Абайды сабаған қазақтың қолын сүйгім келді…

19 мая 2018

Абайды сабаған қазақТақырыпты оқып-ап, түсінбей отырған шығарсыз?! Шынымды айтсам, өзім де түсінбей жүрмін. Семейге келгелі принциптерім 100 пайызға өзгеріп сала берді. Сол өзгергендердің ішінде, Абайды сабаған Оразбайға да көзқарасым өзгерді. Неге дейсізғой? Басынан бастап түсіндірейін.
Барлығымызға ақиқат бір дүние бар. Қазаққа сөзін өткізе алмай, іле таланып қалған адам көбінде осы Оразбайды тілге тиек ететіні бар. Соның бір мысалын, мен Ермектен көргем. Сұқбат алып жатырмыз. Жұрт сізге қатты қапалы,-деп сұрағымды бастап келе жатыр ем, сөзімді бөле-жара әңгімесін бастап кетті:
— Бұл қазақАбайға қол көтерген. Оның жанында тәйірі, біз кімбіз?!
Бажайлап қарады бізге. Осы сөздерден соң, біраз әріптестерімнің көз алдында: Ол жазықсыз құрбанға айналып бара жатты.
«Қазақ ол — тобыр, топас. Қазақ — кезінде Абайды түсінбегені сияқты, Ермекті де түсінбей жатыр…».  Иә, көп журналист осындай пайыммен қайтты сол күні, үйіне.
Мен ол кезде Оразбайды танымаушы ем. Ол — мен үшін жаман еді. Себебі ол — Абайға қол көтерді. Бірақ бір нәрсені ескермеппін. Адам 100 пайыз оңбаған бола алмайды. Әйтеуір бір жақсы тұсы болады. Ал әңгімені тіке Оразбайға алып келсек. Иә, ол Абайды ұрды. Бірақ, неге оның кешірім сұрап келгенін, Құнанбайұлы өлгенде қайғырып, қазақтың алатауы құлады деп жоқтағанын неге ескермейміз?! Оны Абайдың ұрпағы кешіреді де, неге біз әлі күнге кешірмейміз?!
Оразбайдың образын ақтап алуға бұл аргументтер жеткіліксіз. Оны білемін. Олай болса, Оразбайды әп-сәтте жақсы көргізіп жіберетін бір еңбегін жазайын!
Оразбай жайлы сөз қозғайтын болсақ, онда міндетті түрде Алашорда Үкіметін де әңгімемізге араластыруымыз керек болады. Себебі Алашорда Оразбайсыз жетім. Ол құрылымға бұл кісінің қандай қатысы бар дейсіз бе?! Қатысы үлкен болып тұр ғой. 1916 жыл қазақ үшін ең қасіретті жылдың бірі. Тура жоңғар заманындағыдай ұлтымызға тірі қалу немесе тарихтан жоғалу деген екі таңдау тұрды. Осы кезде Алашорда Үкіметі сахнаға шықты. Бірақ, Үкімет құру барда, оның өміршеңдігін сақтау деген бар. Осы жолда қазақтың байлары көп көмегін тиігзді. Әсіресе Оразбай тұлғасын баса айтып өту керек. Ол Алашорда армиясын құруға белсене араласты. Өзінің бес жүз жылқысын салт атты әскер жасақтауға, Үкіметке тегін тапсырды.
P/S: Абайды ұрған қазақтың деңгей-өресі осындай екен. Ал енді арамза тірлігін халық қабылдамай жатса, Оразбайдың образымен ойнап шығатындардың патриоттығы нешік екен?! Мейлі ол Абайды ұрыпты. Бірақ, қиын сәтте бар байлығын бере салды. Ал сен. Сен сөйте аласың ба?!


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика