Сталин және Қазақстан

12 Маусым 2018

Сталин және ҚазақстанЖаңа ғана саяси билікке келген большевиктер партиясының алып империядағы ұлтаралық қатынастарды шешу әрекетін келген балташының күйімен салыстыруға болар еді. «Лес рубят – щепки летят»*. «Ағашты шапқанда, жаңқасы ұшады» деген. Кеңес Үкіметінің құрамында Ұлт істері бойынша комиссариаттың белгіленіп, оның басшылығына грузин И.В. Джугашвили – Сталиннің тағайындалуы большевиктердің көпұлтты мемлекеттегі ұлтаралық қатынасты игеріп, бір ізге салуға ұмтылысының болатын көрінісі В.И. Ленин енді ғана Ұлтхалкомдағы Комиссарлық қызметін бастаған И.Сталинді ауыстыра алатын басқа адам жоқ деп білді. Сөйтіп Кеңестер Үкіметінің ұлт саясатының мазмұны мен бағыт-бағдарын, жұмыс механизмін анықтау көзінде ұлт істері бойынша комиссар И.Сталин тұрды. Кейінірек бұл комиссариат оның ұсынысы мен жойылғанымен, И.Сталин өмірінің соңына дейін бұл саясатты бағыттауды өз қолынан шығарған емес.
Басқаша айтқанда, кеңес үкіметінің ұлт ісіндегі саясатының «архитекторы», яғни теориялық негіздері мен практикалық мазмұнынанықтаушы И.Сталин болды деп айтуға негіз жеткілікті.
Большевиктер партиясы билікке империядағы ұлт-азаттық қозғалыстың өрлеу сәті келді. Ал қазақ қоғамындағы бұл қозғалыстың негізінде жер үшін күрес, яғни орыс шаруаларын қоныстандыру арқылы қазақтарды құнарлы жерлерінен ығыстыруды тоқтату және ұлтқа өзін – өзі басқару мүмкіндігін беру сияқты іргелі талап-тілектер жатты. Анығырақ айтқанда, мұндағы азаттық қозғалыс таптық мазмұн емес, ұлттық сипат алды.
Билікке келген большевиктер партиясының ұлт мәселесінде нанымды бағдарламалық ұстанымы болған емес. Партия көсемі В.И. Ленин билік үшін күрес барысында Ресейді «халықтар абақтысына» теңеп, отарлық тәуелділіктегі аз ұлттардың өздерін – өздері билеу құқын мойындайтындықтарын ашық мәлімдеді. Өмірлік тәжірибе көрсетіп бергеніндей бұл саяси билікті алғанға дейін айтылған уәде еді, ал билікті алғаннан соң ұлттардың өздерін-өздері билеу құқы оның тек еңбекші бұқара бөлігіне ғана тиесілі «құқық» болып шықты.
Сонымен бірге большевиктік басшылықтың империя құрамындағы ұлттардың өз мемлекеттігін құра алу құқына қатынасы да біркелкі болған жоқ. Мәселен, ол октябрь революциясы жеңген бетте Польша пен Финляндияның мемлекеттік тәуелсіздігін бірден мойындады. 1922 жылы Кеңестік Республикалар Одағы құрылғанда Украина, Белоруссия және Кавказ сырты республикаларына федеративтік негізде одақ құрамына ену құқы берілсе, мұндай құқық татар, башқұрт, Орта Азия халықтарына берілмеді. Олар автономиялық құрылымдар түрінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс болды. И.Сталин тікелей В.И. Лениннің қолдауымен міне осы саяси курсты теориялық тұрғыдан негіздеуші және оны практикалық жағынан өмірлік шындыққа айналдыру ісін тікелей жүргізуші тұлға міндетін өз мойнына алды.
Кеңес үкіметінің ұлт істері бойынша комиссары қызметіндегі И. Сталиннің Қазақ қоғамына қатысты істермен жақынырақ таныса бастауы 1918 жылдың наурыз айынан басталады. Осы жылдың наурыз айының ортасында Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Кеңес үкіметі басшыларына 2-ші жалпықазақ съезінің шешімдерін жеткізу үшін Оралдан Мәскеуге Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар келеді. Азамат соғысының босағасында тұрған Кеңес Үкіметіне қазақ автономияшыларымен ымыраға келу аса маңызды еді. В.И. Лениннің тапсыруы бойынша И. Сталин 19 наурыз күні Семеймен (Алашорда) телеграф арқылы хабарласып, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен келіссөз жүргізеді. Кеңес Үкіметін атынан сөйлеген И. Сталин 2- ші жалпықазақ съезі қабылдаған шешім мен «Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның» (1917 ж. 3 қарашада қабылданған) өзара үндес екендігін мәлімдеп, осы жағдай Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындауын талап етеді.
Алашорда Кеңесі Сталиннің ұсынысын талқылап, 1918 жылы 21 наурызда «Совет өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі» ретінде мойындайтындығын білдіріп, өз ретінде «жалпықазақ – қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын» жариялайтындығын мәлімдейді.
Міне осы берген жауабында Алашорда Кеңесі Алаш автономиясы құрамына енетін облыстар мен уездерді атайды. Қазақ мемлекетінің территориялық ауқымын анықтау ісінде бұл құжаттың маңызы зор еді. Сондай – ақ жауап тексінде Алашорда өкіметі тек қазақ ұлтының ғана емес, барлық қазақстандықтардың өкіметі болатындығы, соған байланысты оның құрамына «қазақтан басқа халықтардан, көбінен көп, азынан аз он кісі» сайланып кіретіндігі, ал «Алаш автономиясында заң шығаратын һәм» ел билейтін үкімет Алашорда» болатындығы, құрылтай жиналысы шақырылып биліктің сипаты анықталғанға дейін советтер Алашордаға «жәрдемші» есебінде міндет атқаратындығы айтылады .
Кеңес Өкіметі Алашорданың бұл аталған және басқа саяси ұстанымдарына байланысты ұсыныстарына алғашында түсінгендік танытқанымен, ал іс жүзінде оларды қабыл алды ма? Әрине, қабыл алған жоқ. Өйткені Алашорда ұсыныстарын қабыл алу шын мәнінде қазақ елінің ұлттқық мемлекеттілік құру құқын мойындаумен бірдей еді.
Осы жылдың 28 науырызы күні Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И. Сталин мен мұсылмандар ісі бойынша комиссар М. Вахитов қол қойған жеделхат келіп жетеді. Хатта Мәскеудегі Ұлт істері Халық Комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылатындығы, міне бөлімде қызмет атқаруға өкілдер жіберу ісі алғашында Алашорда үкіметіне жүктелгендігін 29 наурыз күні Семейге Х. және Ж. Досмұхамбетовтар да растайды.
Тарихи деректер Кеңес өкіметіне Алашорда өкіметімен ара қатынасын араға 5-6 күн салып-ақ түбегейлі өзгеріске ұшырағандығын айғақтайды. Мұндай бетбұрыстың себебін түсінуге болады. В.Ленин мен И.Сталин басқарған билікке қазақ еліндегі басшылықты « буржуазиялық- ұлтшылдарға» беруге болмайтын еді. Ұлт істері бойынша комиссар И. Сталиннің ендігі уақытта ықыласы қазақ ұлт-азаттық шынайы қозғалысының еркін білдіруші Алашорда окіметіне емес, азаттық қозғалыстан мүлдем алыстағы, тіптен оның басшыларымен дүрдараз Ә. Жанкелдин, К.Тоғысов, М. Тұнғагин сияқты кісілерге ауды.
И. Сталин 1918 жылы 7 сәуірде Кеңес өкіметінің Торғай облысындағы комиссары Ә.Жангелдинге жолдаған жеделхатында орталық биліктің бұл ұстанымын былайша негіздеді:«Буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымындағы топтар автономияны өз бұқарасын қанау құралына айналдыру үшін талап етіп отыр. Сондықтан да олар орталық кеңестің билікті мойындаумен бір мезгілде жергілікті советтерді мойындағылары жоқ және ішкі істеріне араласуға қарсы»
Орталық билікке Қазақстанды басқару ісіне кімдердің керек екендігін жақсы түсіне қойған Ә. Жанкелдин алаштық топқа қарсы күресте өзіне одақтас бола алады деген үмітпен бұрынғы Торғай облыстық губернаторы жанындағы татар және қазақ басылымдары бойынша цензор қызметін атқарған Мұхамедияр Тұнғачинді Мәскеудегі қазақ бөлімінің меңгерушісі қызметіне ұсынған еді. Бұл ұсынысты қабыл алған И. Сталин 1918 ж. 11 мамырдағы бұйрығымен М. Тұнғачинді Ұлт істері бойынша Халық Комиссариаты жанындағы Қазақ бөліміне меңгеруші етіп тағайындады.
Бұл арада И. Сталин М. Тұнғачиннің сұлтандық шыққан тегі, атқарған шенеуніктің қызметі соншалықты қызықтыра қойған жоқ еді.
И. Сталиннің қазақ азаттық қозғалысына қарсы ұстанымын тағы да бір мынадай фактіге байланысты айтып өткен артық емес. Қазақ арасында өзінің күмәнды әрекеттерімен аты шыққан Көлбай Тоғысов 1918 жылы 21 сәуірде В. Ленин мен И. Сталин атына жолдаған жеделхатында «Совет үкіметінің платформасында тұрған және онымен қол ұстасып келе жатқан» «Үш жүз» деген социалистік бағыттағы партия құрғандығын, оның «кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық «Алаш» партиясына қарсы» екендігін білдіреді».
И.Сталин тез арада Ә. Жанкелдинді телефонға шақырып: «Менімен Көлбай Тоғысов сөйлесті, ол «Үш жүз» газетінің редакторы, сонымен бірге алашордашылар партиясына қарсы «Үш жүз» партиясын құрушы.
Осы партия бізге жақынырақ деп ойлаймын. Онымен байланысып, бұл өзі қандай партия және Тоғысовтың кім екенін білген жөн. Егер бұл партия шынымен, де Алашордаға қарсы әрекет жасап, бізге жақындығын танытып отырса, онда оны өзімізге тарту керек» деген ұсыныс жасайды.
Ал шын мәнінде қазақ қоғамы мойындаған «Үш жүз» партиясы туралы айту қиын еді. 1917 жылдың соңында болып өткен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау барысында «Үш жүз» атынан түскен кандиттар Алаш партиясы атынан ұсынылғандардан анағұрлым өз дауыс жинап, ойсырай жеңілген еді.
Қорыта айтқанда, кеңестік орталық билік, оның ұлт істері бойынша комиссары 1918 жылдан бастап-ақ «буржуазиялық – ұлтшылдармен» күрес ұранын жамылғы етіп, шын мәнінде қазақ ұлт – азаттық қозғалысын басып жаншу жолына түсті. Ал бұл жолда олар «шайтанмен» болса да тіл табысуға даярлықтарын байқатты.
В.И.Ленин мен Сталин өкіметінің бұл ашық жүргізіп отырған ұстанымының әділетсіздігін тура түсініп, оған қарсылығын ашық білдіргентұлғалар орыс демократиясының арасында да аз емес-тін. Сондай билік үшін қолайсыз тұлғалардың бірі Тимофей Иванович Седельников (1876-1930) болды. Шыққан тегі – Орынбор қазағы, мамандығы – жер өлшеуші Т.И.Седельников 1905 жылы «Борьба за землю в Киргизской степи и колонизационная политика правительства» аталатын еңбек жазып, онда өкіметтің қоныстандыру саясатын ымырасыз сынға алып, сол үшін «сенімсіз» ретінде танылып, артын ала Мемлекеттік думаға депутат болып сайланып, думада ол сібірлік депутаттардың қолдауымен қазақ жерін қарқында отарлауға байланысты жергілікті халықтың жер тапшылығына ұшырап отырғандығын баяндап, 53 депутаттың қолы қойған мәлімдемені Дума төрағасына тапсырады .
Т.Седельников орыс отаршыларына ұнай қоймайтын бұл ымырасыз мінезін кеңестік билік тұсында да байқатады. 1920 жылы Қазақстандағы жоғарғы билік Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі бола жүріп ол орыс «бонапартизміне»* ымырасыздық танытып, нақты іс-әрекеттерімен көзге түседі. Түрлі басқосулар мен ресми жиындарда сөз алған ол жергілікті халықты «ұлы орыс шовинизмі мен империализміне» төзбеуге, оларға қарсы соққы беруге шақырады.
Мұнымен шектелмей Т.И.Седельников 1920 жылы сәуірде В.И.Ленинге «Қазақ Республикасы және қазақ кедейі жөнінде» аталатын атақты хатын жолдайды. Хатында ол «бұрын әрбір губернатор немесе крестьян начальнигінің жергілікті халықтың атынан өкіметтің ұстанымы шеңберінен шықпайтын» арыз-тілектер жолдайтын «өз башқұрттары» мен «өз қырғыздары» болушы еді. Осы «үйреншікті құбылыс» сәл өзгерістермен енді біздің де жергілікті партиялық және советтік мекемелерімізге жаңғыра бастады. Ал «сенімсіздер» бұрын да қудаланатын, қазір де қудалануда. Егер сен интернационалист болсаң онда орысша ойлап, орысша жазуға міндеттісің, ал партияда жоқ ұлтшылдармен достық құруға ешқандай да құқық жоқ .
Міне, осы Т.Седельников В.И.Ленинді Қазақстандағы билікке халыққа және атқарылып жатқан іске жаны ашымайтын «алаяқтарды» тартпай, «халықты тонамайтын интеллигенттерге жол ашуға» шақырды. Өзі А.Байтұрсыновпен бірігіп Қазәскерревкомының қызметіндегі Қазақ ісіне қатысты кемшіліктермен ымырасыз күрес жүргізді.
Т.Седельниковтың мұндай ұлыорыстық шовинизмге қарсы әрекетін Қазақ өлкелік РКП (б) бюросының президиумы өз отырысында арнайы талқыға салып, мынадай баға береді: 1.«Өзінің барлық сөйлеген сөздерінде Седельников таза қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан коммунистерге қарсы демократтық үгіт жүргізуде».
2. Партия өкілдері мен жергілікті партия ұйымдарына ұлыорыстық шовинизм мен империалистік ұстанымда тұрсыңдар деген айып тағып қазақтарды орыстарға қарсы қойып, сол арқылы ұлттық сезімді қоздырып, тіптен кейбір коммунистер «қазақ өшу жолында тұрған ұлт»деп айтты-мыс деген сөз таратуда.
3. Міне осы үгітті жүргізу ісінде ол қазақ ұлтшылдарына және Алашорда өкілдеріне сүйенеді, олармен тұрақты түрде кеңестер өткізеді… Қазіргі уақытта осы мазмұндағы фактілер біраз жиналған және оның Алашордалық ұлтшыл-қазақ тобының жетекшісі ретінде коммунистік ұйымдарға қатынасы біржола анықталып отыр.
Қазақ өлкелік партия ұйымының бюросы Т.Седельниковтың бұл қазақшыл ұстанымын айыптап, мынадай мазмұндағы қаулы қабылдайды.
1. «Т.Седельниковтың үстінен партиялық бақылау орнату қажет деп тағылсын».
2. Орынбор губкомы мен өлкелік партия комитеті бюросы президиумының бірлескен мәжілісі шақырылып, онда Седельниковтан түсінік беру талап етілсін…
3. Седельниковке губком бюросының және ұйымдастыру бюросы президиумының рұқсатынсыз өз бетінше партия және жалпы саяси жиналыстарда сөйлеуге тиым салынсын».(
Т.Седельниковтың Қазәскерревком құрамындағы қызметін біржақты қазақ ұлтшылдығы тұрғысынан қарауға негіз жоқ-тын. Мәселен, ол 1920 жылы 26 сәуір күні «жалпы қазақ съезін шақыру туралы» мәселе қараған. Қазревком отырысында Бақытжан Қаратаевқа байланысты сот ісін қозғап, оны тұтқынға алып, соттап және жер аударуды» талап етеді. Б.Қаратаевтың Қазревком құрамында қалу-қалмауы шешілгенге дейін бұл билік орнының жұмысына қатынаса алмайтындығын мәлімдейді.
Т.Седельниковтың бұл ұсынысын А.Байтұрсынлв қолдайды. Осы мәселеге байланысты РКП (б) Қазақ өлкелік ұйымдастыру бюросы өз қаулысында Б.Қаратаев ісі туралы төтеннен мәселе көтергені үшін Т.Седельниковка қатаң ескерту жасап, оны қолдағаны үшін А.Байтұрсыновты да тәртіпке шақырады.
1920 жылы 26 сәуір кешіндегі Б.Қаратаевқа байланысты Қазревком отырысындағы жанжал кеңестік биліктің қазақ қоғамына байланысты өзара қайшы екіжақты ұстанымының бетпе-бет келуінің көрінісі еді. Оның бір жағында орталықтың «сенімді» өкілдері А.Авдеев, Н.Кулаков сындай-ақ жеке бас мүддесі үшін ревком құрамындағы коммунистер мен ымыраға келуге әзір Б.Қаратаев тұрса, екінші жағында жалпы қазақ ұстанымын соңына дейін қорғап, сол үшін де ревкомның құрамынан кетуге әзір Т.Седельников пен А.Байтұрсынов тұрды.
Осы арада көңіл аударуға лайық нәрсе басында И.Сталин тұрған орталық билік Қазревкомдағы А.Байтұрсынов пен оның патшалық кезеңнен бергі қарсыласы Б.Қаратаев арасындағы егес те соңғысы жағын қолдады.
Қазәскерревкомның 1920 жылы 4 мамырдағы (№24 хаттама) шешімі мен Т.Седельников бұл билік орнының құрамындағы қызметінен босатылды. Қазәскерревкомының бұл шешімі Мәскеудегі халком кеңесі бекітті. Сонымен бірге, Т.Седельниковтың Қазревкомның мүшесі Б.Қаратаевты «пара алғандығы және қызметін асыра пайдаланғандығы үшін» жауапқа тарту туралы ұсынысы кешігіңкіреп болса да орындалған еді. Осы жылғы 28 шілдеде Жымпиты ревкомының шешімімен Б.Қаратаев тұтқынға алынды.
Сонымен азамат соғысы жағдайында қазақ ұлт-азаттық қозғалысымен ымыраға баруға мәжбүр болған. Кеңес үкіметі Қазәскерревкомының құрамына А.Байтұрсыновты төрағаның орынбасары ретінде енгізе отырып, сонымен бірге мүшелікке кезінде қозғалысқа қарсы ұстанымымен танылған М.Тунғачин және Б.Қаратаев сияқты кісілерді алуы әрине кездейсоқ емес-тін. Мұндай шешімнің арғы жағында қазақ ұлт-азаттық қозғалысын біртіндеп әлсіретіп, ең ақыры біржола сөндіру мұраты жатты.
Сонымен бірге, осы мезгілде-ақ ұлттық мүддеге қарсы түрлі ағым және күштердің өзара мақсатты жұмыс істеу әдіс-айласы да қалыптаса бастаған еді. Мәселен Б.Қаратаев Т.Седельниковтың жалпы қазақ съезін шақыруға байланысты ережесін «ұлтшылдық сипатта жазылған, советтік биліктің ұстанымына қайшы келетін» құжат ретінде бағаласа, өз кезегінде Қазәскерревкомының мүшелері А.Авдеев пен Н.Кулаков Мәскеудегі С.Пестковскийге жолдаған хаттарында Т.Седельников пен, А.Байтұрсыновқа қарсы ұстанымдағы Б.Қаратаевты «сенімді» коммунист ретінде мінездеме берді.
Кеңестік биліктің ұстанымын ымырасыз сынға алған А.Байтұрсыновтың хатында Т.Седельниковтың В.И.Ленинге жолдаған хатымен бір мезгілде жазылып, сондай-ақ мазмұн жағынан онымен үндес еді*. А.Байтұрсынов хатында Қазақстанға байланысты орталық биліктің принциптік мәні бар екі кемшілігін көрсетті: 1) Қазақстанды басқару үшін жіберілген орталықтың өкілдігінің белгілі бір көзқарасы, соған сәйкес жұмыс жоспары жоқ, мұндай жағдай қазақ шындығына қатысты ұстаным мен жоспардың орталықтың өзінде болмауына байланысты; 2)орталықтың жіберген өкілдігі мен жергілікті халықтың арасында өзара сенім жоқ.
Осы жағдайды баяндай келіп, ол қазақтарды бұрынғы патшалық билік тұсындағыдай орталық тағайындаған генерал-губернаторлар арқылы емес, өз елінің мүддесін жеке басының қамына айырбастамайтын, ел сеніміндегі шынайы коммунистер мен ұлт зиялылары арқылы басқаруды ұсынды.
Т.Седельниковтың айтылған сын ескертпелері сияқты, А.Байтұрсыновтың да бұл ұсыныстары ескерусіз қалды.
Алғашқы жылдардан бастап – ақ Мәскеулік Орталық Қазақстанды ерекше назарда ұстады. Оған себепші болған қазақ жерінің аса зор экономикалық потенциалы еді. КСРО-ның экономикалық мүмкіндігі өскен сайын одақтағы Ресей Федерациясы, Украина республикалары сияқты Қазақстанның да үлес салмағы арта түсті. Соған байланысты Орталық Қазақстандағы саяси биліктің ұшын жергілікті халықтың өкіліне емес, өзі тағайындаған наместниктері арқылы қолында ұстады. Ал кеңестік кезеңде саяси билік Республикадағы коммунистік ұйымның бірінші хатшысына тиесілі болды.
Кеңестік жетпіс жылдан астам мезгілде Қазақстандағы саяси биліктің басында қазақ ұлтының өкілдері (М.Мырзағалиев, Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, Н.Назарбаев) 34 жыл шамасында отырған. Қазақстанды осы уақытт басқарған жиырма басшының төртеуі ғана қазақ халқының өкілдері болды.
Міне осы кеңестік кезеңде Қазақстанды басқарған төрт қазақ басшыларының біреуінің ғана, яғни Жұмабай Шаяхметовтың басшылық қызметі И. Сталин билігіне тұс келеді екен. Бұл арада әрине, Ж.Шаяхметовтың біраз уақыт (1928-1938) ОГПУ-НКВД жүйесінде белсенді қызмет атқарғандығы есепке алынғандығы ақиқат. Ондай болмаған күнде И.Сталин Ж.Шаяхметовты Қазақстандағы ең жоғарғы саяси басшылыққа жібермеген болар еді.
Жалпы И.Сталин билігі тұсында қазақ саяси басқарушы тобы арасында республикадағы ең жоғарғы саяси билік басында болуға лайық қайраткерлер аз болған жоқ, олар сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да жеткілікті деңгейде еді. Қазақ ұлтының ұлттық жаңғыру кезеңін басынан кешіргендігі оның бүтіндей бір саяси қайраткерлер шоғырын тарих сахнасында шығарғандығынан анық байқалды.
Империя көлемінде қазақ интеллектуалдары кеңестік кезеңге дейін-ақ поляк, татар, грузин сияқты ұлттардың зиялылары қатарында жүрді, ұлттың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерін теориялық тұрғыдан қорытып, мемлекеттік дума сияқты саяси билік мінберінен қоя білді. Жоғарғы саясатта жүрген И.Сталиннің қазақ зиялыларының мұндай саяси белсенді қызметінен хабарсыз болуы әрине мүмкін емес-тін. Осы ретте оның алаштың ұстанымдағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Досмұхамедовтармен түрлі себептерге байланысты жүздескендігін, кеңестік ұстанымдағы Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С.Сейфуллин, Н. Нұрмақов, С. Асфендияров Ж. Мыңбаев сияқты қайраткерлерді қызмет бабында қабылдап, түрлі мәселелерге байланысты пікір алысып тұрғандығын ескерген жөн. Яғни, И. Сталин Октябрь революциясы жеңісі қарсаңындағы империядағы жалпытүркілік және жалпымұсылмандық қозғалыстар арнасындағы қазақ азаттық қозғалысының қарым-қабілетінен жақсы хабардар болғандықтан да пассионарлық ұстанымдағы қазақ басшыларын тежеп ұстауды, сондай-ақ олардың арасындағы ерекше ықпалдыларын тіптен Қазақстандағы саяси басшылыққа жібермеуге баса назар аударды дей тұжырым жасауға негіз жеткілікті.
Татар тарихшысы Б. Сұлтанбеков 1923 жылы тікелей Сталиннің тапсырмасы бойынша басталып кеткен «Сұлтанғалиевтың ісіне» байланысты Орталықтағы «ең жоғарғы билік Сұлтанғалиев ісін ұлттық республикалардың , ең алдымен мұсылмандардың, жетекші тұлғала »ықтырып», »жуасытып» алу үшін пайдалану жөнінде шешім қабылданға ұқсайды» деген тұжырымы шындыққа жақын. Өйткені М.Сұлтанғалиев «ісін» қарауға арнайы шақырылған РКП ОК-нің ұлттық республикалар мен обылыстардың жауапты қызметкерлерінің төртінші кеңесіне (Мәскеу, 1923, 9-12 маусым) одақтағы барлық ұлттық республикалар мен обылыстардан 58 адам (олардың 24 ОК-тің мүшелері мен оған кандидаттар) сондай-ақ РКП (б) ОК Саяси бюорасының мүшелері мен оған кандидат11 адамның (сырқат Лениннен және Совнарком төрағасы Рыковтан басқа) 9- ы түгел қатынасады.
Кеңесте Сұлтанғалиев ісі бойынша баяндама жасаған Құйбышевтың айтуына қарағанда Сұлтанғалиевке таңылған айып оның басмашылар қозғалысына қосылып кеткен Заки Валидовпен байланыс орнатуға бағытталған әрекеті еді.
Кеңесте Сұлтанғалиев ісін талқылау барысында келтірілген материалдар ГПУ-дың Х. Петерс басқаратын Шығыс бөлімінің барлық мұсылман республикалары басшылары үстінен (оның ішінде ОК мүшелері, үкімет басшылары да бар) құпия чекистік бақылау орнатылғанын анық байқатқан еді. И. Сталиннің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілген бұл операция «2-ші парламент» аталынды. Құпия «тыңшылар» арқылы алынып ең жоғарғы басшылыққа беріліп отырған бұл мәлеметтердің ішінде бақылаудағы қайраткерлердің жеке адами қатынастары, басқа жағдайда айтылмайтын сөздері, интимдік фактілер де молынан табылатын еді. Баяндамашыдан соң бірінші болып сөз алған Т.Рысқұлов кезінде М.Сұлтанғалиевтен бір емес екі бірдей хат алғанын жасырған жоқ, айтты. Ол хаттарда соншалықты көңіл аударарлық та ештеме жоқ екендігін баяндады. Сонымен бірге ол саясатшылдыққа салынып шығыс республикаларында қалыптасқан нақты жағдайдан жалтарып, З.Валидов пен М.Сұлтанғалиевті айыптауға көшкен жоқ, қайта ол өзіне тән турашылдықпен бұл екі кайраткердің көңіл-күйіне негіз боларлық өмірлік себептердің бар екендігіне назар аударды: «Елдің шығыс бөлігіндегі жағдайға келсек, біз қоғамның шаруалар бөлігін өзімізге біржола қарата алған жоқпыз, өйткені оған жер бермедік. Теміржолда істейтін шығыстық бұқара халық орыс жұмысшыларымен тең жағдайда емес».
«Жетісу облысындағы қырғыз кедейлері жерсіз күйде қалып, олардың үстінен 125 десятина жері бар және 15 батрақ жұмсап отырған орыс кулагының жұдырығы төніп тұрғанда ол қырғызға интернационализм деген жақсы нәрсе, сондықтан да совет өкіметіне жақын болған жөн деп қанша айтсам да ол бәрі бір совет билігін әлгі кулактың билігі ретінде қабылдайды».
Қазақстан сияқты республикада ұлтаралық қатынастың шиеленісуіне негіз болып отырған шынайы жағдайға көңіл аударуды талап еткен. Т.Рысқұловтың бұл пікіріне И.Сталин бастаған орталықтағы басшылық құлақ аспады. Керісінше И.Сталин Т.Рысқұловтың «жіберілген қателіктері үшін» кешірім сұрайтындығына сенімді болды. И.Сталин жауап сөзінде «Мен Рысқұловты тыңдадым, оған байланысты мынаны айтуым қажет. Оның сөзі жүректен шыққан сөз емес, шындықтан жалтарудың көрінісі, жалпы оның сөзі ауыр әсер қалдырады… Сөз сұлтанғалиевшылдықпен идеялық, идеологиялық байланыс жөнінде болып отыр. Ал Рысқұловтың Сұлтанғалиевпен ондай байланысы болды, бұл анық, оны Рысқұловтың өзі де жоққа шығара алмайды», – деді.
И.Сталиннің түсінігінше Түркістан республикасында Т.Рысқұлов сияқты ұлтшылдық ұстанымында тұрған қайраткерлер қатарында С.Қожанов пен А.Икрамов та бар еді. Сондықтан да сөзінде олардың атына арнап «бұлардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай да айырмашылық жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана өзгерген, ол Түркістан сол патша тұсында қандай болса қазір де сол күйінде деген пікірде.
Ал егер Түркістан шыныменде патшалық тұсындағыдай отарлық тәуелділікте қалса, онда басшылардыкі тура олай болса, Сұлтанғалиевті біз соттамауымыз керек, керісінше совет жағдайында отарлық тәртіпке ымырашылдық танытқанымыз үшін ол бізді соттауы керек. Егер осының бәрі де рас болса, онда сіздердің өздеріңіздің басшыларға неге қосылып кетпегендіктеріңізді түсіне алмадым?», – деген ойын айтты.
Бұл 1923 жыл болатын. Енді ғана орнаған саяси тәртіп жағдайында өз елінің мүддесін қорғай алмайтындығын дәл түсінген Зәки Валиди Тоған ендігі уақытта Әнуар Пашамен бірігіп әрекет жасау үшін басмашылар қозғалысына кетті. Кеңестік орталықтың ұстанымына наразы М.Сұлтанғалиев өз көңіл күйін ашық білдіргені үшін ГПУ-дің Лубянкадағы абақтысына түсті.
М. Сұлтанғалиевтің абақтыға жабылуы, кейін зерттеушілер бір ауыздан мойындағандай, кеңестік саяси элитаға қарсы жүргізілген репрессиялық шаралардың басы еді. М. Сұлтагалиевпен жеңіл «есеп айырысқан» И.Сталин өз «күшін» сезіне бастаған еді. Сұлтанғалиевті көпе-көркеу «құрбандыққа» бере салғандықтарын Троцкий, Каменев және олардың сыбайластары кешігіп түсінді. Ендігі кезек кеңестік шындыққа қатысты ашық сыни ұстанымдағы Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлердікі еді.
Сонымен, жоғарыда баяндалған фактілер кеңестік биліктің бастапқы кезеңде қаазақ ұлт-азаттық қозғалысын ашықтан-ашық басып тастау ұстанымында болғандығынан жеткілікті дәрежеде түсінік береді. Биліктің осы ұстаанымы кейінгі кезеңдерде өз жалғасын тапты.
Міне, осындай жоғарғы басшылық арасында қалыптасқан ауыр саяси жағдайда Т.Рысқұловтың И.Сталинге жолдаған хаты (1924 ж. сәуір) өмірге келеді.
Бұл құжатты баяндалған фактілерге сол мезгілдегі империядағы саяси оқиғалар мен процестер ағымында қараған кісіге мынадай жағдайды ескеру қиынға түспеген болар еді. Біріншіден, хат жазылған 1924 жылы Алашорданың саяси күрес сахнасынан біржола ысырылғандығы тарихтан мәлім. Кеңестік биліктің енді қайтып алаштықтармен өзара ымыраға келу қаперінде де жоқ болатын. Соған байланысты, хатта С. Қожанов сияқты қайраткердің алаштықтармен жақындығына қатысты белгілі бір саяси мақсатта берілгендігін аңғару қиынға түспейді.
Екіншіден, Т. Рысқұловтың И. Сталинге жазған бұл хаты оның саясаттағы соңғы сөзі және ұстанымы емес-тін.
1926 жылы 12 және 14 қараша күндері Мәскеуде Т. Рысқұлұвтың ұсынысы және басқаруымен болып өткен РСФСР құрамындағы ұлт республикалары мен обылыстарының басшылары (барлығы 49 адам) қатынасқан кеңес өтеді. Ол тарихқа «Рысқұлов кеңесі» болып енді. Кеңеске қатынасқан ОАК мүшелері Кеңестік биліктің ұлттық мемлекттік құрылымдарға жүргізіп отырған саясатын қатаң сынға алып, кеңестік бұл мәселеге байланысты ұсыныстары мен кезекті 5- нші одақтың ұлттық кеңесті шақыру жөніндегі талабын И. Сталинге табыс етеді.
Кезектен тыс және И. Сталиннің келісімінсіз өткізілген бұл кеңес Т.Рысқұлов бастаған қайраткерлердің сталиндік тоталитарлық режим орнатқан тәртіпке азаматтық қарсылығы болатын. Бұл факті зертеуші мамандар тарапынан осы мазмұнда бағаланған.

—————————————————————————————————————————

*Т.Седельников орыс «бонапартизмі» деп кеше ғана азамат соғысында революция жеңісін қорғап, енді бейбіт құрылыста өзінің кәсіби даярлығын танытудың орнына «революционер» атағын жамылып, қазақ қоғамын ықтыруға тырысқан кеудемсоқтардың ұстанымын атаған.
***Т.И.Седельников хатын «1920 жылғы 23 сәуір, Орынбор қаласы» деп белгілесе, А.Байтұрсынов өз хатын «Мәскеу қаласы, 1920 жылы 17 мамыр» деп белгілеген.

Мәмбет Қойгелді
Алаштанушы,
Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы,


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика