ЖАС АСАБАНЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР

4 октября 2018

Осы мақаланы жазбас бұрын көп ойландым. Айтуым керек пе? Жоқ па?
Айтсам аға буынның көмейіне кесек, көзіне сүйел болып  қалмаймын ба? Әлде, ішімдегіні тұншықтырып, өтірік жымиып, өз-өзімнен жиіркеніп жүре беремін бе? Қайтпек керек?!
Әлгі, критик ағам қайда? Қит етсе сойып салушы еді ғой?! Ішкі саясат оны да тұншықтырып тастады ма? Жә! Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ! Мен айтайын. Менімен қоса біраз жігіт сөйлеп қалсын.

«Той – тәрбие құралы»! Осындай тақырыппен жиын өтті. Қарағандыда. Той саласында жүрген азаматтардың басым бөлігін қамтыған жиында не айтылды?

Тәрбие сағаты не берді?

ЕШТЕҢЕ! Нөл! Көрсеткіш те, берген тәрбие де – нөл!

Екі асабаның басы қосылған жере ортаға салынатын, айтыла-айтыла әбден жауыр болып кеткен, бірақ қаншалықты тырыссаң да өзгермейтін дүниелер аға буынның аузымен айтылды демесең таңырқай қол соғып, таңқала тындарлық ештеңе де болмады. Болмайды да…

Жиында кім сөйледі?

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Қойлыбай Асанов

Филология ғылымдарының докторы — Жансая Жарылғапов

Кеншілер мәдениет сарайының директоры — Жаролла Ақышев

«Той» журналының бас редакторы — Қуаныш Сейтжанов

Айтыскер — ақын — Тілеген Әділов

Бір сөзбен айтқанда АСАБАЛАР. Демек, менің әріптестерім. Иә, аға буын. Иә, өзіндік соқпағын салып үлгерген буын. Бірақ, әріптестерім. Әлі той басқарып жүрген ағаларым. Бір рингтің ішінде жүрген қарсыласым.

Ол кісілер не дейді?

«Тобығы көрініп жүретіндей қысқа «нәски» кимеңдер»-дейді.

Қандай киім киетіні – әркімнің өз ісі. Заман ағымынан қалмау керек. Заманауи, этикалық тұрғыдан әлем мойындаған үлгіде киінемін. Мені тойдағы халықтың 70 пайызы түсініп, тіпті, сүйсініп те отырады. Өйткені біз жастар көп жиналатын ортаның тойын басқарамыз. 80-90 жас тойлары аз түседі бізге. Неге екен? Тобығым көрініп жүргендіктен емес шығар, әлде…

«Бишілер күніне бес той алмаңдар»-дейді.

Құлқынға ие бола алмай, әлі күнге дейін той басқарып жүрген ағалар «той алмау» туралы айтпаса керек!

«Бір ойынды қайта-қайта ойната бермеңдер» — дейді.

«Менің атым тоқтады, сен де тоқта» — деген, болмайды. Сіз ойын ойнатпасаңыз ол сіздің шаруа. Тура солай, ойнататыным яки ойнатпайтыным  менің шаруам. Ал, жауыр ойын мәселесіне келсек — бір асаба жаңа ойын әкелсе, бір айдың ішінде 40 жігіт жабылып жауыр қылып жібереміз. Ойындар көп. Нейтралды ойындар аз. Ал, қазақы тойларда әдеп сақтау үшін сол нейтралды ойындарды қайта-қайта ойната береміз.

«Арзан әзілге бармаңдар» -дейді.

Халық не сұрайды соны беріп-ақ жүрміз. Шоу сұрайды. Билеу үшін жын-ойнақ әндердің қойылуын сұрайды. Сол үшін ақшасын төлейді. Айып кімде? Телеарнадан күні бойы көретіні сол арзан әзіл емес пе? Көргенін сұрау — сұраушының кінәсі емес. Әзілдің салмағын асабаға емес, сан түрлі театрдың жетекшілері мен актерлеріне айтқан ләзім. Халықтың талғамын дұрыстау үшін — әуелі телеарнаны дұрыстау керек!

P.S.

1 Бір рингтің ішінде жұдырықтасып жүрген боксшыларда «ерте келген, кеш келген»-деген ұғым жоқ. Өнерде де солай. Рингта да, өнерде де «мықты»-деген ғана ұғым бар. Ал, кім мықты — жас мықты. Бокста болсын, өнерде болсын жалындап тұрған жас мықты. Той – тәрбие құралына айналсын десеңіздер қадірді қашырып тізгінді бермей қойғанша, сырт көз бақылаушы болып, бағдар беріп отырмақ керек.

2 Бәлен жыл боданда болғанда ұмытылмаған салт-дәстүр, бейбіт күнде ұмытыла қоймасы анық. Талдың жақсы жеміс беруі үшін топырағын қопсытатыны іспетті, он жылда жастарымыз саналы да сапалы болып қалыптасуы үшін қоғам бүгін жаңғыру керек. Жаңғыруды мен түсіндірмей-ақ қояйын.

Қазақ ертеңінің қамын жеп, қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, қазақы болмысты қайта жаңғыртқыңыз келсе, тойда асаба сауатты сөз айтып, қара сөзімен жұртты ұйытып отырсын десеңіздер, осы мәселе сіздердің тыныштықтарыңызды алып, титықтатып бітсе ЖАС АСАБАЛАРҒА арнап сценарий жазып беріңіздер. Тегін емес, әрине.

«Балық басынан шіриді»-дейді, халық. Балықтың басы сіздер емес пе едіңіздер?!

Сұлтан Мұстафин


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика