Адал еңбек атаусыз қалмайды

5 Тамыз 2018

DSC_2840Адал еңбек атаусыз қалмайды. Бұл жолы да солай болды. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Камохара Масаёси Қарағанды «Болашақ» академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Орынбасарұлы мен оның командасында бірлесіп жұмыс істеген профессор Н.Т. Жұмаділованы, ф.ғ.к Ж.М. Баймұрыновты және профессор Т.К. Алланиязовты қабылдады. Ұзақ жылдар бойы көз майларын тауысып жазған еңбектері үшін Жапон үкіметінің және өз атынан алғыс хат табыстап, сыйлықтар ұсынды. Бұл рәсімге ғалымдардың дос-жарандары мен әріптестері, Қарағанды «Болашақ» академиясының студенттері шақырылды.
Қарағандылық ғалымдарға жапон елінің елшісі жайдан-жай құрмет көрсетіп отырған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлт жанашыры Н.О.Дулатбековтің бастамасымен «Болашақ» академиясының профессорлары Қарағанды облысындағы қасірет таңбасы болған Карлаг ақиқатын ашу мақсатында зерттеу жұмыстарын бастаған болатын. Содан бері Карлаг лагерінің ақтаңдақтарын әшкерелейтін жиырмаға жуық кітап жарық көрді.
Кезінде НКВД-ның ерекше назарында болған лагер туралы мәліметтерді алып, кітап басу оңай шаруа емес. Қажырлы еңбек пен темірдей төзімді талап етеді. Біздің ғалымдар ұзақ уақыт бойына еліміздегі, Мәскеудегі архивтерді көтеріп, Карлагқа қатысты құжаттарды жинады. Түрлі кедергілерге кез болса да жігерлері жасымай, қолға алған ісін соңына дейін жеткізді.
Бұл жерде ғалымдардың алдына қойған басты мақсат атақ пен аброй емес, Сталиндік репрессияның ақтаңдақ тұстарын әшкерелеу, архивте шаң басып жатқан құжаттарды ғылыми қауымның назарына ұсыну болған еді. Ол мақсат орындалды. Бүгінде «Болашақ» академиясы ғалымдарының еңбектерін Ресей, Германия, Жапония тәрізді әлемнің бірқатар алпауын елдерінің ғылыми орталықтары мен университеттерінен кездестіруге болады.
Жоба аясында жарыққа шыққан кітаптардың бірі Қарағанды облысында тұтқында болған Жапон елінің әскери тұтқындарына арналған. Олардың саны, тұтқындардың жағдайы, тамақтануы мен дәрігерлік көмек көрсетілудің деңгейлері, қаншасы қаза болып, қаншасы ауыр жұмысқа жегілді, қандай аурулармен ауырды, т.с.с. мәліметтердің бәрі осы кітаптың ішінде жинақталған. Бұл әрине жапон елінің тарихын зерттеуге таптырмас дүние. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Камохара Масаёси мырзаның жоба авторларына шексіз құрмет көрсетіп, ризашылық танытып отырғанының басты себебі де осында.
Ал енді бұл еңбектің Қазақстан үшін қандай құндылығы бар? Соған тоқталып өтсек.
DSC_2853Кітап жарыққа шыққан соң Жапон елінде тұсаукесері өткен. Мәлемттерді тауып, еңбекті шығарған «Болашақ» академиясының профессорлары Жапон Мемлекеттік кітапханасында (Токио), Соғыс естеліктері мұражайында (Шиндзюку), Славиянтану орталығында (Саппоро), Хосэй университетінде (Йокогамма) және ғылми митингтер мен симпозиумдарда жапон ғалымдарымен кездесіп, Қазақстан туралы, карлаг жайлы пікірлеседі. Кезінде біздің далада айдауда болған соғыс тұтқындарымен жүздеседі.
Бір қызығы осы уақытқа дейін Жапондар соғыста тұтқынға түскен әскерилері сібір лагерлерінде тұтқында отырды деп ойлаған екен. Тіпті Қазақ даласын да сібір деп санаған көрінеді. Тек осы еңбектің арқасында өздерінің қателескендерін, Қазақстан мен Сібірдің екі бөлек жер екендігін түсінген.
– Менің өзім де осы уақытқа дейін біздің әскерилеріміз Сібірде тұтқында болды деп ойлап келдім, сөйтсем Қазақстан мен Сібір екі бөлек жер екен. Оны «Болашақ» академиясына жұмыс сапарымен барып, Нұрлан Орынбасарұлымен кездескен кезде барып бірақ білдім, – дейді Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Камохара Масаеси.
Сонымен қатар елші мырза осы еңбектермен танысу барысында өткен ғасырдың жиырмасыншы- отызыншы жылдарындағы Алашорда қозғалысы туралы хабардар болғанын да атап өтті:
– Мен сіздердің елдің интелигенция өкілдерінің өткен ғасырда біздің елдің (Жапония) үлгісінде Тәуелсіз мемлекет құрғысы келген білгенде қатты таңғалдым. Оларды Сталиннің жандайшаптары жапон тыңшысы деп айыптап, лагерлерге қудалап, ату жазасына кескен көрінеді. Ал біз ол кезде тыңшы жіберу былай тұрсын, Қазақ даласы туралы да ешнәрсе білмеген едік, – дейді жапон елшісі.
Нұрлан Орынбасарұлының айтуынша Қарағанды облысындағы жапон әскери тұтқындары туралы кітаптың желісінде пьесса жазылып, жақын арада Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы театрда сахналанбақшы екен. Қазір осы жобаның аясында жұмыстар жүргізілуде. Басты рөлдің бірін танымал әртіс Асанаәлі Әшімов ағамыздың өзі сомдайтын болады.
«Болашақ» академиясы ғалымдарының Карлаг жобасында жасап жатқан жұмыстары тек осымен ғана шектеліп қалмақ емес. Бұл үлкен жұмыстың тек бір парасы ғана. Әлі де болса зерттелмеген, сыры ашылмаған дүниелер жетерлік. Олардың бәрі келер күннің еншісіндегі шаруа.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.

«Қасым-Ақпарат»


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика