімі. Ұлы жазушы және өз отанының патриоты «жапон барлауына жұмыс істеген буржуазиялық ұлштыл» ретінде тұтқындалып, 28 ақпан 1939 жылы Алматыдағы НКВД түрмесінде атылған

НКВД абақтысында жалған айыптар бойынша қамалған «Алаш-Орда» көсемдерінің барлығының көзі жойылды. Осылайша, сталиндік машина революциядан кейін Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ зиялыларын жайратып салды

Карлагтың күзеті «таптық тұрғыдан жақын элементтерден» – өзіндік ұстанымы жоқ, айтқанды екі етпей орындайтын және қатыгез кісілерден жасақталды. Кезектен тыс сыйлық алу үшін екі адамды өлтіре салып, басшылыққа «жаппай қашпақ болған тұтқындар әрекетінің алдын алғаны» туралы баяндайтын. Жалғыз адамның қатысуымен төтенше оқиға болғанда берілетін сыйақыдан, екі және одан көп адам болып қашқандардың жолын кескендерге төленетін сыйақы мөлшері екі есе көп болатын

Ғимараттың жертөле қабатындағы дәліз. Мұнда тұтқындарды азаптап-қинайтын камералар мен карцерлер болған, сонымен бірге өлімге кесілгендерді осы жерде атқан

Саяси тұтқындардың көпшілігі НКВД-ның қармағына «домалақ арыздар» бойынша ілінген

Осы есіктердің ар жағында жүздеген бейкүнә жандардың тағдырлары күл-парша болды

Карцер. Тұтқынның мұздай еденге тәулігіне 4 сағаттан артық жатуына тыйым салынды. Қалған уақытта ол екі аяқтан тік тұруы тиіс болатын. Қабырғаға сүйеніп қойғаны үшін аяусыз соққыға жығылатын

Айтқанға көнбеген тұтқындарды мына шұңқырға тастап, бірнеше күн бойы ас-сусыз аш ұстаған

Карлаг аумағында бірнеше «шарашка» – бұрын ғылым қызметкері болған тұтқындардан жасақталған зертхана Отан игілігіне жұмыс істеген

Ауру-сырқаудан өлген адамдардың есебін жүргізбеген, ал өлген адамның жеке ісін жойып жіберіп отырған. Осылайша кейбір адам дүниеде мүлде болмаған сияқты – өмірде оның еш ізі қалмай, біржолата жоғалған

Совет Одағының бүкіл зиялы қауымы Карлагқа топ-тобымен жөнелтілді

Тұтқындардан жауап алу күні-түні жүргізілді. Тергеу азабын көтере алмай тұтқындардың есі ауысып кетуі жиі болып тұратын

Жоғарыдан түскен бұйрықты мүлтіксіз орындау – НКВД қызметкерлері үшін әдеттегі жұмыс еді

Лагерьлерде үгіт жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды

Азаптап-қинау бөлмесі. Мұнда әлі күнге дейін қан иісі қалған. Адамдарды ұрып-соғып, электр тогымен қинап, саусақтарын балғамен ұрып сындырған

Жертөле қабаттағы дәліздің түпкі қабырғасы. Мұнда «ең жоғары әлеуметтік қорғау шарасы» – ату жазасын орындаған. Үкім шығарылған адамға қабырғаға қарап тұруды бұйырған соң айдауыл темір тордың бергі жағынан тұрып тұтқынның қарақұсын көздеп атқан

Кеңгір көтерілісіне қатысқан Иван Иванович Карпинский Степлаг тұтқыны болған

– Мен өзім Украинаданмын. Мені буржуазиялық әдебиетті оқығаным үшін тұтқындады. Ол Украинаның тарихы туралы жазылған кітап еді. Сол үшін маған 25 жыл лагерь жазасын берді. Ал ол кезде мен небары 19 жастамын… Осылайша мен Кеңгір кентіне тап болдым. Ондағы тұтқындар Жезқазғанды салып жатқан болатын. Негізінен онда Украинадан әкелінген жастар, Балтық бойының тұрғындары мен власовшылар қамауда отырған

– Күзетшілер қанға тоймайтын. Тұтқындарды еш себепсіз өлтіріп тастайтын. Пасха мейрамында күзетшілер саппен келе жатқан тұтқындарға оқ жаудырды. Келесі күні бүкіл лагерь жұмысқа шықпады. Бізге лагерьгер «уркаларды» – кәнігі қылмыскерлерді жіберді. Бізді соларға өлтіртпек оймен. Бірақ біз оларға беріспедік. Сол жолғы қырғында 15 адам өлді. Бұл шегіне жету еді…

– 16 мамыр 1954 жылы біз лагерьге бекініп алып, ондағы режимді өзгертуді талап еттік. 42 күн бойы берілмедік. Ал 26 маусым күні біздің үстімізге ұшақтан бірнеше фугас тастады. Содан кейін лагерьге танктер кірді. Олар барактарды атқылап, адамдарды басып-жаншыды. Бүкіл жерді қан басып кетті. Балаларды да, әйелдерді де аямады

«Сіз қалай аман қалдыңыз?» деген сауалды естіген Иван Иванович жылап жіберді…

– Бізді кен таситын вагондарға салып алып өлтіруге алып кетті. Олар бізді шахтаға лақтырып жібермек болды. Он бес минут бойы шыңыраудың үстінде ілініп тұрдық. Түймені басып қалса бітті – 40 метр тереңдікке кете барара едік. Бірақ ең соңғы сәтте олар шешімді өзгертті. Мен осылайша тірі қалдым…

– 1954 жылы мына суретке камерада өзіммен отырғандармен бірге түскенмін. Сол бір кезең туралы ауыр ойлар әлі күнге мазалайды, тозақтың нақ өзінде өткізген төрт жылды жадыңнан шығарып тастау мүмкін емес

Тұтқын әйелдер тағдырының ерлерден айырмашылығы жоқ еді. Сол баяғы кір басқан барак. Тура сол аштық. Дәл сол үмітсіз тұтқын тірлігі

Тек бір ғана артықшылығы бар еді – әйелдерді ерлер сияқты атып тастамайтын

Полина Петровна Остапчук, Карлагтың бұрынғы тұтқыны.

– Мен Украинаданмын. Соғыстан кейін біз басымыздан қатты аштықты өткердік, мен соғыстан кейін мемлекеттік заемға ақша жинайтынмын. 50 сомнан. Ол кезде көп ақша еді. Төрт баласы бар жесір әйелден ақша алмай-ақ қояйықшы деп ара түскен едім. Сол үшін маған 10 жыл берді. Америка барлауына жұмыс істегенсің дегенді қосты. Бір апта бойы ұйқы бермей қойған соң маған тағылған айыптардың барлығын мойындап қол қойып бердім

– 1948 жылы мен Спасскіге жіберді. Мен онда 4 жыл болдым. Әйтеуір құдыреттің күшімен ғана тірі қалдым. Онан соң Ақтаста болдым. Жазда құрылыста, қыста зауытта істедім. 4 жыл бойы шой балғамен жұмыс атқардым. 8 жыл отырып 1956 жылы бостандыққа шықтым

– Жас кезімде көрікті қыз едім, лагерь комендантының маған көңілі кетті. Төрт ай бойы қыр соңымнан қалмай қойды, бірақ мен оның айтқанына көнбедім, содан кейін ол маған «трамвай» жасатқызам деп қорқытты. Яғни, 11 еркекке зорлатып, 12-шісі етіп мерезге шалдыққанды жібергенді осылай атайды. Бір қызды осылайша ауру етіп, ол көп кешікпей содан өлген еді. Тірі қалуым үшін әлгінің айтқанына көнбестен басқа амалым қалмады. Осылайша қамауда мен пәктігімнен айрылып, тұңғыш ұлымды дүниеге әкелдім…

Тұтқында болған кезде Полина Петровна бір суретшінің қалай сурет салғанын қарап жүріп, сурет салуды өзі де үйренді

Полина Петровна өз есінде қалғаны бойынша салған суреттен өзі қамауда болған жерді көрсетті

– Көптеген адам өлді ғой. Спасскте біздің бөлімшеден күніне бес табыт шығаратын. Табыттар жеп-жеңіл болатын – адамдар өте жүдеу еді. Небір бассыздықтар да болды. Әйелдерді зорлап, адамдарды азаптап-қинайтын. Бірақ, құдайға шүкір, оның бәрі баяғыда келмеске кетті ғой

– Мен өлең де жазамын. Бұл менің жаныма дәру болады. Лагерьде отырғанда үйренген едім. Ән де салатынмын. Біз басқа лагерьлерге барып концерттер де қоятынбыз. Қамаудағы соңғы жылдарды Долинкада өткіздім, біз онда үй де салдық, концерт те қойдық

Әйелдер балаларынан ажырап қалған жылдардың азабын тартты. Бірақ балалардың өздері де режимнің қатыгездігін өзкөздерімен көріп, «халық жауының балалары» деген атқа ие болған олар азаптың бәрін үнсіз бастарынан өткерді

Долинкадағы балалар үйіндегі кішкене төсек. Бала біраз өскен соң оны балалар үйіне алып қоятын. Көпшілігі өз балаларын сол күйі көре алмай кетті

Бірақ тәрбиешілер балаларға олардың кім екенін айтып отыратын

Балаларды Советтер одағының түкпір-түкпіріне балалар үйлеріне жөнелтті. Көбінесе олардың аты-жөні басқаша болып өзгертілді

Зоя Михайловна Слюдова – Карлаг ұрпағы
– Анамды 1939 жылы, 18 жасында Белоруссиядан жер аударыпты. Біздің тәрбиелеушілеріміз «Отанын сатқандардың әйелдері» еді. Ал сегіз жасымда бізді Компанейскідегі балалар үйіне ауыстырды. Тәрбиешілер біздің нанымызды алып қоятын. Қыста жылытпайтын. Өліп қалған балалардың денесін өзіміз алып шығатынбыз. Көбі өлді. Балаларды ағаш кеспекке салып жерлейтін. Оларға табыт бөлмейтін. Біз халық жауларының балалары едік, бізді ешкім аямайтын…

– Ал анамды ешқашан көрген емеспін. Құжат бойынша оны Красноярскінің түбіндегі бір жерде атыпты. 1955 жылы…

Балалар күн сайын аштан өлетін. Қарғыс атқан бұл жер қайғы-мұңнан арылған емес

Бұл жерде лагерьде туып, сонда өлген балалар жерленген. Шын мәнісінде, өлген балалар жерленген аумақ бұдан әлдеқайда үлкен

Көлемі аса үлкен, 20 стадионға пара-пар балалар зираты

Тұтқындар тұрғызған бұл барактарда лагерь күзетшілері тұрған. Бұл барактардың бір бөлігін бұзып алған. Қалған бөлігінде бұрынғы тұтқындардың ұрпақтары тұрып жатыр

Сергей, глава крестьянского хозяйства. Его отец отсидел в лагерях 18 лет: 
– 70-ші жылдардың ортасында совхозда бөгетті бекітпек болды. Бульдозер жерді жарты метр қазған соң тұрып қалды. Жердің асты қуарған адам сүйектеріне толы еді. Бас сүйектердің көпшілігі балалардыкі екен. Дабыра болмасын деп, тезірек қайта көміп тастады

Долинкадағы бұрынғы НКВД басқармасының аурухана кешені

Юра, ауруххана күзетшшісі. Оның анасы – Волга бойынан жер аударылған неміс әйелі

– Мұнда барлығы Карлаг кезіндегі қалпында сақталған

Аурухана әлі жұмыс істеп тұр, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді

Ғимарат дәлізі соғыс уақытын еске түсіреді

– Карлаг тұсында мұнда асхана болған еді, – дейді Юра. – Қазір от жағатын орын

Совет заманында түрлі мінберден мақтан етіп айтылып келген барша жеңістер мен жетістіктер, барлық тарихи құрылыстар, шахталар, жолдар мен зауыттарды осылар қаны мен терін төгіп жасаған еді. Олардың өмірлерін алды. Тағдырларын бұзды. Тұтас халықтар мен жеке адамның трагедияларына айналды. Бұны ұмытуға біздің құқымыз жоқ…

Карла Нур

Дереккөз: www.voxpopuli.kz


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика