Адам өлімін бизнеске айналдырған жұрттың наразылығын туғызды

20 сентября 2017

Ақтөбенің тұрғындары жергілікті биліктен жекенің қолына өтіп кеткен зират жерлерін қайтадан халыққа қайтарып беруді талап етіп шу шығарды. Шу шығармай қайтсін? Бір уыс топырақты  саудаға салып, бейітті бизнеске айналдырғандар,  бір мәйітті көму үшін жүз мың теңгеден астам ақша сұрайтын болыпты. Халықтың қалтасы қағылса қағылар, есесіне  «бюджеттің ақшасын үнемдейміз» дегенді айтып қалған шенеуніктерге, бейіт бизнесі ұнап отырған сияқты.

Зират

Көрнекі сурет

Қаладағы зираттардың жері жекеге берілді дегеннен бері ақтөбеліктер наразы. Өйткені бақилық болған адамдарды көметін тегін жердің қазір ақысы аспандап тұр. Енді жеке қожайынның жаңа талабы бойынша бір адамды көму үшін 100 000 теңгеден ақша төлеулері керек. Тұрғындар бұл бағаны қайта қараймыз деген биліктегілердің әрекетіне мүлдем қарсы.

ТҰРАҚ ЖАНАСАЕВ, тұрғын:

— Бұлар қазір түсіреді, бір жарты жыл түсіреді. Ертең бізден алып алғаннан кейін олар қайтадан 105 000-ның орнына 210 000 қылуы мүмкін. Бұларда иман жоқ. Иман болмағандықтан, иманы жоқтықтан бұлар осы молаға, бейітке қол салып жатыр. Бұлардың барлығына біз қарсымыз.

Биліктің бұл әрекетіне қарсы шыққан тұрғындармен бүгін қала әкімінің орынбасары келіп кездесті. Шенеуніктің айтуынша қаладағы барлығы 50-ге жуық зираттың жері тендер арқылы сенімгерлік басқаруға берілген. Өйткені оларды бақылап ұстап отыру жағынан жергілікті бюджетке күш түсіпті.

НАҒЫМЖАН АЛДИЯРОВ Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

— Бұған дейін қалалық бюджетке тек бір бейітті ұстап тұруға 20-25 миллион қаржы кететін болса, ал қазір біз сенімгерлік басқарудың арқасында қалалық бюджеттен қазір ешқандай қаржы бөлінбейді. Сенімгерлік басқаруға алған мекеме қоршау, санитарлық тазалығы және басқа да қызмет көрсету, электрондық база жүргізу соның бәрі мекеменің өз қаражатына жүргізілетін болады.

Ал бұған дейін де мал жаятын жайылымдарынан айырылған қурайлылықтар енді моланың жерін ешкімге бермейміз дейді. Жергілікті билікпен бір келісімге келмесек, парламентке шағымданамыз деп отыр.

Дереккөз: 31.kz 


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика