25 қазан – Республика күні

25 октября 2016

f96e3d69-6151-4901-915f-f144a9b4ac1c_cx0_cy1_cw0_w987_r1_s_r1Бүгін Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланғанына 26 жыл. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Ел егемендігін алған соң, көрші мемлекеттер Қазақстанның тәуелсіз ел болатындығына сенді. Түркі халықтары асыға күтті.

Егемендік туралы декларацияның қабылдануымен қазақ даласының шекарасы айқындалып, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады.

Әуелде ақ патшаның кейін қызылдар империясының темір шеңгелін көрген қазақ халқы бұл күнді асыға күткен болатын. Егемендіктің жариялануы тәуелсіздік алумен пара-пар оқиға болды. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи отандарына қайтар сәтті асыға күтті. Жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. Сондықтан да 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған болатын. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер деп танылған. Әрі саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам ғана болған-мыс.

Қалай десек те, бұл күннің тарих үшін айтарлықтай маңызы бар. Осы құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің нығайуына себеп болды. Бұл күн ресми мерекелер қатарынан шығып қалса да, халық жадынан өшпеуі керек.


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика