Дәрігерлер адам жегіш Николай Жұмағалиевті бостандыққа шығарғысы келеді

20 мая 2017

Николай Жұмағалиевтің есімі Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдің миллиондаған халқының үрейін алып, түнде ұйқысынан айырған. Жаман сөз тез тарайды демекші, кісі жегіштің қашып кеткені туралы ақпарат лып еткен оттай көрші елдерге жылдам жеткен. Ондаған әйелдің өліміне себепкер қазір ол арнайы емдеу мекемесіне тоғытылған. Көрші мемлекеттерде сол кезде оны іздеу жұмысы қалай атқарылғанын қырғыз полковнигі, публицист Александр Зеличенко Sputnik агенттігіне әңгімелеп берді, — деп хабарлады kaz.365info.kz.

Николай Ұзынағашта туған, отбасында одан өзге үш бала болған. Бәрі де қыз. 9-класты тәмамдаған ол теміржол училищесіне оқуға түседі. Одан соң ол Гурьевке жұмысқа жолдама алады, сол арадан 1970 жылы әскерге аттанады. Әскерден соң Коля Алматыға келіп, оқуға құжатын өткізеді, бірақ құлап қалады. Содан ол КСРО-ны аралап, Оралда, Сібірде, Мурманксіде қыдырып жүреді, бірақ бір орнында көп тұрақтамайды. 1977 жылы Жұмағалиев туған мекені — Ұзынағашқа оралып, өрт сөндіруші боп қызметке тұрады.

Оның ең бірінші құрбаны — адвентист шіркеуіне барып жүрген әйел болады.

Ол оны 1979 жылы қаңтарда Ұзынағаш-Майбұлақ тас жорлы маңында өлтіреді. Әйелдің денесін бөлшектеп, сөмкесіне салып, үйге алып келеді. Ол туралы өзі былай еске алады:

«Майдың бір бөлігін шыжғырып алдым, тағы бір бөлігін қақтап, сало секілді жедім.

Бір ретінде, тіпті етті ет тартқыштан өткізіп, пельмен жасап жедім. Өзім әзірлеген мұндай асты жалғыз жейтінмін, ешкімге оны ұсынған емеспін».

1979 жылы 25-қаңтарда әйелдің сүйегі табылады. Бірақ оны өлтірген адам сол күйі табылмайды. 1979 жылы Жұмағалиев 5 адамды өлтіреді. Ол қылмыстардың беті сол күйі ашылмайды. Бірақ ол 21 тамызда қалт кетеді. Ол кезде өрт сөндіруші әріптес жігітімен арақ ішіп отырып, оны өлтіріп алады. Сөйтіп қамауға алынады. Сербск атындағы институт оған шизофрения диагнозын қояды. Сөйтіп ол бір жылдан соң босап, туған елі — Ұзынағашқа қайтып оралады. Келе салып, үш адамды өлтіреді. Ал тоғызыншы құрбаны Жұмағалиевтің бетпердесін ашып береді.

Ол бір күні үйіне дос жігіттер мен қыздарды шақырады.

Оның біреуін өлтіріп, түпкі бөлмеде бөлшектеп жатқанда, қонақтың бірі мұны байқап қояды. Тым-тырақай қаша жөнелген қонақтар бірден милицияға тартады.

Милиция келгенде үсті-басы қан-қан каннибал тізерлеп отырған. Құқық саласы қызметкерлерінің есі шығып кетеді, осы ұрымтал сәтті пайдаланған қолында балтасы бар Жұмағалиев жартылай жалаңаш күйі тауға қарай қаша жөнеледі. Келесі күні — 1980 жылдың 19-желтоқсанында ол туысқанының үйінен табылып, ұсталады. 1981 жылы 3-желтоқсанда сот болды. Шизофрения диагнозы қойылғандықтан, каннибал жабық мекемеге күштеп емдеу үшін жөнелтіледі. Ол арада ол 8 жылын өткізеді.

Ал 1989 жылдың 29-тамызында ол қарапайым жүйке емдейтін емханаға ауыстыруға апара жатқан жолда қашады. Ол тауға барып тығылады.

Жұмағалиевке іздеу жарияланады. Ол екі жыл бойына тауды паналап жүреді. Емдік шөптер жинап, Қырғыз территориясына өтіп, оны айырбасқа саудалап, күнін көреді. Ол кезде Александр Зеличенко Ыстық көл облысының қылмыскерлерді іздеу бөлімін басқарады. Кісі жегіш қазақ-қырғыз тауында тығылып жүруі мүмкін деген мәлімет келіп түседі. Бірнеше күннен соң полиция бөлімшесіне бір шопан келіп, тауда тығылып жүрген бір адамды көргенін айтады. Милиционерлер аяғынан тік тұрғызылады.

«Бізге көмек керек болды. Сондықтан осы ауданда орналасқан әскери бөлімнің командирінен қосымша күш сұрадым. Бірақ ол бас тартты. Сол кезде мен әскерилермен бірге тұрып жатқан сұлу келіншектерді еске салдым. Өйткені кісі жегішке әйелің еті тәтті екені белгілі. Бұл сөзім өз әсерін берді. Әскерилер әйелдері үшін қорқып кетті», — дейді Зеличенко.

Арнайы операция үшін әскери гарнизон бір рота солдат, бірнеше брон көлік, жанар-жағармай, бәрін берді. Кісі жегішті Ыстық көл маңындағы таудан бірнеше күн іздедік, одан кейін бізге ақпарат келіп түсті. Сөйтсек оны Өзбекстан жақтан ұстап алыпты. Ол қашудан жалыққан секілді, содан соң Ташкенттің түрмесіне түскісі келеді. Сөйтіп ол 1991 жылы сәуірде қой ұрлығы үшін Ферғанада ұсталады.

Ол өзін қытаймын деген, сондықтан уақытша ұстау изоляторына тоғытылады.

Сұрақ-жауап кезінде ол ұрлық жасағанын мойындаған, бірақ КСРО территориясына қалай тап болғанын түсіндіріп бере алмаған.Ферғанаға өзбек астанасынан Жұмағалиевті ұстау операциясына тартылған полковник Дубягин барып, оны таниды. Осылайша Жұмағалиев қайтадан Қазақстанға қайтарылып, жындыханаға орналастырылады.

Дәрігер каннибал туралы былай дейді:

«Тәртібі жақсы, науқас өте сабырлы. Бөлім қызметкерлеріне көмектесіп, елпілдеп тұрады. Біз үшін ол қауіпті адам емес».

Оны жындыханадан босату мәселесі аракідік қаралып тұрады. Дәрігерлер кет әрі емес. Бірақ адам өлтіргіштер тағдырын зерттеушілер дәрігер қорытындысымен келіспейді.

2016 жылдың қаңтарында WhatsApp пен Facebook желісінде оның қашып кеткені туралы алып-қашпа сөз тарады. Бірақ бұл мәлімет расталмады. Полиция жалған ақпаратты таратушыны тауып та алды. Ол Ұзынағаштың 21 жастағы бойжеткені болып шықты. Қыз ұсталып, өз әрекетіне өкінетінін айтқан. Ал Жұмағалиев болса, тілшілерге сұқбат бергісі жоқ, үнемі одан бас тартады. Өзі туралы әңгіме оның жүрегіне жара салатын көрінеді.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика