Әбдіқасым ИМАНҚҰЛОВ. ЕРДІ ЕСКЕ АЛСАҚ ДЕЙМІЗ

20 Тамыз 2017

Қазыбек бек Тауасарұлы Қыдырбек Балтағұлұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабыШоқпар шайқасы туралы әйгілі батыр, шежіреші, жазушы Қазыбек бек Тауасарұлы Қыдырбек Балтағұлұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында былай деп жазыпты: «Менің әкем Тауасар дауды қаламайтын, билігім бар деп тасымайтын, өте қонақжай адам.
Ол кісі Қордай түбінде Шоқпарға кіреберісте таудың батыс қанатында өткен соғыста ерлікпен қаза болды.
Мен осы жолы Қазыбек бек деген атақ алдым. Бұл 1729 жыл еді. Шоқпар батыр шоқпарымен со­ғып ұрудың аса шебері бо­лыпты. Сілтегенін қалт жібермей, аттан құлатып түсіреді екен. Осы әдетті пайдаланған ол талай адамды жер жастандырып, елдің көзіне түсіп, «Шоқпар батыр» де­ген атақ алып, шайқастың жеңіс­пен аяқталуына септігін тигізіп, жаудың екі мың адамы шығын болып, далада қалған екен. Осы шайқаста оның мініп жүрген ала айғырына найза тиіп өледі. Сол жерде «Ала айғыр» деген бекет тұр. Соғысып жүргенде құлақ­шыны жерге түскен жерде «Құ­лақшын» деген бекет теміржолда қызмет істеп тұр, 1929 жылы «Түрксіб – Сібір» теміржолы са­лын­ғанда Шоқпар батыр есімін бекетке береді. Шоқпар желі, Шоқпар өзені, Шоқпар шатқалы, Шоқпар асуы деген өзен, тау атта­ры бар. Ал 1954 жылы Шу ауы­лын­да облыста ең ірі тың совхозы ұйымдас­ты­рылды. Бұл совхозға Шоқпар батырдың есімі берілді.

Шоқпар совхозы облыстағы ас­тық өндіретін, мал өнімдерін беретін ең ірі шаруашылықтардың біріне айналып, Отанға мыңдаған тонна астық мал өнімдерін беріп облыстың, ауданның экономи­касына баға жетпес үлес қосқан шаруашылық болған. Совхоз бен бекет бірігіп, үлкен елді мекен болып, екі орта мектеп болыпты. 2000 жылдардың басында физика-математика пәнінің мұғалімі Дүрия Молдақұловаға осы ауылда Түрксіб – Сібір теміржолын са­лыс­­қан Ұлы Отан соғыс ардагер­леріне және экономика, білім, ғы­лым, мәдениет саласында ау­дан­ға, облысқа, республикаға бел­гілі азаматтарға арнап, Шоқ­пар батыр атындағы өлкетану мұражайын ашсам деген ой келді. Ол кісі бұл жұмысқа білек сыбана кірісіп, ел елден қазақтың ескі тұрмысына пайдаланған ер-тұрман, құрал-сайман тұрмыстық қолөнер бұйымдары, зергерлік (сақина, білезік, шашбау, т.б.) жинастырып, ауылдағы шебер­лерге ұлттық бұйымдар жасатып, мұражайға жәдігерлер жинап, 2005 жылы Ұлы Отан соғысының 60 жыл­дығына арнап салтанатты түрде мұражай ашылды.

Бірақ өкінішке қарай, мұра­жай халыққа қызмет көрсетіп жат­са да, әлі өкімет қарамағына өт­пеген. Бұл мұражай өскелең ұр­пақ­қа патриоттық тәрбие беруге маңызы зор болар еді. Қорыта айт­қанда, осындай халықтың құр­метіне бөленген аты аңызға ай­налған халық батыры Шоқпардың есімі кейінгі жылдарда баспа бе­тінен жарық көрмей, жазушылар, та­рих­шылар, ғалымдардың наза­рынан тыс қалып бара жатқан секілді. Қазақ тарихы қайта жазылып жатқанда және Елбасы Н.Назарбаевтың 2008 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасында айтқан сөзінде: «Сендер біреуің ары, біреуің бері тартасыңдар, тарихты жөндеп қайта жазуларың керек» деп баса айтты. Осы қағиданы жете тү­сінген Отардағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик, про­фессор, ветеринария ғылымдары­ның докторы Сансызбай Абылай Рысбайұлы мырза: «Әбеке, Сіз «Аңырақай шайқасы» туралы мақала жазып, еңбектеніп жүрсіз ғой. Осы шайқастың атақты ба­тыр­ларының бірі Шоқпар батыр туралы еш жерде жазылмай, ұмыт қалып барады» деді. Мен 2-3 жылдай іздестіріп, ел аузынан біраз материал тауып, жатқан бейітін іздестіре бастадым. Бел, Құлақшын бекеттерінің орта­сындағы батырдың жатқан жерін білетін Байжан ақсақал, Дыбыс ақсақал, ауыл әкімі Жайлыбек Шадиев, институт директоры Абылай мырза және мен  Құран оқып, басына ескерткіш орна­тыла­тынына пәтуа жасап қайт­тық. Келешекте үлкен кесене тұр­ғызып, Шоқпар батыр екен­дігін хабардар етіп, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Өтеген батырлардың қатарынан тарихи орын алады деп сенеміз.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика