Бақыт Шот: Сақтай көр оны…

18 Маусым 2018

Бақыт Шот 1997 жылы 9-мамырда Жаңаарқа ауданы Қараағаш ауылында дүниеге келген. Қарағанды «Болашақ» академиясының түлегі. ҚР Тұңғыш президенті күніне арналған V Республикалық «Мен жастарға сенемін!» студент-жастар форумының «Шабыт» сыйлығы иегері.Өлеңдері «Өр рухты жастар» кітап жинағында жарық көрген. 

 

 

 

 

Жанерке қыз!
Өмір қатал,
ал біз оған əлі еркеміз…
Кейбіреудің көктемдері көкке кетіп,
Кейбіреуге келеді екен
Сəл ерте күз.

Күйбеңдегі пысқырмайтын шаруаңа,
Сұм ажалдан мүмкін бе еді қалу ада?!
Кеше ғана қоңыр күзін қарсы алғанда,
Қоштасуға үлгермеп еді
Алуа да…

Иə, ерке! Кім ұғынар басқа салмай,
Қас та сондай, бұ жалғанда дос та сондай!
Дөңгеленіп өтерміз бе дүниеден,
Бір-ақ сəтте, ол сияқты
қоштаса алмай…?!

Дұға

Тайқыдым талай балаң-ды шақта,
Соңына қойып санамды сапта.
Кесірімді оған тигізе көрме,
Я, Раббым жалғыз анамды сақта!

Жалғанда жалғыз шамаң мықты Аллам!
Анамды сақта жамандықтардан.
Əппақ жүректі асыл анамның
Ақ сүтін ақтау –
маған мықты арман!

Құр қалсам-дағы бар атақтардан,
Анама жар бол шарапатты Аллам!
Шипаңды бер де, сақтай гөр оны
Рухани, тəни жарақаттардан!

Жебеуші де Аллам, Қорғаушы да Аллам!
Үміттімізді жалғаушы да Аллам!
Пендеден жəне жындардан болған,
Сақтай гөр оны арбаушылардан!

Əлемге нұрын таратқан ием,
Басымды алдыңда əр ақ тан ием!
«Балама жар бол! » – деп тілеп жүрген
Анамды сақта жаратқан ием!


Лебіз

Сенің қоңыр көздеріңе мұң аралас сыр тұнған,
Қар дидарың мейірімді күн нұрынан құлпырған.
Толқын-толқын шаштарыңды тарап берген самал жел,
Талай жұлдыз құлап кетті ғашық болып сыртыңнан.

Талай-талай сабаз саздан кесе болып жаралған,
Ерініңнен сүйіп қалу болғаннан соң бар арман.
Қаңсатуға қасқырларың қыңсылаған дəт жетпей,
Сенің қандай айырмаң бар ерке ойнаған маралдан ?!

Қос орындық

Көкжиекке күн қызарып батқанда,
Кешкі самал көшелерді кезгенде
Сезім толқып, жүрек тыным тапқан ба? !
Саған қарай есетінмін, тез мен де.

Махаббатқа жаным мұнша шөлдер ме? !
Жер есте ме мен өзіңді тосатын?
Қос ғашықтай қос орындық сол жерде
Толқыныма толқын əкеп қосатын…

Мен өзіңді ұқсатушы ем көктемге
Кешіксең де күлімсіреп келесің.
Бүгін тағы аңсар ауып өткенге
Келіп тұрмын, күледі тек елесің…

Ал, «қос ғашық» бір-бірінен көз алмай,
Əлі күн тұр бір-біріне үзігіп.
Əзер тұрмын жоқтығыңа төзе алмай,
Орындықтар тағдырына қызығып…


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика