Абылайдың шапаны

24 января 2017

Абылайдың шапаныОсыдан үш жыл бұрын атақты Төле бидің шапаны табылып, оның музейге алынғаны туралы ақпарат әзір­леп бергенімізде, «Фейс­буктағы» құрдас­тары­мыз­дың бірі әзіл­деп, «Барахолкадан сатып алғандай жап-жаңа екен» деп жазып еді. Міне, Ұлттық музейде тұрған құн­ды жәдігерлердің «түп­нұсқаларын» да оқы­рмандарға ұсынамыз.

Бұл сонау ХVІІІ ға­сырдан жеткен жәдігер. Атақты Абылай ханның шапаны. Қызыл күрең түсті пүліштен, ішкілігі жібек матадан тігілген. Алдыңғы екі өңір, артқы бой, екі жең, тік жағадан тұра­ды. Алды ашық желбегей, қаусырмалы, қолтық астынан бастап етек жағына дейін үшкілденіп қиылған. Шапанның жағасы, өңірі, жең жиектерінде алтын жіппен екі қатар сызық жүргізіліп, ортасына «толқын» тәрізді өрнектер бейнеленген. Ішкі сызықты бойлай шырмауық гүл үлгісінде ою салынған.

«Ұлттық мұражайдың Қазақ­стан тарихы залында тұр­ған бұл құнды мұраны 2006 жылы Хамзе Сәтжанұлы – «Назарбаев орталығына» ама­нат етіп тапсырған екен. Хамзе Сәтжанұлы – Абылай хан­ның сегіз биінің бірі және хан кеңесінің мүшесі Байдалы Бекешұлының тікелей ұрпағы. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және жазушы Ақселеу Сейдім­бек ағаларымыздың бастамасымен музейге алынған бұл жәдігер қазіргі күні халықтың мұра­сына айналды», дей­ді Ұлттық мұра­жай­дың Қазақстан тарихы бөлі­мінің ғылыми қызметкері Роза Кенжебекова.

«Шешендік сөз­дер» атты кітапта (құрастырып, алғы­сөзін жазған Б.Адам­баев. Алматы. 1967) хан Абылайдың шапаны мұра болып Уәли ханға ауыс­қаны, Уәли хан қайт­қан соң, бәй­бі­шесі Айғаным оны Байдалы биге тарту еткені туралы дерек бар.

Шапанды қайта жаңғыртудан өткізген шебер Тұрсынкүл Жай­лау­баева.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика