«Петр ұйымдастырған…». Әйгілі ғалым «Ақтабанды шұбырынды» туралы ащы ақиқатты айтты

13 мая 2019

Жылағың келеді оқып отырып. Мүмкін емес деуге аузың бармайды!

«Ал Әбілқайырдың Ресейге жазған тарихи хатының түп мағынасын орыстар бұрмалап жіберген» дейді Самат Өтениязов. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде өткенге қатысты өткір пікір білдірген тарихшының сұхбатын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Ханда билік болған жоқ

Соңғы екі мың жылдықта Қазақ мемлекеті ең демократиялы ел болды. Адамзат қоғамының ең үлкен жетістігі демократиялы қоғам құру болса, сол жетістік көне Грекия мен көне Римде, ал, орта ғасырда тек Қазақ мемлекетінде ғана болды.
Осындай ерекше біртұтас халықты «ұлт болып ұйыспаған халық, əлі ру-руға бөлініп жүрген халық» деп айтқаны үшін тарихшы Юдин жетпісінші жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих институтынан жұмыстан шығарылған еді.

Оны қуған сол кездегі институт директоры, академик А.Нүсіпбеков болатын. Ондай ауру сөзді айтып, өзіне ұпай жинайтындар қазір де ұшырасып қалады.

Қазақ хандығы құқықтық мемлекет және ең демократиялы мемлекет болды. Себебі, хан билігі шектеулі еді. Ханның өзін рубасылар мен билер сайлайтын. Қазақта қырық үш ру болса, оның әрқайсысын рубасы, белгілі би басқарды.
Хан рубасыларының келісімінсіз ештеңе шеше алмайтын.

Сайланар адам қолбасшы бола ала ма?
Қолбасшы бола алатын адам ғана хан болып сайлана алды. Ханда әскер де жоқ. Әскер рубасыларда, билерде. Ханға қаржыны, алым-салықты да рубасылар жинап береді.

Демек, Қазақ мемлекетінің ханы түгелдей билер институтына тəуелді болды.

Осы күнгі Қазақстан Республикасында əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды оқытуда қордаланған проблема, соның ішінде Қазақстан тарихын оқытудың проблемалары өте көп. Осы пəнді оқытуға өкіметіміз мол қаржы бөліп келе жатыр. Алайда, одан оның проблемасы шешілген жоқ…

Біздің кемшілік неде?
Егеменді ел болғанымызға 27 жыл толса да, етек-жеңімізді жинап еркін өмір сүріп жатсақ та, көптеген академиктеріміз бен докторларымыз болса да, ғылым мен білім саласында, әсіресе, тарих ғылымында тек ХVІ – ХVІІІ ғасырлардағы тарихымыздың өзінде əлі күнге дейін шешімін таппаған проблемалар бар.

Бірінші, Қазақ хандығының басқару жүйесі жəне билер институты, ондағы ел басқару жүйесінің асқан демократиялы болуы, хан мен билердің орны мен қызметі осы уақытқа дейін студенттер мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда ашып көрсетілмейді.

Екінші, қазақ-қырғыз қатынастары мәселесі де ерекше үңілуді қажет етеді. Қырғыздар 150 жылдан аса уақыт қазақ мемлекетінің құрамында болды. Есім хан оларды Көкім би арқылы, Тəуке хан Тиес би арқылы биледі.

Үшінші, орыс-қазақ қатынастары негізінен қырғын соғыстардан, яғни қазақ елінің ұлт-азаттық көтерілістерінен тұрады. Оларды қысқаша былай жіктеуге болады:

ХVІ ғасырдың соңында Қазақ хандығының солтүстік шекараларына Ресейдің басынан бақайшағына дейін қаруланған казак әскери топтарының шабуылдары.

Қазақ-жоңғар қатынастары. Жоңғар шапқыншылығының басталуы. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының алғышарттары.

«Ақтабан шұбырынды» оқиғасының ақиқи тарихы.
І Петрдің «ақтабан шұбырынды» оқиғасына тікелей қатыстылығы және т.б.
Қазақ елін түбегейлі жойылудан құтқарып қалған Əбілқайыр ханның тарихи тұлғасы.
Əбілқайыр ханның орыс патшасына жазған тарихи хатының дəл аудармасы мен мазмұны…
Қазақ-башқұрт қатынастары.

Ақиқатын айтайын
Ресей мен Қытай секілді екі үлкен империяның ортасындағы осындай мемлекетті ыдыратып құлатқан Ресей империясы екені əлі күнге дейін ашық айтылмайды.
Оның есесіне әлдеқашан сүйегі қурап кеткен (1756 жыл) жоңғарды ғана айтамыз.

Бұл күндері қазақ елі кино түсірсе де, бірдеңе жазса да жоңғарды, одан қалса 1771 жылдан соң бас көтермеген Еділ бойындағы қалмақты айтып, әруағын шулатады да, сол кездегі Ресей билігінің жасаған қиянаты туралы жақ ашпайды. Шындық айтылмайтын болса тарихты жазып неге керек?!

Ресей империясы Қазақ еліне алғашқы қарулы шабуылын 1580 жылдары Жайық бойындағы əсем қала Сарайшықты қиратып, тонаудан бастады.

Көп ұзамай, 1588 жылы «қазақ ордасының ханзадасы» (орыс жылнамаларында осылай жазылған), қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхамедті тұтқындап, Мəскеуге алып кетті.

Осынау 1580-1730 жылдардағы орыс пен қазақ арасындағы қырғын соғысты белгілі зерттеуші М.Əбдіров өзінің «История казачества Казахстана» деген күрделі еңбегінде: «…С конца XVI – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся 150 лет, казахско-казачья война. …Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивших право на мирную жизнь на древней, исконно своей территории…» деп жан-жақты сипаттаған.

Қазақ еліне толассыз шабуыл жасаған орыс-казактардың жауыздығы мен зұлымдығы туралы орыс тарихшылары да көптеп жазды.

Мысалы, А. Рябинин: «…У яицких казаков был один смертельный враг – это киргизы (т.е. казахи). Они были враги неутомимые, настойчивые, не знавшие ни страха, ни усталости. Яицкие казаки вели против них войну настоящую и ожесточенную» («Уральское казачье войско») деп жазса,
А.Карпов «Уральцы» деген кітабында:
«…Раз это киргиз – то враг, заклятый враг и все, что носило на себе киргизский облик, все уничтожалось, билось казаками на смерть, целые аулы, старцы, жены – все истреблялось; убивались дети и грудные младенцы, – «вырастут – укусят!» говорили казаки и поднимали их на копья» деп, жауыздық пен қатыгездіктің неше түрін көрсетіп, қаншама қазақ ауылдарын аямай түгелдей қырып жібергенін баяндайды…

1692 жылы Ресей билігіне І Петр келген соң орыс əскерлерінің Қазақ жеріне жаңа қарқынды шабуылдары басталды.

І Петрдің тұсында қаруы күшті казак отрядтары мен қалмақтарға қазақ елінің есесі кете бастады. Себебі, Еуропаның жаңа отты қаруына қол жеткізе алмады…

Әбілқайыр…
Енді Əбілқайырдың қазақ елін Ресей басқыншыларынан жарты ғасырға жуық қорғаған ерліктеріне қысқаша тоқталайық.

Əбілқайыр 1707-1709 жылдары башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне 3 мың сарбазбен барып көмек көрсеткен. 150 жылдан бері Ресей қол астында болған башқұрттар оны өз еліне хан сайламақшы болғанда, 1709 жылы күзде қазақ билері шақыртып алып, Кіші жүзге хан сайлайды. Əбілқайыр кеткен соң башқұрт көтерілісі жеңіліс табады.

Кіші жүзге хан болған соң Əбілқайыр Ресеймен күресті жақсы ұйымдастыра білді.

І Петр қазақ елін түгелдей жаулап алуды ұйғарады. Жоңғарларды артиллериямен қаруландырып жəне оларға жаңа қаруды үйретуге капитан И.Унковскийді жібереді. 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. Батыстан қалмақ əскерлері шабуыл жасауға дайындалады.

Жоңғарлар Түркістанға дейінгі жерді түгел басып алады. Алайда, Аюке бастаған батыстағы қалмақ қолын Əбілқайыр əскерлері қайтып қазаққа қарсы бас көтермейтіндей етіп жеңді. Шайқастардың бірінде Аюкенің өзі де өлді.

1723 – 1724 жылдары Теке (қазіргі Орал) қаласына бірнеше рет шабуылдаған Әбілқайыр, И.Тимофеев, И.Логинов, Н.Бородин бастаған казак-орыс отрядтарын көп шығынға ұшыратады. Орыстар жағынан 170 адам қаза тапты, көп адамы жаралы болды, көптеген жауынгерлері тұтқынға түсті… 1725 жылы екі жақ тұтқындар алмастырады.

«Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Əбілқайырдың осы бір жанқиярлық ерлігінің арқасында Кіші жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды» апатына ұшырамады.

«Бізге орыс-қазақ қатынасын қайта қарамай болмайды». Бұл сөзді ең алғаш марқұм Жанұзақ Қасымбаев айтып еді.

Кейінірек Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға жазған хатының мәтінінің шынайы мән-мағынасы белгілі болған кезде Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаев та айтты ол сөзді.

М.Қозыбаевты «Əбілқайыр Ресейге қарсы 48 жыл бойы соғысып, қалайша бодан болуға өтініш жазды екен…» деп күдіктенген Ж.Қасымбаев та қостаған болатын. 2001 жылы Əбілқайырдың тарихи хатының түпнұсқасы табылуы төбеден жай түскендей əсер етті.

Біз осы уақытқа дейін оның орысша аудармасын пайдаланып келіппіз. Сол орысша аудармасы талай ұрпақты жаңылыстырып келген еді.

Ақыры шындыққа қол жеткіздік. 2001 жылы «Абай» журналының 2-санында А.Исиннің «Әбілқайырдың хатын қалай оқыған дұрыс?» деген мақаласын оқыған жұрт сол тарихи хатта «бодандық» туралы бір сөз жоқ екенін көріп, қатты таң қалды. Əттең, Əбілқайыр хан тарихын қайта қарайтын ғылыми конференция өткіземіз деп жүргенде М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев қайтыс болып кетті де, игі іс аяқсыз қалды…

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика