Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: «ҰЛЫ ҒҰЛАМА ЕҢБЕКТЕРІ БҰЗАУ ТЕРІСІНЕ ЖАЗЫЛЫПТЫ»

18 Қараша 2017

Ғұламалар еңбегіАлматыдағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар Дербісәлі Испаниядағы Эскуриал монастырінің кітапханасында 10-11 күндей жұмыс істеп, үлкен олжамен оралып отыр. Ғалым Эскуриал муниципалитетіндегі мұражайдан әл-Фарабидiң трактаттарын тапты. Ұлы ғұламаның трактаттары бұзау терісіне жазылыпты. Дербісәлінің айтуынша, әл-Фараби – 100-ге жуық трактаттың авторы, бірақ оның шағын бөлігі ғана біздің тілімізге аударылған. Қазақстандық тарихшылар 60-жылдары оның 10 трактатын аударды. Шығыстану институтының директоры жаңа құнды материалдардың табылуына байланысты Қазақстанда әл-Фараби еңбектерін зерттеу орталығын жандандыруды ұсынады.

– Аға, сіздің бұл сапарда Испания мен Марокконы таңдауыңызға не себеп болды. Әлде ол жақта қазыналы көмбенің жасырынып жатқанын алдын ала білдіңіз бе?

– Оның сәл алдында, 2013 жылы біз­дің институттың ғалымдары Моң­ғолия, Қытай, Иран,Түркия, араб елдері, ЕО елдеріне барып қайт­қан болатын. 2013 жылдың жа­зында атақты Сүлеймания Баязид және басқа кітапханалардан 30 мың бет­тен асатын материал жиып қайт­тым. Осы жылдың қыркүйек айында осы сапар тағы жалғасты. Мен Ма­рок­ко мен Испанияны таңдадым.

– Ондағы қазақ тарихына қа­тыс­ты құжаттар бар екендігінен алдын ала хабардар болған шығарсыз?

– Әрине, 1975-76-жылдар ара­сын­да V Мұхамед атындағы универ­си­тетте кәсіби біліктілікті арттыру жөнінде екі жылдық курста оқыған едім. Одан бөлек, дін қызметінде жүр­ген кезінде де Испанияда бір­не­ше рет болдым. Кітапханалары мен қол­жазба мұрағаттарында орта ға­сырларымызға тән бай деректер көп сақталып қалғандығын алдын ала білгендіктен таңдадым. Жұмыс кү­нім сол елдің Мәдениет министр­лі­гі­нің ғимаратынан бас­талды. Ми­нистр іссапарда болған­дық­тан, ме­ні жауапты хатшысы Лүф­ти әл-Ма­рини қабылдады. Со­ны­мен, біраз уа­қыт өткенде мен із­деп жүрген 50 кі­таптың қырық шақтысы қо­лымда бол­ды. Кейін ол жерден ор­та ғасыр­лық Абд ар-Рахман ибн Халдун атты Мағ­­рибтың көрнекті тарихшысы­ның 800 беттен тұратын тарихи кі­та­бының французша, араб­ша нұс­қасы табылды. Оны да олжаға ба­­ла­дым. Екі-үш күн өткенде Касаб­ланканың біраз кітап дүкен­дері мен қолжазба қорларын көріп шықтым. Солардың бірінен Әбу Рай­хан әл-Бирунидің бір кітабы мен әл-Мақ­қари ат-Ти­лимсанидің өзіміздің Та­­раздан шық­қан ғұла­малар жайлы 6 томдық ең­бе­гін ұшырастырдым. Жалпы, Ма­­рок­ко­дан Қазақстанның тарихы мен әде­биетіне қатысты жеті кітап алып қайт­тым.

– Әл-Фараби бабамыздың бізге белгісіз трактаттары Испания жерінен табылды деген ақпараттар ел ішіне тарап кетті. Енді соған тоқ­талсаңыз …

– Мен бұл сұраққа жауап берместен бұрын, төмендегі жайттарды айтқым келеді. Орта ғасырларда қазақ даласынан шыққан ғалымдар қазір бізге белгілілерінен көп деп сеніммен айта аламын. Орта Азиядан шыққан ортағасырлық ғалымдар ішінде, әсіресе, ат-Тафтанази атты ға­лымның еңбегін көптеп кездестірдім. Мен болған қолжазба қорындағы  № 103, 107, 118, 163, 179, 181, 183 нөмірлі қол­­жазбалар сол кісінің шығармасына тікелей байланысты. Сондай-ақ сайрамдық Якия бин Сайф Юсуф ас-Сайрамидің қолжазбасы сырттан келетін ғалымдар көп сұрайтын аса құнды мұралар болып шықты. Мені толқытқаны – қыпшақ-қазақ даласынан шыққан ғалымдар арасындағы ауызбірлік. Олардың әрқайсысы өз шығармаларында өзіне дейін өмір сүрген немесе өзімен замандас ғалымдардың шығармаларына сілтеме жасап, бір-бірін насихаттап отырған. Бұл бір-бірін сыйлай алмай жүрген кейбір азаматтарымыз үшін үлгі алатын үрдіс. Мысалы, Эскуриал қолжазба қорында молла Тұрсын Әндіжани атты ғалым ат-Тафтаназидің «Ақидасына» түсіндірме жазыпты.

– Сіз осыдан біраз бұрын Таяу Шығыс және араб елдерінің мұражайларында әр ғасырларда дүниеге келген 1 емес, 31 әл-Фараби деген ғалымды кездестірдім деген едіңіз…

– Қазір бізде әл-Фарабилердің саны – 30-ға, яссауилердің саны 12-ге жетті. Әлі танылмаған, ғылыми айналымға енбеген Түркістанилер, Найманилер, Жалайырилер жетіп артылады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Иқан деген қыстақ бар. Ескі Иқан, жаңа Иқан деп бөлінеді. Сол Иқанның қақ ортасында көне қаланың жер болып кеткен жұрты жатыр. Осы Иқан қаласынан заманында әл-Иқани (әл-Түркістани, әл-Фараби деген қосымша аттары бар) деген оқымысты шыққан. Отырарда бас имам болған, кейін Дамаскіде, Бағдадта өмір сүрген, мешіт-медресе басқарған. Қызуқанды, мінезі қызық, өз мәзһабына берілген адам болған. Шам қаласында өз дінін қорғап, төбелесуге дейін барған. Осы кісінің 2 томдық кітабы Кувейтте шығыпты. Кейін ол кітапты Ыстамбұлдан тауып, көшірмесін алдым. Бұрын қазақ даласына белгісіз болып келген осы кісінің атында қазір Иқанда мешіт ашылды. Сондай-ақ, Тараз қаласының орталық мешіті бұрын халыққа белгісіз болып келген тараздық ғұлама Һибатулла ат-Таразидің атымен аталады. Бұл кісілердің бәрі кезінде том-том кітап жазған, атақты мешіт-медреселерге жетекшілік еткен. Осындай бабаларымыз қалаған ислам дәстүрін берік ұстануымыз қажет. Қолыма жуырда бір дерек түсті: Отырардан шыққан үлкен бір ғалым Х ғасырда ұшу аппаратын жасауға талпыныпты. Көрдіңіз бе? Ислам өркениеті сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ техника саласында да жетістіктерге жеткен. Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, ислам діні жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге, мәдениетке негізделген дін. Олай болса, исламның шығар асуы, биік белесі әлі алда. Алла қаласа, болашақта біздің елден де Нобель сыйлығын алатын азаматтар шығар. Оған күмәнім жоқ. Қазақстан – болашағы зор мемлекет. Осыны жиі айтам. Құдай қаласа, біз болашақта Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерге ғылым және білім арқылы көмектесетін де боламыз. Ол үшін әрине, ынтымақ пен ауызбіршілік, имандылық және білім керек. Неге ислам өркениеті орта ғасырларда шарықтап дамыды. Өйткені олар ислам құндылықтарынан сусындап, оны меңгерді. Көп үйренді, оқыды, тоқыды. Осыны ұмытпау керек.  

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

(«Айқын» газетінен)


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика