Абай ОРАЗДЫҢ тұңғыш кітабы

2 марта 2020

 

Абай ОРАЗДЫҢ «Бебеу» атты өлеңдер кітабы жарық көрді. Бұл жас ақынның алғашқы жинағы. Хәкім Абаймен аттас жас ақын аймақтық және республикалық мүшәйралардың жүлдегері атанып, шынайылығымен әдеби ортада мойындалып, өз бағасын алып үлгерген.

«Бебеудің» тұсауы алғаш рет елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының жазушылар үйінде кесілді. Тұсаукесер кешіне зиялы қауым өкілдері жиналып, жас Абайдың поэзиясымен танысты. Аға буын жылы лебіздерін айтып, Абай ОРАЗДЫҢ поэзиясы хақында сөз қозғады. Қатарлас қаламгерлер де сәтті сапар тілеп, өлең оқыды. Ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы  Дәулеткерей Кәпұлы тізгінін ұстаған аталмыш шара қара өлеңмен және поэзия төңірегіндегі өрелі әңгімелермен өрбіді.  Айта кетейік, кітаптың тұсаукесерін Нұр-Сұлтан қаласында өткізуді ұсынған да Дәулеткерей Кәпұлы екен.

«Бебеудің» тойы келесі күні де Қарағандыда жалғасын тапты. Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өлең сүйер оқырман мен жергілікті қаламгерлер жиналып, жас ақынның өлеңдегі тынысын аңдап, әлемімен танысты.

«Бебеу» жайында:

 «Кәусар» баспасының директоры, Ұлытау өңірінің тумасы Қуат ҚҰРМАНСЕЙІТ жас ақынның  жыр жинағына редактор болған.  Ал, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы жыр жинақтың жарық көруіне демеушілік жасаған. 2020 жылы «Кәусар» баспасынан басылып шыққан. Алдыңғы буын ағалардың және оқырмандардың пікірінше Абай ОРАЗДЫҢ  поэезиясынан эпикалық сарын байқалады. Оның «Қараша туғанда», «Әжем айтушы еді», «Құдық басында» өлеңдерінен сол бір көкірегі аңызға толы ақсақалдар мекен еткен қараша ауылдың иісі аңқиды. Қала қазағынан алыстап кеткен ғажайып қоңыр болмыс «Бебеудің» құнын асқақтатып тұрғандай. Назарларыңызға «Бебеу» кітабынан бірер өлең ұсынамыз:

 

Құдық басында

Ер жігіттің ширығар тұсы егес пе?

Елге барсам,«Шыңырау» түседі еске.

Әңгіме етіп айтатын көкем менің,

Күйбең тірлік даурыға біте кешке.

Қара кемпір емшегін қақтап емген,

Қара сирақ ұл едік қаптап өрген.

Ошақ басы ойнаймыз қоңыр кеште,

Тандырына таласып отқа көмген.

Қоңыр үйде домбыра қолға алынар,

Қоңыр шанақ құйқылжыр –

сам жамырар.

Басындағы жаулыққа қол жүгіртіп,

Күйіп-пісер кемпірлер зарға құмар.

Шеген тастай құдыққа қиып салған,

Сол әңгіме жадымда ұйып қалған.

Үйірілген үркер топ үлкенге айттым,

Үр қызға айттым жырдай қып

                                           сүйіп қалған.

Көк дөнендей көсіле шауып келген,

Көк жүзінде жұлдыз көп ағып-сөнген.

Көнелердің көзіндей көкем де жоқ,

Әңгіме айтқан қамзолдай әдіптелген.

Құлақкүйдей баяулап майда қоңыр,

Жел толқыса,желпінер айға көңіл.

Терең тартып барасың шыңыраулап,

Қайда барып тоқтайсың, қайран өмір?!

Боз қаулаған құмдауыт жазықта өстім,

Түйе қомдап, ат мініп сауық кештім.

Атажұртқа барғанда арқан тастап,

Ат суарар бір құдық қазып кеттім.

Қарашаш түн демігіп шықты еліріп.

Тіс жармадым,тұрсам да іштен ұғып.

Қара қошқыл қабарды өңім сонда,

Құлаш-құлаш қыл арқан түске кіріп.

Ұзақбай

(Баллада)

Иен дала шегі жоқ ыспа құм-ды,

Сықпыты сыпсыған жел, үт – жамылғы.

Қырымқұл қонған ауыл паң көсілген,

Ару аттап шыққандай тысқа нұрлы.

Қаңсып қалған астаудың әлпетіндей;

жалтақтатпай, жарлы етіп,

жалқы өсірмей,

қайран шеше баланы оннан тапқан,

Қой асықтың алшы, омпа, тәйкесіндей.

Баталы елге – сөз қайғы, мұрат қайғы.

Қазжан шалдан бір тұяқ – Ұзақбай-ды.

Қияға кең кеткен ой шідерленбей,

Жиі ағекем мінгенін ұзатпайды.

Бүккен қалпы іс тіккен бір ерінбей,

Біздің шөл ақмоншақ қыз білегіндей.

Домбырасын қолға алып сазарады өң,

Шайыры аққан еспе құм үлегіндей.

Сексен саз бар сағада тұрған сыңсып,

Бір қандырған шөлімді, бір қаңсытып.

Кейде осы шал еріген қорғасындай,

Құяды әкеп кеудеме жыр балқытып.

Содан кейін дүние көшеді кеп,

Торығамын, құлазып, неше жүдеп.

Маңдай терім ағады – ол неткені,

Маңдай сорым секілді бес елі боп.

Бүлкіліндей баяулап Бозінгеннің,

Ілкі іңірде шалдардың көзін көрдім.

Бозбаладай бүлкекке қайта бастым,

Жайы осы екен дегем жоқ езілгеннің.

Күйші кеткен,

бұл маңнан жыршы кеткен,

Көлбеңдейді көз жасым ыршып еппен.

Мен бір әнге басайын–жүйрігің ем,

Сейілмеді кеудемнің бұлты көптен.

Ұйлықпалы желдей боп үзік сарын,

Құлағыма келеді – түк ұқпадым.

Ұзақбай шал үйінен ұзағалы,

Ауыл жатыр ішіне бүгіп бәрін!

 

Ерік НАРЫН

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика