Сексеуіл, саған не деймін? (Әбубәкір ҚАЙРАН)

8 Наурыз 2018

Сексеуіл, саған не деймін?
Сөз Әділбек Ыбырайымұлы туралы. Мен оны білгелі, дұрысын айтқанда танығалы жиырма, жиырма бес жылдай болды-ау деймін. Сүп-сүйкімді, суырған сүйіріктей бір әсем жігіт. Жанары жарқырап, сезімі сарқырап тұратын. Жақсы көрдім. Ол ақын екен.
Ішкі түйсігім алдамапты. Әділбек маған бір күні кітабын ұсынды. Оның аты – «Пір мен Пырақ». Бұл атау маған қанша жақын көрінгенімен, сонша алыс, енді ешкім ұқпайтындай, ұмытылып кеткендей ұғым болатын.
Пір… Пырақ…
Жетпіс сегіз жасында өмірден қайтқан әкем Рахметолланың ақырғы айтқан сөзі «пырақ» еді. Өмір бақи, мен көргенде, ат үстінде жүрсе де, бес уақыт намазын бұзбас еді! Әділбектің «Пір мен Пырақ» деген өлеңдер жинағын қолыма ұстап тұрғанымда өзегімнен осы ой жүгіріп өтіп еді. Соның сүресімен «мынауың сұмдық қой, ей!» дегенім әлі есімде.
Оның «сұмдық» болатын жөні бар.
Жерлеме мені, жерлеме,
Сезімге маспын жалындап тұрған.
Тартылмай қалған пернеде,
Күй едім, қалқам, дамылдап тұрған.
«Дамылдап тұрған» – депті.
«Пір мен Пырақты» оқи түскім келді. Оқып отыр­мын. Миым ойланып, көзім айналып кете жаз­дады. Өйткені, көптеген өлеңнен өз бетімше мін таба салатын адам едім, «япырау, мынау ғажап қой» дей берем. Бұл кітапта мен ойлап отырған ғажап та, мен айта алмай жүрген азап та бар сияқты. Оқып отырып, көңілің түйсінеді, сезімің исінеді. Бұл неден?
Әділбек ақын бұл сауалға да жауап бергендей, тіпті жер-жебір, жекен суыңа да жеткісі келгендей етіп жауап айтыпты:
Ақыра қал Семейден,
Саған пұлды көз жасымен төлейді ел.
Сақалды жыр жата берсін…
Сипап қойып сақалын…
Менің шерім ішке сыймай көбейген.
Мұнысы несі?
Семейі, сол Семейде сақалын сипап отырған (мүмкін, бүгін жоқ) ақсақал жыр кім? Кім ол? Кім не деп түсінеді?..
Мынау бір «Мінез» деп аталатын, «диптих» деген ен салынған екі өлең – ақынның адал ақиқатына ұқсайды. Әлде, ұқсамай ма?
«Мінез керек, – дейді ме ел, – өлеңге шын»,
Маңдай терім төленсін, төленбесін.
Жыр жазамын.
Бір күні жетермін-ау,
Алысқа ұзап кетсе де менен көшің.
Менің ойымша, Әділбек, сол ұлы жіңгір көштің соңынан жеткен сияқты. Бұлай деп айтып отырған себебім – өлең дейтін нұрлы, сырлы періштедей, көрініп тұрған көріктідей, сөнер шоқтай көмескі­дей, бір бейшара ғаріптей, тіпті үзілер-үзілмес үміттің қайғы-қуаныш пен күлкінің, күйініш пен сүйініштің баршасын арқалап келе жатқан аруанадай поэзиясын тастап, оның орнына прозасын қойғаны – бір құбылыс болып көрінеді маған.
Ол «Адам-айуан», «Ұяластар», «Зауқайыр» романы сияқты үлкен-үлкен прозалық туындылар әкеліпті. Әлі солардың ешқайсысын оқымағаныма, қолыма тимегеніне өкінемін.
Өлеңдерін өте жақсы көрген немесе ұнатпаған оқырмандар бұл қаламгердің жазушылық талантын да өз таразыларына тартып көрсе деймін. Ал өз басым, ол жағына орашолақпын. Прозадан поэзияға жас кезінде-ақ ауысып кеткен аз ғана қалам ұстағандардың бірі болсам да, солаймын.

«Сексеуіл» деген өлеңі терең.
Ал Сексеуіл, саған не деймін?!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика