Абай Кәлім: «Мен бір жанды сүйемін сезеді өзі»

28 ноября 2018

Абай Кәлімұлы 1998 жылы 9 ақпан күні Қарағанды облысы Шет ауданы Ақой ауылында дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті. Аймақтық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері. Өлеңдері облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көрген.

 

 

 

 

Сұлуға тілек

Қайғыға беріп жаным сыртымызды,
Əрбір атқан таңымыз арайлансын!
Əлдекімдер бұзбасын шырқымызды ,
Əлдекімдер біздерден əрі ойнасын!

Екеумізді күндесін бөле алмастар,
Бақыт бізді қолтықтан демей берсін.
Көзбен көріп өртенсін көре алмастар,
Олар нағыз бақытты демей көрсін.

Сен сүйеуім боласың сүрінгенде,
Мен тіреуің болармын құлап жатсаң.
Сен демеушім боласың түңілгенде,
Мен жасыңды сүртермін жылап жатсаң.

Сенің атың санада жаттаулы тұр,
Сені ойласам көңілде жоғалар мұң.
Жүрегімнің тұсында сақтаулы тұр,
Жүрегің мен сыйлаған орамалың.

Бір көргеннен санамда қалып қойдың,
Қалып қойдым сен жаққа  елеңдеумен.
Сенің әсем бейнеңді салып қойдым,
Салып қойдым жүрекке өлеңменен.

Өлең болып төгілсін мендік сезім,
Сендік сезім саз болып ардақталсын.
Ешкім бізді сөкпесін, ренжітпесін,
Ал махаббат мәңгілік ән боп қалсын!

 

Мен сені ұмыттым, күмəнің болмасын,
Үзілген үмітің таппасын жалғасын.
Қақпасын жаба сал пайдасыз сезімнің,
Тамшысын сүрте сал соңғы рет көзіңнің.

Біздегі махаббат — махаббат жауапсыз,
Біз батқан кемеміз, тоқтаған сағатпыз.
Тағатсыз күттірген кездерге күле сал,
Ой келсе біз жайлы көзіңді іле сал.

Іле сал көзіңді ештеңе ойлама,
Сағынба, іздеме, ұмытшы жай ғана.
Бағынба жүрекке ақылмен тап шешім,
Мен емес, Тəңірім басыңа бақ берсін.

Мен сені ұмыттым, күмəнің болмасын.
Жүректе құлып тұр, күлкіден сор басым.
Тағдырға күліп тұр кекесін жүзбенен,
Біз деген үміт құр, мен болып ізденем

**** -ға

Мен бір жанды сүйемін сезеді өзі,
Жазылмаған тұп-тұнық өлең өзі…
Кінəлі жан мен емес оған ғашық
Асық қылған кінəлі демек өзі…

Күннен ыстық сезімім айдан анық,
Жүрегімді жаралап қойғаны анық…
Өз деміме күйдірді сол қырсық жан,
Көздеріне көзімді байлап алып.

Мүсінінде арудың мін жоқ дерсің!
Күншілдерің мін тапса күндеп көрсін!
«Жанымда бол аруым» деп айтар ем,
Жыр боп келсін яки мұң боп келсін…

Еш себепсіз қызғанам, сағынамын,
Тарығамын, кей сəтте қамығамын.
От болып келіп ерітші мұз мұңымды,
Мүмкін сонда дертімнен арылармын!

Түнгі сыр

Санамды ойлар улайды түн болғанда,
Жарамды кеп тырнайды мұң боп қатқан.
Бір емін таба алмадым бұл жалғанда,
Жүрегім жылынбады-ау дірдек қаққан.

Көңілге қаяу салып қараңғылық,
Өмірді бейнелейді түрі бөлек.
Ақылым тұрсадағы ғаламды ұғып,
Өзімді ұға алмаймын шыны керек.

Түнекке оранғандай бар айналам,
Жүректе үміт оты азаюда.
Күрсініп болашақты көп ойланам,
Тұншығып кетем бе екен өз ойыма?

Салқын түн тоңдырғысы келді білем,
Көрпесіне қайғының орап алып.
Мұң жастығын жастауға көндігер ем,
Ертесіне тағы түн болары анық.

Боран соғып терезеден гулейді,
Қайғы отын лапылдатып үрлейді.
Қысты сүйем деп айтатын аруым
Қыстың үлкен мұңы барын білмейді.

Білсе білер, қыспен бәлкім мұңдас-ау,
Көктем келер, қыс та мәңгі тұрмас-ау,
Мен ақымақ санап тұрған ақылдым
Қолда еріген ақ ұлпамен сырлас-ау.

Сүйеді екен аязы мен боранын,
Сол мінезбен бәлкім қыс та жоғары.
Алма кезек өмір сүрер жазбенен
Байқап тұрсаң қыс та өмірдің қонағы.

Сұлу сөзі маған берген дем шығар
Көптен күткен мен іздеген ем шығар
Мұз жүрекке жылу беріп жібіткен
Ару-көктем, қыс деген ол мен шығар…


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика