№3192 істің құпиясы

7 Қыркүйек 2018

Мезгілсіз, мерекесіз кеткендердің
әруағы бізді де айт деп сыбырлайды.

Иса Байзақов

№3192 істің құпиясы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде ондаған адамдардың қайғылы өмірін құпия сақтап, шаң мен дымқыл басқан №3192 іс жатыр.

Бұл — белгілі алашорда қайраткері, осы партия бағдарламасына басқа алты адаммен қатар қолын қойған жерлесіміз Әбілхамид Жүндібаевтың туған інісі Мырзағұл Жүндібаевты ҚК 58-бабының 10-11 -ші бөлімдерімен «халық жауы» ретінде айыптау ісі. 1937 жылдың 9 қыркүйегінде басталған іс осы жылдың 19 қазанында аяқталып, сол күні өлім жазасын қолдануға үкім қабылданып, үкім 29 қазан күні жүзеге асырылған.

Үкімнің соңына «үштік» мүшелері КП(б) ОК хатшысы Мусин, облыстық атқару комитетінің председателі Степанов, үштік хатшысы Бахруишев қолдарын қойған.

Құжаттың соңында сондай-ақ Қобда аудандық НҚВД бөлімі бастығының міндетін атқарушы Сайлаубаевтың да аты көрсетілген.

Мырзағұл Жүндібаев 1902 жылы Бесқопа ауылдық советінің №9 ауылында дүниеге келген. «Қобда» ет совхозының есепшісі, бай ұлы. 1932 жылы ОГПУ көші-қон ұйымдастырғаны үшін тұтқындап, екі айдан соң босанады. Дегенмен «Қобда» ет совхозындағы А.Нақатеков басқарған контрреволюциялық ұлтшылдық құрылымдарға қызметке тартылған, дәлдеп айтқанда №9 ауылдағы Өрбісін Кудебасов басқаратын осындай ұйымға нұсқаулар мен қажетті ақпараттар жеткізіп отырған. Ұсталғанда 9 казанда одан № А.С. 094094 төлқұжаты, 60 беттік өзге құжаттар, уақытша берілген №973 және 972 төлқұжаттары да тәркіленген. Тұтқындалған жері: Қобда ауданы Ропповка поселкесі (қазір Қазақай ауылы).

Ол Ақтөбедегі екі кластық училищенің 5 бөлімшесін тәмамдаған. Бұрын қолданылған шара: 1933 жылы ОГПУ 2 айға көшпелілік ұйымдастырғаны үшін және жалған құжаттар дайындағаны үшін қамауға алып, 1 жылға шартты сотталған.

Әйелі Батша 20 жаста, ұлы Ермекбай 13 жаста, қызы 1 жаста. Інісі Кәкім Темірғалиев 30 жаста, №9 ауыл — Жаңажолда жұмыс істейді. Қарындасы Балғану 25-те, тұрмыста, күйеуі Сүгір Болмашев аталған колхозда жұмыста.

Мырзағұлдың әкесі Темірғали Жүндібаевтың 100-ге тарта ірі қара малы, 5 га жайылма сулы жері, жалшылары болған.

13 қазан күні ОГПУ тергеушісі Исаковтың тегеурінді және алдын-ала мұқият дайындалған арандатушы сұрақтарына жауап бере отырып, Мырзағұл өзінің 1902 жылы туғанын, әкесінің ауқатты бай болғанын, оның екі әйелі болғанын қайталайды. Ағасы Әбділхамит туралы сұрағанда оның Алашорданың қызметіне қызу араласқанын, 1918 жылы Орынборда Кирревкомда қызметте болғанын айта келе, 1920 жылы дүниеден өткенін хабарлаған.

Тергеуші:
— Ұлттық контрреволюцияның топтарымен қалай таныстыңыз? Оның мүшелерін атаңыз.

Жауап:
— Ақсауыт Нақатеков, Уссалам Ибраев, Мухамеджан Ашықбаев — Киров атындағы колхоздың шаруашылық меңгерушісі, Абдрахман Наурызов — барымташы, бай, 1930 жылы тәркіленген, Ақай Құлниязов — №2 ферма меңгерушісі, ВКП (б) мүшелігінен шығарылған.

Тергеу осылай жалғаса келе, Мырзағұлдың өз қолымен жазған қолхаты келтіріледі.

«НКВД-ның аудандық бөліміне Жүндібаевтан

Арыз.

Мен Қобда ауданындағы контрреволюциялық ұйымдары жөнінде толық деректер беруді мойныма алып, міндеттенемін.

Олар төмендегі көрсетулерді қамтиды:

Осы ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері.
Ұйымдардың совхоздар мен колхоздарға жүргізген зиянкестіктерін тергеуші сұрақтарына сай жауап беріп, анықтаймын.
13 қазан, Жүндібаев (қолы)»

Тергеу жүргізуші – ОГПУ сержанты Салибаев.

Іле-шала алдыңғы тергеудегі аталғандар саны тағы үш адамға өскен. Бұлар Шангерей Қопашев – (байдың баласы), Ізбай Толытыров (байдың баласы), екінші қайтара Ақай Құлниязов — ВКП (б) қатарынан шығарылған. Бұл істің нәтижесі 29 қазанда Мырзағұлды және осы аталғандарды ату жазасы мен ұзақ жыл бас бостандығынан айыру жазалары түрінде айыптаумен аяқталады.

Дәл осы мезгілде көрші бөлмелерде Ақсауыт Нақатеков, Уссалам Ибраев және басқалардан да ОГПУ жендеттері қолдарының қанын жумастан жауап алып жатты.

Тергеу істеріне жүгінсек, шындығында тек Ақсауыт Нақатековтың ғана азды-көпті алашордашыларға қатысы болған. Ол 1894 жылы Қостанай облысының Семиозерный ауданы Ақкүшік ауылында дүниеге келген. Ропповка поселкесінде ауыл мектебінің директоры, төңкеріске дейін, одан кейін де түрлі қызметте болған. Тұтқынға алынғанда әйелі Гүлбану 29 жаста, ұлы Сапаржан 9 жаста, ұлы Медет 2,5 жаста, қызы Клара 1,5 жаста. Інісі Нағадым — 34 жаста, Челябіде ферросплав заводының жұмысшысы. Інілері Ғали — Риддерде инженер, Темірғали 28-де, ҚазПИ-де оқиды.

Тергеуде Ақсауыт 19-20 жылы Торғайда уездік кеңестің атқару комитетінің мүщесі, сондай-ақ, жер бөлімінің уездік қоллегиясына да мүше болғанын, осы жылдары алашордашылар Ілияс Байманов, Алмағамбет Қасымов, Тайха Құлжанов, Иманғали Қарпықов және Кәрім Тоқтабаевпен жұмыстас болғанын айтады. Алғашқы аталған төртеуі 1927 жылы Алматыға кеткен. Иманғали Қарпықов 1932 жылы қайтыс болған. Осыларды айта келе Ақсауыт әрмен қарай тергеушіге жаңа деректер, береді.

— Кәрім Тоқтабаев 1933 жылы жер аударылған. 1929 жылы кеңестің аппаратты тазарту кезінде менің алашордашы екенім, Торғайда қарулы көтеріліске қатысқаным анықталды, округтік сотта бірінші категориямен өттім. Менімен тұстас Иманғали Қарпықов, Махмуд Таухин Сейілхан Қарманов секілді алашордашылар әшкереленді.

Мен осыдан кейін өз ауылыма кетіп қалдым, онда бір жыл жұмыссыз жүрдім. Сонан соң Семиозерный аудандық атқару комитетінің төрағасы Жұмахат Қожахметовтың аудандық колхоздар одағының хатшысы жұмысына алындым. Кейіннен сол Қожахметовтың қолдауымен райаткомда хатшы болдым. Уақыт өте оның аппаратында жауапты орындаушы, статист, экономист болып қызмет атқардым.

Сұрақ:
— Ақтөбеге қалай келдің?

Жауап:
— Мені екі айдан соң өлкелік комиссия қолдауымен РИК халкомы қарулы көтеріліске қатыспады деп ақтап шықты. Мұндай кепілдікті мен Семиозер атқару комитетінде Оразалиннен алдым, бірақ алашордаға қатыстығым туралы жасырып қалдық.

Қожахметовпен 1931 жылдан бері жақсы қарым-қатынастамыз. 1932 жылы Қожахметов кету керек еді. Мен облыстық атқару комитеті төрағасы Құлшаровтың шақыруын қабыл алдым, шамамен 4 ай өткен соң Қожахметов Алматыға кетті. Сол 1932 жылы мен Ақтөбеге келдім, облсотқа бармадым, жалақысы төмен болды. Сол себепті мен облыстық тұтынушылар одағына бардым. Онда төраға Асқар Мамбетияровқа өз қызметімді ұсындым, облыстық мал өсіру совхоздары инспекциясына жауапты атқарушы болып

орналастым. Осы бөлімнің директоры Оспановпен таныспын, онымен Торғайда 1926 жылы танысқанмын. Облыстық білім беру бөлімінің нұсқаушысы Бикеевпен де таныспын, онымен осы 1937 жылы Ропповкада танысқанмын, онда жолым түсіп барғанмын.

Маған Қазақстанда ұлттық контрреволюциялық Құлымбетов басқаратын топ бар екені белгілі. Осы топқа біздің Ақтөбе облысынан Жаманмұрынов, Қожахметов, Асқаров және басқа адамдар кіреді. Мен бұл ұйымға 1936 жылы аудан қызметкері Асқар Ахметов арқылы кірдім. Менен өзге Асқаров арқылы Ыхсан Шоланов та кірді.

Өзім осы ұйымға бай алашордашы Абдрахман Наурызов, Мырзағұл Жүндібаевты, партиядан қуылған Ақай Құлниязовты (№2 ферма меңгерушісі) — Киров атындағы колхоздың басқармасы, байдың баласы Уассалам Ыбыраевты, байдың ұрпағы Мұхамеджан Ашықбаевты тарттым. Осылайша НКВД-ОГПУ өкілдерінің қолдарымем тез арада Қобдада ұлттық контрреволюциялық топ әшкерленді. Нағыз алашордашы Әбділхамид 1920 жылы өз ажалынан өлсе де, оның інісі Мырзағұл, ол таныс, не істес болған бірде бір жан осы ұйымның ұзын ажал құрығынан құтылмады. Осы 1937 жылғы істер бойынша біз танысқан құжаттар негізінде төмендегідей айыпкерлер анықталды.

Әбдірахман Сүйінғалин, Мұхамеджан Ашықбаев, Абдрахман Меңдіғалиев, Тоқтар Мұхамедияров, Молдаш Тәңірбергенов — бұл аталғандар осы Бесқопа ауыл советінің №9 ауылы — Жаңажолдан болатын. Мырзағұл Жүндібаевпен қатар онымен жұмыстас болғандар — Қобда ауданы аткомының төрағасы, хатшысы болғандар Қөпжан Бержанов пен Ғабдығазы Жолымов, Ақтөбеде облОНО инспекторы Оразтай Бекеев, облОНО меңгерушісі Үмбетияр Асқаров, Ақтөбе қаласында мұғалім Күлбайрам Қожахметова мен Ақтөбе облысы кеңесі атқару комитеті төрағасы орынбасары Жұмағат Қожахметов және көптеген адамдар ұсталып, жауапқа тартылған. Олардың көбі атылып кетті, өзгесі ұзақ жыл айдауда болды.

СІБІРГЕ ЖОЛ НЕМЕСЕ №3015 ІС

Мырзағұл Жүндібаевпен қатар 1937 жылдың 10 қыркүйекте Киров атындағы колхоздың төрағасы Уассалам Ыбыраев тұтқындалады.

Өмірде басынан кешкендерін әлдекімге не ұрпақтарына орынсыз ләм-мим деп әңгімелемеген ұстамды жан, өмірінің соңғы сәтіне шейін өзі сияқты миллиондар не үшін сотталғанын түсінбей кеткен.

Ол осы колхозды өзі құрып С.М.Кировтың атын колхозға сұратып алған. Қуғын-сүргіннің бір тарауы осы Киров өлімімен байланысты болса, осы толқын оның есімімен аталған колхоздың төрағасында да алып кетті.

№3015 іс баяндайтындай, Уассалам ұсталғанда отбасында 1938 жылы туған қарындасы Ырза, 1885 жылы туған ағасы Бақыт Ыбыраев тіркелген. Құжатқа сенсек, онымен бірге 20.IX.1937 жылы Әбдірахман Наурызов ұсталған. Оның Есмағамбетов деген екінші тегі болса керек, 1877 жылы туған. Барлық ұсталғандардың дені сияқты бай деп жазылған. Уассаламның АВ№020106 төлқұжаты тіркелген. Қотантал атты №13 ауылда 1906 жылы дүниеге келген, байдың қызына үйленген, 1928-1935 жылдары ВКП (б) қатарында болып үлгерген. Тағдыры алдын-ала анықталған мыңдағандар санында партия қатарында жоспарлы түрде шеттетілгендігінде күмән жоқ.

Істе жоғарыда аты аталған Әбдірахман Наурызовқа көп тоқталған. Ол Гурьев облысының Жыл-Қосын ауданының №2 ауылында дүниеге келген, Алашорда қозғалысына белсенді араласқан. Бестөбе болысының комитетіне мүше болған. Алашорда кезінде осы болыстың правителі болған, бұл 1919 жылға жатады. Көп жыл өткен соң Уассалам есіне алып отыратындай осы Әбдразман Наурызов Киров колхозына мұғалім болып келеді. Колхоз мүшелері аш-жалаңаш Әбдрахманның отбасына жерді үңгілеп жертөле салып береді. Оған қоса қойма меңгерушісі Ашықбаев және басқарма Уассалам осы отбасына аштан қатпасын деп 5 келі дән береді. Осы жақсылықтар соңынан барқарма мен оның орынбасарына ауыр қылмыс болып тағылды.

Жауапталушы Исаковке түбінде Уассалам Ыбыраев осы Әбдірахман Наурызов пен өзінің колхозындағы шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ашықбаев екеуі алашордашылық ұйымының мүшелері болғанын мойындаған.

13 қыркүйекте тергеуші Сайлыбаевқа да осыны қайталайды. Мұнда өзінің әкесі Ыбырай Туменев те бай болғаны айтылады. 10 жастағы інісі Қаулаттың, 1938 жылы туған Ырза Ыбыраеваның, 1895 жылы туған ағасы Бақыттың есімдері аталған. Байдың қызын алып (баймен қарым-қатынас), 1935 жылы осы қылығы үшін партия құжаттарын алмастыру кезінде партия қатарынан қуылғандығы айтылған.

Тергеу қорытындысы бойынша Уассалам Ыбыраев 10 жылға бостандығынан айырылып, айдауға кетті.

Уәссаламға екі атадан қосылатын Қобда ауылының тұрғыны Досмұрат Тынымгереев кейіпкеріміздің ата-тегін төмендегідей өрбітеді. Бұл әңгіменің Уәссаламға байланысты тарауын Нұржамал апамыз қайтыс болардан аз-ақ бұрын әңгімелесе керек. Сөйтіп, Қыдырүмбеттен Бөрге, оның 4 баласының екеуі Байсары мен Көшенектің ұрпақтары Қобдада кеңінен тараған. Олар негізінен қазіргі Қотанталда мекен тепкен. Біз осының Байсарысынан өрбиміз дейді Досмұрат. Байсарыдан Жолкелді онан жоғарыда аты аталған бай-Түмен тарайды. Түменнен Ыбырай туған. Ыбырайдан Бақыт, Уәссалам және Тынымгерей туады. Енді Жылкелдінің тағы бір ұлы Әбілден Қондыбай, онан Мұрат пен Досмұрат өмірге келген. Түрлі себептермен қазақы дәстүр бойынша Бақыт пен Уәссаламның туысы Тынымгерей Досмұратты асырап алып, тәрбиелеп өсірген. Менің фамилиям Тынымгерей болғанмен Әділханға туыс болып келетінім осы себептерден деп аяқтады сөзін Досмұрат.

Әсіресе, Ақтөбеге жеткізіп тергеуші жендеттердің көрсеткен қорлығы Уәссаламның жанына қатты батты. Қатты соққыдан оның 4 алдыңғы тістері жерге сылдырлап түсті. ОГПУ-дың абақтысында жалғыз адам тек түрегелеп тұратын орын болған. Ал жабылатын есікке өткір пышақтар қадаулы тұрған болатын. Осы тамұқтағы адам сәл қимылдауға мүмкіндігі жоқ. Таң ата жаңағы пышағы бар есікті ашып қалғанда жауапкер еденге сұлқ түседі екен. – осындай қинаулардан кейін қандай да болсын қағаздың астына қол қоясың, – деп әңгімелейтін өткенді еске алып, Уәссалам ұлы Әділханға.

Біз, сотталғандарды Краснояр өлкесіндегі Канскі станциясына түсіріп 6 қатардан колоннаға тізіп, қылмысымызды өтейтін жерге айдағанда, деп есіне алатын әкесі, 2-3 шақымдай жүріп қыраттан артымызға көз салсам, колоннаның соңы әлі станциядан шығып үлгермеген екен.

Бізді Сібірде орманнан ағаш тіліп, оны үздіруге қосты, бір-бірлеп өзенге бөрене тастағанда өзеннің бетін жауып кетеді екен. Біз 10 адам сол өзеннің бойымен осы ағаштардың жүзуін бақылаймыз. Артымызда бір конвой. Кейде жағалауға бір бөрене кептеліп қалса, соңғылары оның үстіне шығып тау болып үйіліп қалады. Сол түпкі бөренені жылжытып, жұмысты әрі қарай жүргізу кезекпен жүргізіледі. Енді сол ең түбіндегі жалғыз бөренені қозғап жібергенде оның үстіндегі ағаштар көзді ашып жұмғанша үстіме құлайтыны тағы бар. Осы қағымда үлгерсең, тірі қаласың және сенің кезегің 10 кісіден кейін қойылады. Ал ағаштардың астында қалған қаза тапқан адамға бас киімімізді шешіп, еске аламыз да жұмысты әрі қарай жүргіземіз.

Біз жүздірген ағаштар Диксон станциясына шейін барып, онан әрі кеме немесе поездарға тиелінетін.

Қайда болса да адамдар көзқарастары, мүмкіндіктеріне сай топ болып жүреді. Біздің де тобымызда он жақты адам болды. Тұтқындардың қолынан келмейтіні жоқ. Өткір пышақ немесе шағын найза дайындау шебердің қолымен жасалуға түкке де тұрмайтын. Бұл құралдар, әсіресе қыста аюға, аңға шыққанда таптырмайтын дүние. Қардың астында ұйықтап жатқан аюдың буы шығып жатқасын оның орнын дәл табатынбыз-ды. Ол ұйықтап жатса да, қарды аршып, оған жақындағанда оқыс қимылдап тырнақтарымен ауа тарпиды. Оның тырнақтары тиген адам сол жерде мерт болады. Дегенмен барлығы ойдан шығып, сол біздің топ аюды соғып алсақ, оның еті бір қысқа түгел жетіп көктемге де қалатын.

Осы азапты он жылдың соңғы сағатына шейін өтеп, 1947 жылы туған өлкеге келіп, Сарбұлақта жылқышы болады.

Бір зұлматтың аяғы екінші зұлматтың басы болатын. Осы кезде Сталин тұтқындар арасында «жеті де сегіз» деп аталып кеткен 7 тамыздағы жарлығын шығарады. Онда кімде-кім 10 жыл түрмеде отырып келсе, енді тергеусіз-ақ қайтадан осынша жылға қайта жөнелту керек еді.

Сөйтіп Уассаламның сонау Сібірге, Енисей өзені жағасына екінші сапары басталды.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика