АБЫЗ АҚСАҚАЛ, АБЗАЛ АҒА

8 марта 2018

Адам ғұмырында жарқын бейнесі, жақсы ісі көңілден кетпейтін, санадан өшпейтін, күн өткен сайын тұлғаланып, биіктей беретін, айналасына арай шашып тұратын айрықша жандар болады. Міне, сондай абзал да асыл адамдардың бірі, өз дәуірінің қалаулы қызметшісі, зерделі заңгер  Сәтбек Дулатбеков ағамыз дер едім.  

Бүкіл саналы ғұмырын жүрек қалауымен биліктің бір тармағы-  сот ісіне, әділет саласына арнады. Сонау 1955 жылы Шет аудандық сотында сот хатшысы болып еңбек жолын бастаған ол жарты ғасырға жуық, дәлірек айтсақ тура 49 жыл осы салада үздіксіз қызмет етіп, еліміздің сот жүйесінің  қалыптасуы мен дамуына ерен  еңбек сіңірген ерекше жан.  1977 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан  Республикасы Жоғарғы сотының мүшесі, кейінірек Жоғарғы Сот Президуымының да мүшесі болып, заң саласының барша қауым білетін  тау тұлғаларының біріне айналды. Салиқалы судья ретінде өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен сот­ төрелігінің беде­лін өсірді. Еліміздегі құқықтық қатынастарға сай сот әділдігін жүзеге асыруда, оның құрылымдық жүйесін әр жылдардағы замана саясатына сәйкес жетілдіріп, қоғам мен халық мүддесіне орай сот әділдігін жүргізуде аса қомақты, сан салалы қызметтер атқарып шықты. Халықтың келешегі мен елдің ертеңін еркін болжап, қоғамға жат үрдістерді жазбай танып, сын тезіне салатын көрегендік қасиетімен ерекшеленді. Ел тыныштығы мен халық ынтымағы үшін атқарған бұл қызметінің ауқымы кең, мәні зор болды.

Аза­маттың атақ-абыройы, қадір-қасиеті жаса­ған жас мөлшерімен емес, адами қасиетімен, еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Қырық жылдан аса уақыт мәртебелі судья қызметін атқарып, осы бір өткірдің жүзіндей сындарлы лауазымды қапысыз атқарып, әріптестері алдында биік беделге ие болу, қалың бұқара арасында сый-құрметке бөлену кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін, тағдыр табағына  түсе бермейтін үлкен сый. Абзал ағамыздың үлкенге әрқашан ілтифатпен, кішіге  қамқорлықпен қарайтын  даладай –дархан, көлдей шалқар көңілі елден ерек енді. Әрдайым ақтарылып тұратын айдыны кең ақ пейілі тағы бар.  Сәтбек Дулатбекұлы үлкенге де , кішіге де аса сыйлы және былайғы көпшілік қауым ішінде аса танымал биік тұлға болды. Ол кісімен Жоғарғы Сот қабырғасында баспасөз қызметінде істеген жылдарымда оған менің көзім әбден жетті. Сәкеңді сот қабырғасында қарапайым қызыметкерлерден бастап Төрағаға дейін түгелдей аса құрметтеп, ол кісіге деген сыйы ерекше еді.

Жастайынан туған елінің киелі қасиеттерін бойына дарытып, перзенттік парызына адал болып, тура жолдан таймаған Сәтбек ақсақалдың өмір жолына, еңбек жолына үңілген сайын ел ағасына айналған бүгінгі тұлғасына, азаматтық ар-намысының айшықты соқпақтарына, адамгершілік қасиеттерінің асылдығына, жан дүниесінің жайсаңдығына көз жеткізе түсесіз. Сырбаз сырт көрінісінің өзі жаратылысынан ірі міндеттерді, үлкен істерді тындыруға арналған азамат екенін аңғартады. Кең пішілген айбынды тұлғасына шалқар ақылы мен зердесі, өмір мектебінен алған білімі, көргені мен түйгені үйлесім тауып, сырт пішіні мен ішкі жан дүниесі бірін-бірі толықтырып, ерекше жарасым тауып тұрады. Ол кісінің бүкіл болмысы, сыртқы кескін- келбетіне дейін әділет сардарының, нағыз қара қылды қақ жарған соттың үлгісіндей Сәтбек ағай өзі көтерілген азаматтық, адамгершілік биігінен аласармай, табиғи тазалық қалпын сақтап, бүгінде абыз ақсақалдықтың асқар биігіне шыға білген абзал адам.

Оның отбасы да елдің бәрі құт мекендей құрметтейтін шаңырақ болды. Құдай қосқан қосағы Алтын жеңгеміз екеуі бөрікті –ұл, көрікті қыз өсірді. Олар бүгінде өмірдің тарам-тарам жолдарында өз таңдауларын тапқан. Әсіресе тұлғасы да, мінез-құлқы да, адамның іші-бауырына кіріп кететін ізгілігі де өзінен аумайтын  Нұрланды ерекше айтуға болады. Ол – бүгінде бүкіл елімізге танымал тұлға, белгілі қоғам қайраткері.

Жалпы, азаматтың ісі артында қалдырған сонарлы ізі – көп жылғы іс-тәжірибесінің көрінісіндей, мәуелі жемісіндей – орнын басқан шәкірттерімен де бағаланады ғой. Сәтбек ағайдың бұл тұрғыда да шаршысы толық. Ұзақ жылдар ішінде ұрпақ болашағы, халқымыз­дың келешегі үшін талай-талай азаматты тәрбиелеп шығарды. Сот жүйесінде білім мен біліктілігін шебер ұштастыра жүріп, ізін басқан буынға үлгі-өнеге көрсетіп, бай іс-тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырды, ақыл-кеңесін аямады. Кәсіби шеберлікті шыңдауда, адами қасиетті қалыптастыруда адастырмас темірқазық болды.

Сәтбек Дулатбекұлы — күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, кішіпейіл, қарапайым адам. Адам бойындағы тазалықты, шынайылықты, ашықтықты қасиет тұтатын, көлгірлік, көзбояушылық ол кісіге мүлде жат. Екеуара әңгіменің шебері – тек кәсіби мамандық бойынша ғана емес, басқа рухани-мәдени әдебиеттерді де көп оқыған, соған орай білімі де ересен, білетіні де мол. Әрдайым ойы тұнық, сөздері -салиқалы, толғамдары салмақты, сүбелі шығып жатады. Ол кісінің ойының — мәйегі, сөзінің мәтелі көбіне  Абай хакім, осы қасиетін алдын көрген, ақыл-кеңесін алған бірнеше буын өкілдері алдымен айтады.

Осы жерде бір дауды шешерде билікті осы Сәтбек ағамыздың арғы бабалары болып келетін Қаз дауысты Қазыбекке бере келіп айтқан Төле бидің батасы еске түседі:

Атасызға ата бол,

Батасызға бата бол!

Арып-ашқан жандардың,

Жел жағына жота бол!

Панасызға пана бол,

Дос сүйініп, қас сыйлар,

Асу бермес дана бол!

Біз білетін Сәтбек ағамыз Төледей дала данасының осы батасы түгелдей қонған өресі биік, парасаты мол жан болып өмір сүріп, бүгінде дария көңіл қария болып, немере, шөберелерінің ортасында отыр.

Соңынан сонарлы із қалдырған ардагер азаматтың өнегелі өмір жолы өшпестей үлгі, елі үшін сіңірген есепсіз еңбегі, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды. Сөз соңында өмірдің базарында, алланың назарында ұзақ жасай беріңіз жан аға дегіміз келеді.

Сәулебек Жәмкенұлы,


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика