1989 жылғы Қарағанды кеншілерінің ереуілі

2 Желтоқсан 2016

«Біз ендігі сөзімізді не Горбачевке, не Назарбаевқа ғана айтамыз!”

Бұл – 1989 жылғы Қарағанды кеншілерінің ереуілдегі талабы. Тарихта қалған бұл оқиға – сол кездегі ер мен елдің тағдырын таразыға тартқан тұс. 1989 жылдың 20-22 шілдесінде ешбір құзырлы орынның сөзіне тоқтамаған 15 мыңнан астам қарағандылық кеншілердің толқуын басып, уәжге мойынсұтып, кеншілердің арызын табанды түрде Мәскеуге мойындату сол кезде тек – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғана қолынан келгенін айтады көзкөргендер. Қазір жиырма жеті жыл өткенде ойлайсыз. «Сол сәтте кеншілердің үмітін ақтар Н.Назарбаев болмаса, бұл ереуілдің ақыры немен тынар еді?» деп. Неде болса, сындарлы сағатта сыналған сол мезетте-ақ тастай бекініп, Қазақ өз тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тапсырған еді іштей.

Қарағандыдағы кеншілер көтерілісі
Біз ол кезді көрген жоқпыз. Естігеніміз болмаса. Кейінгі жазбалардан оқығанымыз болмаса. Ендеше, сол тарихи жазбаларға жүгінеміз.
«Тентек», «Долинка», КСРО-ның 50 жылдығы, «Абай» шахталарының жұмысшылары 20 шілдеде жұмысты тоқтатып, еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеуді жегілдіру, тұрмыс пен демалыс жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар талап қойды. Ертеңіне ереуіл Қарағанды көмір бассейнінің барлық шахталарына тарады. Қарағанды, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының көшелерінде көп адам қатысқан митингілер өтті. Ереуілдің негізгі себептері – КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігі, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі тарапынан қалалар мен жұмысшы поселкелері еңбекшілерінің әлеуметтік мұқтаждарын елемеуі, Қарағанды бассейнін дамыту жөніндегі партия мен үкімет шешімдерінің үнемі орындалмауы, шаруашылық реформасының баяу жүзеге асырылуы. Ереуіл кезінде қалалық, облыстық ереуіл комитеттері (кейін жұмысшы комитеттері) құрылып, олар кеншілердің негізгі талаптарын ұсынды.
«…. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.И.Локотунин осы қызметке Мәскеуден КПСС Орталық Комитетінің аппаратынан екі жыл бұрын келген еді. Ол сөз алып, мінберге көтерілгенде, оған бастырмалатып сұрақты жаудырды. Жауап беруге мұршасын келтірместен: “Сырттан келген адамсың, шахтерлердің жағдайын білмейсің, білгің келмейді, тау-кен жұмысшыларымен кездеспейсің, сөйлеспейсің, кеңсеңнен шықпайсың”, деп тұқыртып, сөйлетпей тастады. “Бүгін Мәскеуден көмір өнеркәсібі министрі М.Щадов келе жатыр” деген ақпарат оларды тіпті өршелендіріп жіберді. “Ол министр тек біздің көмір өндіруімізді ғана біледі. Оның бізге қажеті жоқ. Ол осы уақытқа дейін өзінің істеуге міндетті жұмысын атқарған жоқ. Сондықтан, біз ендігі сөзімізді тек не Горбачевке, не Назарбаевқа ғана айтамыз”, деген түйінді талаптарын қойды. Ереуілшілермен диалог орнату оңайға түспеді.
Нұрсұлтан Назарбаев та Мәскеуде болатын. Ереуіл туралы хабар алысымен ол Мәскеуде М.Горбачевпен, Үкімет басшысы Н.Рыжковпен, тағы басқа көмір өнеркәсібіне байланысты жауапты, лауазымды қызметкерлермен кездесулер өткізіп, Қарағанды шахтерлерінің еңбегі мен әлеуметтік тұрмысына қажет мәселелердің жуық арада және алдағы кезеңдерде мемлекет тарапынан атқарылар істер төңірегінде келіссөздер жүргізіп, түс ауа тікелей Қарағандыға ұшып келді. Әуежайдан бірден алаңға келіп, ереуілшілердің шетіне тоқтағанда шахтерлер дереу бойларын жиып, тұрған жерлерінде қақ айырылып, дәліз жасап, Бірінші хатшының қауіпсіздігін өз жауапкершіліктеріне алып, оны мінберге дейін қоршап, алақанға салғандай жеткізді.
Нұрсұлтан Әбішұлы микрофонға жақындағанда алаңда тыныштық орнады:
– Құрметті шахтерлер! Құрметті жерлестерім! – деп алаңдағы қалың елді жіті көзімен бір шолып алды да, адамға сенім ұялатар қою анық үнімен төгіліп сөйлеп берді. – Мен сіздердің ереуілге шыққандарыңыз туралы хабар алысымен Мәскеуде осыған байланысты бірнеше маңызды кездесулер өткіздім. Мәскеудегі жоғары лауазымды жауапты қызметкерлер сіздердің бұл қадамдарыңызға түсіністікпен қарап отыр. Өйткені, сіздер көтеріп отырған мәселелер бір күнде, немесе бүгін ғана пайда болған жоқ. Олардың негізгі дені көптен айтылып келеді. Мен оның бәрін жақсы білемін. Мен сіздердің орталарыңнан шықтым. Сондықтан да, олардың ойдағыдай шешілуіне бар мүмкіндігімді, күш-жігерімді саламын. Барлығы да сіздер қоятын талаптарды мұқият қарап, сараптап, қысқа мерзімде жауап беруге, нақты шаралар қолданып, проблемаларды шешуге тырысатындықтарын айтып жатыр. Қалайда сіздердің әлеуметтік-экономикалық жағдайларыңызды жақсартуға бетбұрыс жасалуы тиіс.
Мен жаңа қызметке сайланғаныма әлі бір ай да болған жоқ. Оның жартысын республика мәселелерін шешу мақсатында Мәскеуде өткізуге тура келді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, оның үстіне Одақта толып жатқан күрделі мәселелер тұр. Орталықта кеңес те, жиналыс та көп. Қазір бүкіл Кеңес Одағының кеңістігінде экономикалық дағдарыс дендеп тұр. Саяси-қоғамдық қайшылықтар да қанат жайып келеді. Басқарушы Компартияның қоғамдағы орны туралы пікірталас күннен-күнге жаңа мазмұн алуда. КСРО-ның халықаралық жағдайы да тұрақты емес, – дей келіп, әрі қарай сөзін алаңдағыларды етене тұта жалғастырды. – Сендердің ереуілдерің уақыттың күтпейтінін көрсетті. Кеншілер барлық өнеркәсіп салаларының хал-ахуалын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға шұғыл бет бұруға республика Үкіметі, бәріміз алдымен мүдделіміз, – деп алаңды толық меңгеріп алды…» деп жазады Қуаныш Сұлтанов.
Көз көргендердің айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін шахтерлер сілтідей тынып тыңдаған. Сөзінің соңында өздері таңдап сайлайтын жұмыс тобын құруға ұсыныс жасаған. Сол өкілдермен бірге, Мәскеуден келген Орталық билік органдарының лауазымды адамдарымен бірге, Қазақстан Үкіметінің қатынасуымен арнайы беделді комиссия құрып, кеншілердің талаптарын іріктеп, оны орындау шараларын дайындау қажеттігі туралы ұсынысын ереуілші шахтерлер қызу қолдаған. Сөйтіп, үкіметтік комиссия мен белгіленген бірлескен жұмыс тобы айтылған құжаттарды дайындау үшін “Қарағандыкөмір” бірлестігінің ғимаратында директордың кеңсесінде жұмысқа кіріскен екен. Бұл жұмыс кешкі 17-сағаттан аса басталып, түнімен көз ілместен, таңғы 6-ға дейін жалғасқан. Осы талқылау барысында Н.Назарбаев кеншілердің еңбегін ежіктеп түсіндіріп, Мәскеуден келгендердің мысын басқан көрінеді. Ал, таңғы 6 сағат 15 минутта кеншілер алдына Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыстың қорытындысын өзі баяндап берген екен бір сағат бойы. Ереуілшілер кірпік қақпай қадағалап, құлақ қоя тыңдап, соңында қанағаттанатындықтарын жеткізген-ді. Сонда кеншілер қауымы бірінші хатшыға “Сіздің бастайтын реформаларыңызды кеншілер қауымы ұйымшылдықпен қолдайды! Сіздің атқарған жұмысыңызға ризашылығымызды білдіріп, үмітпен тараймыз” – десіп, үлкен сенім артты» дейді жазбалар.
Сондағы ереуілшілердің 47 пункттен тұратын талаптары Облыстық ереуіл комитеті мен Қазақстан КП ОК-нің, СССР Министрлер Советінің, СССР Көмір өнеркәсібі министрлігінің және ВЦСПС-тің комиссиясы арасындағы келісілген шаралардың хаттамасында көрініс тапқан екен. Кейбір талаптар дереу орындалды, ал өзгелерінің орындалысы ауық-ауық қаралып, нәтижесі облыстық баспасөзде жарияланып отырған. Сөйтіп, СССР Министрлер Советінің 1989 жылдың 3 тамызындағы №608 қаулысымен, т. б. шешімдермен 1989 жылдың қазан айына дейін талаптардың жұмыс ерекшелігіне байланысты қосымша ақы төлеу, 30% белдеуік коэффициент белгілеу, басқару аппаратын қысқарту, жоспардан тыс пайданың 70%-ын кәсіпорын қарамағына қалдыру, медициналық қызметті жақсарту жөніндегі шахтерлердің барлық 25 талабы орындалды. Осының түп-төркінінде – Н.Назарбаевтың ерен еңбегі барын бүгінде бүтін ел мойындайды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
«Орталық Қазақстан» газеті


Бөлісіңіз:


Qasym.kz - © 2017 ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика