Абай не үшін жарна төледі?

31 января 2017

Сирек кітаптар қорында сақталған 1893 жылы шыққан «Отчет совета общества попечения о начальном образовании в Семипалатинск» деген жинақты қолымызға алдық…

Бұл кітап Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен оның балалары Ақылбай мен Мағауия Ибраһимұлдарының қайырымдылық қоғамына ай сайын жарна төлеп тұрғанын растайды. Нақты айтқанда, Абай мен Ақылбай 3 рублден, ал Мағауия 1 рублден жарна төлеп келген.
Абай мен оның ұлдары не үшін жарна төледі?
Осыдан 130 жыл бұрын, яғни 1887 жылы Семейде «Общество попечения о начальном образовании» қайырымдылық қоғамы құрылды. Осы қоғамның қаражаты есебінен Омбы фельдшерлік мектебі, Томск техникалық теміржол училищесі, Семейдегі мұғалімдер семинариясы, музей-кітапхана секілді рухани мекемелер қаржыландырылды. Осы қоғамның арқасында жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар сауат ашып, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне және қоғамдық кітапханаға қаржы бөліп тұрды. Кітапханада тегін оқу залы ашылып, мерзімдік басылымдарға жазылу ұйымдастырылды.
Ол кезде Патша үкіметі жеткілікті жерлердің рухани мекемелерін дамытуға қаражат қарастырмады. Сондықтан, елдің қалталы азаматтары ел игілігі үшін қаржы жинады. Міне, Абай мен оның балаларының, басқа да Семейдегі бақуатты қазақтардың төлеген жарнасы осындай игі мақсаттарға жұмсалған болатын.

Серікбол ХАСАН
«Айқын» газетінен


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика